Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отбасылық психолог ерінің алдында қадірін кетіріп алған қазақ әйелдеріне кеңес берді

Опубликовано:

Ержан Мырзабаев ойланып отыр
Фото: Instagram

Елімізде ерлі-зайыптылар арасындағы шытырман оқиғалардың арты қылмыстық істерге ұласып жатыр. Белгілі отбасылық психолог Ержан Мырзабаев қазақ қыз-келіншектерінің жанұядағы жанжалда құрбан болуының басты себебін айтты. Ол ерінің алдында қадірін кетіріп алған қазақ әйелдеріне кеңес берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ержан Мырзабаев қоғамда орын алған отбасылық соңғы зорлық-зомбылық жағдайларының себебіне үңілді. Түркістан облысындағы баласын сабаған әке, Ақтөбедегі бұрынғы әйелін пышақтаған ер адам, Алматы облысындағы келінін таяқтаған ененің әрекеттері, психологтың ойынша, қоғамда бұрыннан бар проблема.

"Тек әлеуметтік желі дамыған заманда біз оларға жиі назар аудара бастадық. Ал карантин бар болған жараның бетін ашып, одан әрі ушықтырып жіберді. Олардың себебі тереңде жатыр. Бізде зорлық-зомбылық әр жерде отбасының ішінде болып жатты. Өлтірсе де, қырса да өз әйелі, өз баласы, өзі біледі. Әйел әртүрлі қорлыққа шыдау керек. Күйеуге бәрі "рұқсат". Қоғамның осындай қыспағы отбасылық зорлық-зомбылықты арттырып жатыр. "Әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа жоқ. Ешкім араласқысы келмейді", - дейді Ержан Мырзабаев.

Екінші мәселе, отбасылық психологтың пайымдауынша, жастар отбасын құруға дайындықсыз келеді.

"Аптасына 40 сағат жұмыс істейтін мұғалім ЖОО-да 4 жыл оқиды. Ал отбасында аптасына 7 күн, жылына 365 күн жұмыс істеуге тура келеді. Бұл-жауапкершілік, бірақ бұған біз білмей, оқымай, еш дайындықсыз кіреміз", - дейді маман.

Ержан Мырзабаев қазақ келіншектерін отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдап жүрмеуге үндейді. Ол әйелдерге бір рет қол көтерген ер адамға қалай жауап беру керектігін айтады.

"Отбасында ерлі-зайыптылар тең құқылы. Психологиялық тұрғыдан отбасында ер адамның қол көтеруі бір-ақ рет болуы мүмкін. Оның себебі "білмей қалдым, байқамай қалдым, өз-өзімді ұстай алмай қалдым, қандай реакция беретінімді білмедім" сияқты сылтаулар. Бала көңілінде жарақаты бар ер адам бір рет қол көтерді делік. Бірақ әйел сол жерде күйеуіне дереу "стоп" деу керек. "Тағы қол көтеретін болсаң, әке-шешеме айтамын, полицияға шағымданамын, маған қол көтеретін адаммен мен өмір сүрмеймін", - деп ашық айту міндет. Жекіп сөйлеу, айғайлауға, ешқандай зорлық әрекетке рұқсат бермеу керек", - дейді психолог.

Маманның айтуынша, сол кезде күйеуде әйелінен айырылып қалу қорқынышы пайда болады. Әрине, оны сезімдері ыстық кезінде, махаббаты әлі сөнбей тұрып айту керек екен.

"Егер қайта-қайта ұра берсе, 5-10 жылдан кейін әйелі "шаршап кеттім, кетем" десе, күйеуі "кетсең кете бер", - дейді. Ұра бергеннен ешқандай қадірі де жоқ. Сондықтан бастапқыда бірден тыйып тастау керек. Ажырасу ешқашан алғашқы қадам болмауы тиіс, бірақ ажырасуды мәселені шешудің бір жолы деп білу керек. Және бұл тақырып жайлы ерлі-зайыптылар арасында айтылу керек", - дейді Ержан Мырзабаев.

Отбасылық психолог ер адамдарға ашуын әйел адамнан алудың орнына басқаша әрекет етуді ұсынды.

"Ашуыңды басқаша шығарып үйрен. Ашулансаң, қар тазала, отын жар, далаға шығып 10 шақырым жүгіріп кел. Біз эмоцияны ұстап тұра алмаймыз, бірақ одан шығатын әрекеттерді бақылай аламыз. Ғылыми түрде отбасылық қарым-қатынаста екіжақты жұмыс жүргізілуі керек. Ер адам да әйел адаммен бірдей психологиялық қызметке жүгінуі құба-құп", - дейді маман.

Отбасындағы әйел адамның қадірі туралы сөз қозғаған психолог қыз-келіншектерге білімін арттыруға, өзін дамытуға кеңес берді.

"Егер ер кісі келіншегімен бір мәселе бойынша кеңесіп жатса демек әйелін сыйлайды, құрметтейді, әйелінің беделі бар деген сөз. Отбасында көп проблемалар ақылдасу, кеңесу арқылы шешіледі. Егер күйеуі әйелімен ақылдаспайтын болса, ондай әйелдерге білімін арттырсын, дамысын, өзін жетілдірсін деп айтар едім. Ақылдасуға болатындай өзінің тәжірибелі, білімді әйел екенін көрсетсін, білдірсін", - дейді ол.

Ержан Мырзабаев ерлі-зайыптылар арасында қай кезде ортақ әңгіме азаятынын да айта кетті.

"Күйеудің алдында ақымақ болып көрінудің керегі жоқ, керісінше ақылды, білімді екеніңізді, оқығаныңызды айтып отырыңыз. Сол кезде күйеуіңізге сізбен сөйлесу қызық болады. Ер кісілер әйелін кеңесуге, "ақылдасуға болмайтын біреу" деп қарайтын болса, олардың арасында әңгіме күннен-күнге азая береді", - дейді отбасылық психолог.

Отбасылық қарым-қатынас маманы сөз соңында "ұлттық тәрбие" атымен айтылып жүрген "кеңестік тәрбиені" сынға алды.

"Әйел адам ер адамнан төмен тұруы керек", "үлкенге сөз қайтармау керек", деген стереотиптер адамды басынсыну, біреуді кемсіту мақсатында, жеке тұлғалық даусының жоқ екеніне сендіру үшін ойлап табылған", - дейді психолог.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ержан Мырзабаев әлеуметтік желідегі қазақ психологиялық контентті сынға алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1879802-otbasylyk-psiholog-erini-aldynda-kadirin-ketirip-algan-kazak-jelderine-kees-berdi/

pixel