"Үйдің кіші келіні алады": келіндер табаққа не үшін сәлем салады
Жарияланған күні:
Қазақ салт-дәстүрге бай халық десек, келіннің табақ алған кезде сәлем салуы да ертеден келе жатқан, астарында терең мән жатқан дәстүрлердің бірі. Келіндердің табақ алған кезде сәлем салуының астарында қандай мағына жатқанын және қандай жағдайда келін дастарханнан табақ алған кезде сәлем салмайтынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
- Табаққа сәлем салу – келіннің дастарханнан табақ алған кезде иіліп сәлем салып, үлкендерге құрмет көрсетуі. Бұл дәстүрдің астарында терең мағына жатыр.
- Зейнеп Ахметованың айтуынша, келін тек өзінен үлкендерге сәлем салады, ал күйеуінен жасы кішіге сәлем салмайды. Сонымен қатар, келін қонаққа келген әкесінің алдындағы табақты алып, сәлем салмайды.
- Этнограф Досымбек Қатранның пікірінше, келіннің сәлем салуы сыйластық ортаны қалыптастырып, субординацияның сақталуына жетелейді. Ал Зейнеп Ахметова келіннің екі жағдайда - аяғы ауыр кезінде және күйеуі қайтыс болған жағдайда - сәлем салудан босатылатынын айтады.
Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" еңбегінде: "Жаңа келген жас келінді күйеу жігіттің екі жеңгесі, яғни бұдан бұрын түскен осы әулеттің келіндері екі жағынан қолтықтап, қайын ата шаңырағының табалдырығынан оң аяқпен аттатып, үш қайтара сәлем салғызады. Содан кейін халқымыздың өміршең дәстүрі – "беташар" басталады. Сол күннен бастап жас келін күйеуінен жасы ілгерілердің бәріне оң қолымен оң тізесін басып, иіліп сәлем ететін болған. Жұбайынан жасы кішіге келін сәлем салмайды", - деп ақ босағаны жаңа аттаған келіннің алғаш түскендегі сәлем салу әдебін түсіндіріп береді.
Негізінен келіннің сәлем салуы амандасу тәсілі ретінде қабылданады. Ал табаққа сәлем салу, Зейнеп Ахметованың түсіндіруінше, ізет-құрмет ретінде көрініс беретін түрі.
"Үлкен кісілерге шай құйып, қызмет жасап отырған жас келінге қариялар дастарқандағы дәмдерден кесеге салып ұсынады. Келін орнынан тұрып, өзіне көрсетілген мейірімге ризашылығын білдіріп, сәлем етеді. Үлкендер: "Құдай маңдайыңа берсін!", "Басыңа бақ берсін!", "Үбірлі-шүбірлі бол!" деп баталарын бағыштайды", - дейді жазушы.
Табаққа сәлем салу – ет желініп болған соң дастарқан басында отырған үлкен адам табақты келінге ұсынған кезде келіннің иіліп сәлем салып барып табақты алуы, деп түсіндіріледі Ernur.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалада.
Табақты берген кісі келінге бата беріп, ризашылығын білдіреді.
"Әр өңірдің салтында біршама өзгерістер болғанымен, бұл салттың түпнұсқасы, негізгі мағынасы бір", - деп жазады мақала авторы.
Кей өңірлерде ет желініп болғаннан кейін бірден үлкен кісілер келінге табақты ұсынып, сәлемін қабыл алғаннан кейін ғана бата береді. Ал кей өңірлерде ас қайырып, бата жасалғаннан кейін дастархандағы табақты алуға рұқсат етіледі.
Сөз басында "табаққа сәлем салу", кей өңірде "табақ алу" деп аталатын дәстүрдің артында терең мән жатқанын айтып өткен едік.
Төрдегі сыйлы қонақ немесе ақсақал ас келгенде, дастархан басында отырғандарға дәмнен үлестіреді. Мысалы, қой сойылып, ет асылғанда шақырылған қонақтарға міндетті түрде бас табақ тартылады.
Бас табақ сыйлы қонақтың алдында болғандықтан, ол дастарханда отырғандардың барлығына сыбағасын үлестіруі керек. Есік алдында ойнап жүрген балалар да дәм татқаны маңызды.
"Қазақтың бұл дәстүрінің астарында да тәрбиелік мән жатыр. Қонақ күту қамымен қызметте болған келіндерді де сыбағадан құр қалдырмай, үлкен астан "сарқыт" деп сыбағасын ұсынады. Үлкендердің қолынан табақты алған келін сәлем салып, сый-құрметін көрсетеді, сый-құрметтің жауабы ретінде бата алады", - деп жазады автор.
Зейнеп Ахметова дастарханнан табақ алу тәртібін былай түсіндіреді:
Әдетте табақты сол үйдің ең кіші келіні алады да, қалған келіндерге аталар мен әжелердің, сыйлы аға-апалардың сарқытынан ауыз тигізеді. "Аса қадірлі, аузы дуалы адамдардың, көпті көріп көп жасаған өнегелі-өнерлі кісілердің жолын берсін, жасын берсін, игі қасиеттері жұғысты болсын" деп келіндер дастарханнан табақ алып, сәлем салған. Зейнеп Ахметова.
Алайда келін қонаққа келген әкесінің алдындағы табақты алып, сәлем салмайды. Мұның мәні "Табаққа сәлем салуда не мағына бар?" атты мақалада былай түсіндіріледі:
"Бұл тек келіндерге тән салт болғандықтан қыз баласына әкесінің алдындағы табақты сәлем салып алуына тыйым салынған. Қазақта қыз баласы тек босағасын аттаған әулетіне сәлем салады. Бұл оның келіндік міндетін, жауапкершілігін, өзіндік орнын айқындаса керек. Сол себепті келін үйге келген әкесіне тартылған табақты алмайды. Бірақ бұл оның табақ сыбағасынан құр қалғанын білдірмейді. Дастарқан үстіндегі басқа табақты әулеттің үлкеніне не шаңыраққа сәлем салу арқылы алады".
Сәлем салу – сыйластықтың белгісі
Келіннің өзі түскен әулеттің ақсақалдарынан бастап, жасы үлкендеріне сәлем салуы – оларға деген сый-құрметтің, ізгі ниеттің белгісі дейтін болсақ, этнограф Досымбек Қатран келін сәлем салу арқылы субординацияның сақталуына жетелейді деп есептейді:
"Жалпы, келінген жүктелетін міндет көп қой. Солардың бірі – өзі түскен шаңырақта, өзі жүрген ортада жақсы аура қалыптастыру. Неге дейсіз ғой. Келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дүние".
Ал қазақтың салт-дәстүрін дәріптеуші Зейнеп Ахметова "келген жерінің әулетін де, аруағын да сыйлаған текті келіндер зират тұсынан ешқашан атпен өтпегенін" жазады.
Кем дегенде қырық қадам жерде аттан түсіп, жаяулап, өмірден өтіп кеткен аруақтардың рухына үш қайыра сәлем салып, бет сипайды екен. Зейнеп Ахметова.
Зейнеп Ахметованың айтуынша, қазақ келіні екі жағдайда ғана сәлем салудан босатылған екен:
- Аяғы ауыр кезінде – мұндайда қайнағалары келінді ыңғайсыз жағдайға қалдырмау үшін жүкті келіннің алдынан шықпауға тырысқан әрі болаша ана деп құрмет көрсеткен.
- Күйеуі қайтыс болған жағдайда – мұндайда үлкендер жағы келінді сәлем салудан мүлде босатқан.
"Ендігі жерде басың иілмесін. Жүзің төмен түспесін. Қызымыздай бол!» деген үлкендердің тарапынан көрсетілер үлкендік деп түсінген жөн мұны. Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатудың, ара-қатынастарының алшақтап кетпеуінің белгісі ретінде іш тартудың, әрі ағайын-туыстан алыстап кетпеудің өзіндік үлгісі деп қабылдау керек мұны", - деп жазады Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында.
"Қазақ – дана халық" дейміз, қазақтың даналығы сәлем салу сияқты мән-мағынасы терең салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында жатқаны анық.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1836871-kelinder-tabakka-ne-sin-slem-salady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.