Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде әйелдер үшін ыңғайлы, жалақысы жоғары әрі сұранысқа ие мамандықтар қандай

Опубликовано:

Қазақстандағы қыздарға арналған мамандықтар: жоғары ақы төленетін және сұраныстағы жұмыстар
Қаламсап ұстап отырған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстанда қыздарға арналған мамандықтар көп. Дегенмен олардың барлығы бірдей жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа ие болмауы мүмкін немесе лайықты табыс әкелмеуі ғажап емес. Жақсы жұмысқа орналасу мүмкіндігіңізді арттыру үшін Қазақстанда қандай мамандықтардың сұраныста екенін және еңбекақысы жоғары мамандықтар қайсысы екенін ажырата білген жөн.

Қазақстанда қыздарға жоғары еңбекақы төленетін мамандықтар қандай? Қазақстандық қыздар сату менеджері, сынаушы, веб-дизайнер ретінде табысты бола алады. Сондай-ақ маркетолог, косметолог, мұғалім немесе тіс дәрігері болу арқылы да әжептәуір табысқа жетуге болады.

Сату менеджері

Қазақстанда қыздарға ыңғайлы қандай мамандықтар сұранысқа ие? Бұл тұрғыда сату менеджері, мұғалім, тіс дәрігері, косметолог, веб-дизайнер және маркетолог мамандықтарын ұсынуға болады.

Сату менеджері – Қазақстанда жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Күн сайын осы қызметке бірнеше мың бос жұмыс орны ашылады. Мұндай мамандыққа Қазақстанда ғана емес, әлемде де сұраныс артып отыр. Мансап мәселелері бойынша маман Крис Колмар жақсы еңбек ететін сату менеджері жылына 140 000 доллардан астам табыс таба алатынын жазады. Мұндай жұмыс түрімен тұтынушыны сендіре алатын, өнімді сатып алуға итермелейтін, көпшіл, ашық мінезді қыздар айналыса алады. Білікті сату маманының орташа жалақысы 250-400 мың теңгені құрайды, ал біліктілігі жоғары мамандардың табыс көзі 2 миллион теңгеге (шамамен 4300 доллар) жетуі мүмкін, бірақ мұндай ұсыныстар тек Астана мен Алматы қалаларында ғана бар. Жоғары деңгейдегі сату мамандарына мынадай талаптар қойылады: ДК-ны жоғары деңгейде меңгеру (Excel және 1C), CRM-мен (тұтынушылармен қарым-қатынас орнатудың электронды жүйесі) жұмыс істей білу, әсіресе B2B саласында (бизнесті бизнеске сату) кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуы шарт.

Веб-дизайнер

Веб-дизайнерлер Қазақстанда сұранысқа ие IT мамандықтарының бірі болып қала береді. Веб-дизайнердің міндеті - сайт немесе бағдарлама үшін ыңғайлы және интуитивті пайдаланушы интерфейсін жасау. Мұндай жұмыс қиялы асқақ, талғамы жоғары, көркемдік қабілеті бар қыздарға арналған.

Орта есеппен алғанда бұл жұмысқа шамамен 0,3 миллион теңге (шамамен $635) жалақы ұсынылады. Орта деңгейдегі веб-дизайнерлер қазірдің өзінде еңбегін шамамен 1,9 миллион теңгеге (4000 доллар) бағалайды. Тіпті тәжірибеден өтушілерге де 50-60 мың теңгедей жалақының берілуі маңызды. Бір қызығы нарықта бос орындар соншалықты көп емес, дегенмен веб-дизайнерлер (UX/UI) Алматы мен Астанадан бөлек Қарағанды, Шымкент сияқты басқа қалаларда да сұранысқа ие.

Маркетолог

Маркетолог – сан қырлы мамандық. Мұндай кәсіби жолды таңдаған бойжеткен бір мезетте копирайтер, PR-менеджер, әлеуметтанушы және талдаушының қасиеттерін бойына жинауы керек әрі маркетингтік стратегияларды, брендингті және жарнамалық науқандарды жақсы білуге тиіс.

Қазақстандағы қыздарға арналған мамандықтар: жоғары ақы төленетін және сұраныстағы жұмыстар
Компьютер алдында күлімдеп отырған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Маркетолог – Қазақстандағы сұранысқа ие мамандықтың бірі. Тура мағынасында айтатын болсақ, маркетологтарға қатысты жүздеген бос жұмыс орны бар, ал жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының әр аймағында орналасқан. Жұмыс берушілер орта есеппен 200-400 мың теңге ұсынады. Бос жұмыс орындарының шамамен оннан бірінде 1 миллион теңгеден (2100 АҚШ доллары) астам қаржы беріледі. Мұндай лауазым үміткерлеріне мынадай талаптар қойылады: осыған ұқсас жұмыста 3 немесе одан да көп жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, бірнеше тілді білуі, SMM дағдыларын жетік меңгеруі шарт.

Косметолог

Қыздарға қандай жеңіл мамандықтар бар? Қыздар үшін ең оңай мамандықтардың бірі – косметология саласы. Мамандықтың қарапайымдылығы оның қолжетімділігінде, яғни косметологтың базалық медициналық білімі болуы керек, ал кәсіби дағдыларды меңгеру үшін курстар оқу жеткілікті.

Орташа алғанда еңбек нарығындағы штаттағы косметологқа төленетін еңбекақы 200-500 мың теңге (425-1060 доллар) аралығында өзгеріп отырады, кейбір ұсыныстар 1 миллион теңгеге (2100 доллар) дейін жетеді. Мұндай бос орындарға жұмыс тәжірибесі мол әрі косметология әдістерін жақсы игерген жағдайда жол ашылады, себебі белгілі бір косметологиялық орталыққа немесе сұлулық салонына дайын мамандар қажет болады. Астана, Алматы немесе Шымкенттегі косметологтар жоғары жалақы алады.

Педагог

Ұстаздықты қыздарға, соның ішінде онлайн жұмыс істегісі келетіндерге арналған Қазақстандағы ең жақсы мамандықтардың бірі деп атауға болады. Еңбек нарығында мыңдаған ұсыныс бар, ал онлайн мұғалімдерге сұраныс өте жоғары.

Ең жоғары еңбекақы IT саласы, ағылшын тілі, жоғары санатты ән мұғалімдеріне және мамандандырылған білім беру орталықтарының педагогтарына беріледі. Орташа есеппен ұстаздар ай сайын 300-500 мың теңге (635-1100 доллар), кейде 900 мың теңгеге (1900 доллар) дейін ала алады. Мұндай ұсыныстарды Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы онлайн мектептерден табуға болады.

Білікті мұғалімдер Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде сұранысқа ие. БҰҰ мәліметі бойынша алдағы онжылдықта білім беру саласында әлем бойынша 69 миллион мұғалім қажет болады.

Тіс дәрігері

Стоматология Қазақстандағы медицинаның жоғары сұраныстағы саласы болып қала бермек. Әйел тіс дәрігері жалпы стоматологияда да, тар шеңберлі мамандандыру арқылы да жетістікке жете алады. Бұл мамандықты игерудің бір қиын тұсы – білім алу үшін көп уақыт жұмсау, міндетті түрде медициналық білімнің болуы.

Қазақстандағы қыздарға арналған мамандықтар: жоғары ақы төленетін және сұраныстағы жұмыстар
Тіс дәрігері және оның көмекшісі ем жүргізу үстінде. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жұмыс тәжірибесі бар білікті тіс дәрігерлері (хирургтер, ортопедтер, ортодонттар, терапевтер) жоғары жалақыға ие бола алады. Қала немесе аймақтарға байланысты тіс дәрігерінің айлығы 300-700 мың теңгеден (635-1500 доллар) 3 миллион теңгеге (6400 доллар) дейін болуы мүмкін. Бұл Қазақстандағы дәрігерлердің орташа жалақысынан, яғни 415,9 мың теңгеден (шамамен 900 доллар) бірнеше есе жоғары. Қазақстан Республикасында мұндай бос жұмыс орындарының саны бір-екі жүзге жетеді.

Сынаушы

Бағдарламалық қамтамасыз етуді сынаушы – бұл Қазақстан Республикасында сұранысқа ие әрі қыз бала табысқа жете алатын мамандық. ІТ саласы ер адамдарға арналған деген түсінік қате. Explodingtopics мәліметтері бойынша бүгінде технологиялық жұмыстардың 26,7% -і әйелдерге тиесілі. Сынаушы маман бағдарламаларды, веб-сайттарды, ойындарды немесе қолданбалардағы қателерді тексеретіндіктен, бұл жұмысты ортаға тез бейімделетін, қабілетті, ұқыпты қыздарға ыңғайлы деуге болады.

Жаңадан келген сынаушы маманға 200 000 теңгеден (426 доллар) жоғары жалақының берілуі екіталай. Еңбек нарығында тәжірибесі бар озық мамандарға 1 миллион теңге (шамамен 2100 доллар), ал кейбіреулеріне 1,5–1,7 миллион теңге (3700 долларға дейін) ұсынылады. Мұндай ұсыныстар Қазақстандағы орташа жалақыдан 3-5 есе асып түседі, ұлттық статистика Бюросының мәліметінше бұл 352,5 мың теңгені (750 доллар) құрайды. Бос жұмыс орындарының басым бөлігін Алматы мен елордадағы IT-компаниялар ұсынып отыр.

Қазақстандық жұмыс берушілер жүздеген бос жұмыс орнын ұсынады. Олар үміткерлерге жоғары талаптар қояды, есесіне еңбекақыға қатысты қаржылық ұсыныстары да соған сәйкес келеді. Дұрыс таңдалған мамандық адамға рахат сыйлап қана қоймайды, сонымен қатар жоғары табыс та береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2005701-elimizde-aielder-usin-yngaily-zalaqysy-zogary-ari-suranysqa-ie-mamandyqtar-qandai/

pixel