Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қас пен кірпікті қалыңдату үшін қандай майды қолдану керек

Опубликовано:

қас пен кірпік
Қас пен кірпікті қалыңдату үшін түйежапырақ майының пайдасы бар ма: pixabay.com

Түйежапырақ майы – косметологияда шаш пен теріні қалпына келтіру үшін әрі оны ылғалдандыру үшін пайдаланылады. Оның құрамындағы дәрумендер кешені майды қас пен кірпік үшін де пайдалы етеді. Осы орайда KAZ.NUR.KZ түйежапырақ майын қас пен кірпікті қалыңдату үшін қалай пайдалануға болатыны жайлы материалды назарларыңызға ұсынады.

Түйежапырақ майының құрамы мен пайдасы

Түйежапырақ майы косметологияда кеңінен қолданылады. Майды көп жағдайда теріні күту, қайызғақтан арылу, қас пен кірпікті қалыңдату үшін қолданып жатады. Түйежапырақ майының құрамында:

  • дәрумендер (А, С, Е, РР, В тобы);
  • минералды тұздар;
  • май қышқылдары;
  • дубильді заттар;
  • макро және микроэлементтер;
  • флавоноидтар (ферменттерді белсенді етушілер) бар.

Май құрамында сондай-ақ инулин — үздіксіз көмірсутектер тобына жататын, суда еритін полиқант бар. Мұндай деректі өз еңбегінде дәрігер Мухаммад Шоаиб келтіреді. Әдетте инулинді май мен қантты алмастырушы пребиотик ретінде пайдаланады. Ол микрофлораны қалпына келтіріп, зат алмасу процесін белсенді ете түседі, сондай-ақ майдың ыдырауына септеседі.

Түйежапырақ
Түйежапырақ: pixabay.com

Аталған май құрамындағы белсенді заттар кірпік пен қастың қалыңдауына да әсер етеді. Мәселен:

1. Зат алмасу процесін жеделдетеді, қанның микроциркуляциясын жеделдетеді. Яғни кірпік пен қас талшықтарының тамырлары қажетті мөлшердегі оттегімен қанығып, өздігінен өсе бастайды.

2. Зақымдалған шашты қалпына келтіреді. Түйежапырақ майы зақымданған жасушаларды қалпына келтіріп, талшықтардың белсенді регенерациясына жол ашады.

3. Шаштың өсуіне пайдасы зор. Қас, кірпік, шашы көп түсетін жандарға жиі пайдалануға кеңес беріледі.

4. Шаш талшықтарын жұмсартып, оларды тегістейді, сондай-ақ оны жылтырата түседі. Нәтижесінде шаш қайраттанады.

5. Шаштың түсуі мен сынуының алдын алады әрі оның қайратсыз, тым жұмсақ болуына жол бермейді. Осылайша шаштың әр талы қатайып, қалыңдана түседі, ал қас пен кірпік көлемді бола бастайды.

6. Зиянды бактериялармен күреседі. Майдың антисептикалық қасиеті бар және шашқа кері әсерін тигізетін патогенді микроағзаларды жояды.

7. Терінің сақтану қызметін күшейтеді. Түйежапырақ майы гидролипидті тепе-теңдекті қамтамасыз етіп, теріні дәрумендермен байытады.

Медицина дәрігері Дебра Джалиман әдемі кірпік үшін, дұрыс әрі үзіліссіз күтім керек деп есептейді. Ол ұйықтар алдында кірпік пен қастағы макияжды сүртіп, оны ылғалдандыратын құралды үнемі жағып тұруға кеңес береді.

Егер кірпік пен қасқа арналған ылғалдандыратын құралдарды үнемі пайдаланып тұрса, онда перманентті макияж және жасанды кірпік пен қас жасатудың қажеттілігі туындамайды. Алайда бұл аталған процедураларды мүлдем қолдануға болмайды деген мағынаны білдірмейді. Бастысы кез келген әдісті қолданбастан бұрын, білікті маманмен кеңесуді ұмытпаңыз.

Кірпіктегі әр тал 3 ай ішінде шығып, қайта түсіп отырады. Яғни кірпік толығымен өсіп-біту үшін, толық 2 ай уақыт керек болады. Ал түйежапырақ майын қолдансаңыз, кірпікті бар жоғы 1–1,5 айда өсіре аласыз. Аталған майдың нәтижесі небары 3 аптадан кейінгі уақытта да біліне бастайды. Кірпік ұзарып, қалыңдай түседі, сондай-ақ көлемі артады.

Қас пен кірпікті қалыңдату үшін қандай майды қолдану керек
Қас пен кірпікті қалыңдату үшін қандай майды қолдану керек: pixabay.com

Түйежапырақ майын қас пен кірпік үшін қалай пайдалануға болады?

Түйежапырақ майын қолданудың басты артықшылығының бірі – оның әсер ету уақытының ұзақ сақталуында. Мәселен егер сіз түйежапырақ майын қас пен кірпікке жағу курсын аяқтасаңыз да, оның нәтижесі көпке дейін жоғалмауы мүмкін. Майды келесідегідей етіп қолдануға болады:

1. Аллергияға тест жасап көріңіз. Білегіңізге майдың бірнеше тамшысын жағып, 15-20 минут бойы күтіңіз. Сосын майды сумен жуып тастаңыз немесе мицеллярлы суға матырылған мақта дискісімен сүртіңіз. Егер білегіңіз қызарып, ашып, қышымаса онда майға аллергия жоқ деген сөз.

2. Қас пен кірпіктеріңіздегі косметиканы сүртіп тастаңыз. Қас пен кірпікті күту процедураларының алдында бетіңізді пенка немесе гельмен жуып алыңыз.

3. Түйежапырақ майын дайындап қойыңыз. Өнім бөлме температурасының жылылығындай температурада болуы керек. Егер майды 40 °С-дан артық температурада сақтаса, онда ол құрамындағы пайдалы дәрумендерден айырылуы мүмкін.

4. Мақта таяқшасын немесе мақта тампонын қолдансаңыз болады. Аталған заттарды майға батырып, қас пен кірпікке жағып, 30 минут бойы күтіңіз.

5. Жарты сағат өткен соң, майды жылы сумен немесе жуынуға арналған пенка, гельмен сүртіп тастаңыз. Арнайы құрылғысыз майды қастан кетіру оңай болмайды, себебі жай суға түйежапырақ майы кете қоймайды.

6. Аталған процедураны аптасына 2–3 рет қайталаңыз. Ал нәтижесін тез арада көремін десеңіз, онда процедураны күн сайын істеңіз, алайда 2 аптадан кейін 2-3 аптаға үзіліс жасауды ұмытпаңыз. Процедураны үзіліссіз жасап отырса, нәтижесі көп ұзамай көрінетін болады.

Сонымен бірге түйежапырақ майын қас пен кірпік арасындағы теріге де пайдалануға болады. Табиғи өнім теріні ылғалдандырып, ондағы зат алмасу процесін реттейді, нәтижесінде теріге балғын өң беріліп, ол жасара түседі. WebMD мамандары түйежапырақтың суық тиюге қарсы әрі антибактериалды құрамдас бөліктері әжім, экзема, безеу, псориаздың алдын алуға көмектеседі дейді. Олар сондай-ақ түйежапырақ бетке безеу қаптаған кезде де пайдалы екенін айтуда.

Сонымен бірге майды жағу барысында оның көзге тамып кетпеуін де қадағалаңыз. Ал көзіңізге тамып кеткен жағдайда, оны тез арада жылы сумен шайыңыз. Түйежапырақ майын үнемі қолданған уақытта төмендегідей мәселелердің алдын алуға болады:

  • қас пен кірпіктің жұқалығы, олардың жиі түсуі;
  • баяу өсу;
  • құрғақ әрі тым жұмсақ болу.

Сол себепті мамандар кеңесіне жүгініп, қас пен кірпік күтімінде түйежапырақ майын қолдануды әдетке айналдырыңыз.

Назар аударыңыз! Материал тек танымдық сипатта ұсынылып отыр. Материалда жазылған кеңестерді міндетті түрде өз дәрігеріңіздің рұқсатын алған соң ғана қолға алуды ұмытпаңыз!

Дереккөздер:

  1. Debra Jaliman. 6 Steps to Better Eyelashes // WebMD. —2012. — 08 October. — Қолжетімділік режимі: https://www.webmd.com/beauty/features/eyelash-length-growth-extensions
  2. Debra Jaliman. Are Eyelash Extensions, Eyelash Growth Serum Safe? // WebMD. —2021. — 22 September. — Қолжетімділік режимі: https://www.webmd.com/eye-health/eyelash-extensions-and-eyelash-growth-serum
  3. Health Benefits of Burdock Root // WebMD. — Қолжетімділік режимі: https://www.webmd.com/diet/health-benefits-burdock-root#
  4. Muhammad Shoaib. Inulin: Properties, health benefits and food applications // PubMed. — 2016. — 20 August. — Қолжетімділік режимі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/27178951/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1983559-qas-pen-kirpikti-qalyndatu-usin-qandai-maidy-qoldanu-kerek/

pixel