Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрманың пайдасы: бала емізетін әйелдерге құрма жеуге бола ма

Опубликовано:

Құрманың пайдасы: бала емізетін әйелдерге жеуге бола ма
Ыдыстағы құрма. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құрма – құрамы жасұнық пен антиоксиданттарға бай пальма ағашының жемісі. Құрма ағзаға қажетті қоректік заттардың көзі әрі емізулі баласы бар әйелдерде омырау сүтінің артуына ықпал етеді. Бала емізетін аналарға құрма жеуге бола ма және оны қалай жеу керектігі жөнінде медицина ғылымдарының докторы Дэн Бреннан, диетолог Эми Рихтер тарқатып айтты.

Біз жүкті әйелдерге арналған жіберілімді іске қостық. Жүктілік мерзіміңізге байланысты тұрақты ақпарат алу үшін жазылыңыз.

Құрманың бала емізу кезіндегі пайдасы мен зияны

Құрма – құрма ағашының жемістері (гүлді өсімдіктің бір түрі). Бұл - ең тәтті жемістердің бірі. Құрма қуат көзі әрі бала емізу кезінде тәттіге деген құмарлықтың орнын басуға көмектеседі.

Баланы ана сүтімен емізу кезінде желінетін құрма үлесі ағзадағы калий, магний, мыс, марганец, темір және В₆ дәрумендерінің деңгейін арттырады. Бұл дәрумендер ағзаның күнделікті қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет. Қоректік заттар ағзаға тамақ арқылы түсіп, емшек сүтіне де беріледі.

Құрманы жүктілік кезінде, сондай-ақ бала емізу кезінде, соның ішінде босанғаннан кейінгі бірінші айда тұтынуға болады.

Ғылыми зерттеулер авторы Танаван Модепенг құрма бала емізетін әйелдердің сүтін молайтуға пайдалы деп жазады. Бала емізу кезінде құрма жеу пролактин гормонын арттырады, осылайша ана сүтінің де мөлшері молаяды.

Медицина ғылымдарының докторы Дэн Бреннан құрманың артықшылықтарын тізбектеп берді:

  1. Антиоксиданттардың көп болуы жасушалардың бұзылыстарынан сақтайды.
  2. Құрмада ішектің жұмысын жақсартатын талшықтар бар. Ол іш қатудың алдын алуға көмектеседі.
  3. Құрманың құрамында сұйықтық тепе-теңдігін және жасушалардың қалыпты жұмысын сақтауға ықпал ететін көп мөлшердегі калий бар.
  4. Құрма жемісі бала емізу кезінде ағзаға күніне қажетті 500 мкг фолий қышқылының тез сіңуін қамтамасыз етеді.
  5. Құрамында темірдің жоғары болуына байланысты құрма қаназдық пен босанғаннан кейінгі депрессияны болдырмауға көмектеседі.
Құрманың пайдасы: бала емізетін әйелдерге жеуге бола ма
Ана мен сәби. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құрма қант диабетімен ауыратын әйелдерге пайдалы. Оның гликемиялық индексі төмен. Диетолог Эми Рихтер құрманың құрамындағы көп мөлшердегі талшықтар мен антиоксиданттар қант диабетін бақылауға көмектеседі деп жазады. Құрманың құрамында көмірсулар көп, сондықтан жоғары калориялы өнім екенін есте ұстаған жөн. Жемістің 100 грамы (4 түйір құрма) 277 калорияны құрайды. Құрма аллерген өнім болуы мүмкін, сондықтан жемісті жеместен бұрын сізде аллергия жоқ екеніне көз жеткізіңіз.

Бала емізетін анаға құрманы қалай жеу керек?

Құрма бала емізетін аналарға пайдалы әрі тіскебасар ретінде қолжетімді жеміс. Иммундық жүйені нығайту және ағзаны қоректік заттармен қамтамасыз ету үшін күніне орташа көлемдегі 3-5 түйір құрма жеу жеткілікті. Рэйчел Налл құрманың өзін немесе бадам, жаңғақ майы, ірімшік сияқты басқа тағамдармен бірге жеуге, сондай-ақ жаңғақтар, мүкжидек, сұлы, кокос жаңғағы немесе түрлі ингредиенттермен араластырып, энергетикалық батончик жасауға болады деп кеңес береді.

Балғын әрі піскен құрма ағзаға көп пайдасын тигізеді. Дәмді әрі пайдалы жемісті таңдау үшін мына кеңестерге мән беріңіз:

  1. Қоңыр түсті құрмаларды таңдап алыңыз. Ақшылдау құрмалар әлі піспегенін білдіреді.
  2. Қабығының бүтін болғанына, жарылмаған, жабысып қалмағанына назар аударыңыз.
  3. Құрмалар ұстаған кезде құрғақ болуы тиіс.
  4. Сүйегі бар жемістерді таңдаңыз, өйткені олар аз өңделеді.
  5. Сырты жылтырап тұрған жемістерді сатып алмаңыз, оларға майлы ерітінді жағып қоюы мүмкін.

Қышқыл иісі бар, өте қатты немесе бетінде кристалданған қанты бар құрмаларды жеуге болмайды. Бұл белгілер жемістің бұзылғанын көрсетеді, яғни дұрыс сақталмағандықтан болуы да мүмкін.

Құрманы ауа өткізбейтін контейнерге салып, тоңазытқышта (бір жылға дейін) немесе бөлме температурасында (бірнеше ай) сақтаңыз. Ол қалайша ұзақ уақыт бойы жеуге жарамды болып тұра береді? Құрманың ылғалдылығы басқа жемістерге қарағанда өте аз, небәрі 30%, яғни олар табиғи түрде сусызданған. Құрма ұзақ тұрған сайын құрамындағы қант бірте-бірте бетіне шығып, кішкентай ақ қант дақтарын түзеді. Оларды зеңмен шатастырмаңыз.

Құрманың пайдасы: бала емізетін әйелдерге жеуге бола ма
Кептірілген жемістер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құрма – бала емізетін әйелдердің күнделікті тамақтану рационына енгізуге болатын пайдалы жеміс, тек оның құрамындағы заттарға аллергиясы болмаса болғаны. Сүтті молайтып, ағзаны қуаттау үшін күніне 3-5 дана құрма жеген абзал. Құрамында микроэлементтер мен талшықтары бар жаңа піскен, орташа көлемді, жұмсақ құрмаларды таңдаңыз.

Назар аударыңыз! Материал ақпараттық сипатта жазылған. Ең алдымен дәрігермен кеңесіп, содан соң мұнда көрсетілген әдістерге жүгінген жөн.

Дереккөз:

  1. Dan Brennan. Eating Dates: Health Benefits While Pregnant? // WebMD. — 2021. — 01 November. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.webmd.com/baby/eating-dates-health-benefits-while-pregnant
  2. Thanawan Modepeng, Patcharanee Pavadhgul, Akkarach Bumrungpert, Wirin Kitipichai. The Effects of Date Fruit Consumption on Breast Milk Quantity and Nutritional Status of Infants // PubMed. — 2021. — 12 July. — Қол жеткізу тәртібі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/34252286/

Рецензент – жоғары санатты дәрігер Людмила Анатольевна Михайленко.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2004861-qurmanyn-paidasy-bala-emizetin-aielderge-qurma-zeuge-bola-ma/

pixel