Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кола қосып пісірілетін нан: Анаргүлден ерекше нанның рецепті

Жарияланған күні:

Кола қосылған нан
Кока-кола қосып пісірілген нан. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Бұл нанның басты ерекшелігі Coca-Cola сусынымен байланысты. Кола қосылған нанның дәмі карамельге ұқсайды әрі өте жұмсақ болып шығады. Анаргүл Құдайбергеновамен бірге жаңа рецепт арқылы ерекше нан түрін пісіріп көріңіздер.

Осы және басқа рецепт түрлерін Анаргүл Құдайбергенованың YouTube аспаздық арнасынан таба аласыздар. Жаңа видеоларды жіберіп алмау үшін арнаға жазылыңыз.

Coca-Cola - әлемге танымал сусын. Кола 1886 жылы 8 мамырда Атлантада (АҚШ) пайда болды. Газдалған тәтті сусын Американы, содан соң әлемдік нарықты тез жаулап алды. Бұл сусын арқылы нан пісіруді кімнің қашан ойлап шығарғаны белгісіз. Бүгінде кола тағамдарға жаңа дәм беру үшін де қосылады. Қант пен табиғи хош иістендіргіштің үйлесімі нанды дәмді етеді, ал газдалған сусын қамырдың жақсы көтерілуіне көмектеседі және ұнның дәнмаңызын жұмсартады.

Сипаттамасы

Асханасы: еуропалық

Санаты: тіскебасар

Дайындау уақыты: 5 минут

Дайын болатын уақыты: 20 минут

Құрамы

Қант - 1 ас қасық

Жоғары сортты бидай ұны - 550 г

Өсімдік майы - 3 ас қасық

Күнжіт - дәміне қарай

Тұз - 1 шай қасық

Құрғақ ашытқы - 1 ас қасық

Жұмыртқаның сарысы - 1

Кока-кола - 330 мл

Дайындалуы

1. Құрғақ ингредиенттерді араластырыңыз

Құрғақ ингредиенттер
Ұнға қосылған тұз, қант және ашытқы. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Шұңғыл ыдысқа ұн салыңыз. Оған 1 шай қасық тұз, және 1 ас қасық қант қосыңыз. Оның үстіне құрғақ ашытқыны қосып, барлығын жақсылап араластырыңыз.

2. Кола құйыңыз

Кола құйыңыз
Кола құйылған қоспа. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Құрғақ қоспалар салынған ыдысқа бөлме температурасындағы коланы құйыңыз. Қоспа біркелкі массаға айналғанша былғауыш қасықпен араластырыңыз. Содан кейін иіссіз өсімдік майын құйып, қолмен қамыр илеңіз.

3. Қамырдың көтерілгенін күтіңіз

Көтерілген нан
Көтерілген нан қамыры. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Қамыр толықсыған кезде одан шар пішінін жасаңыз. Қамырды шұңғыл ыдысқа салып, бетін жауып қойыңыз. Шамамен 1 сағат күтіңіз.

4. Қамырды табаға салыңыз

Табадағы қамыр
Табаға салынған қамыр. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Қамыр көтерілгеннен кейін иінін қандырып, пергамент қағазы төселген табаға салыңыз. Қамырдан тікбұрышты қабат жасаңыз. Бетін целлофанмен жауып, тағы көтерілгенше 20 минутқа қалдырыңыз.

5. Дайын қамырдың пішінін жасаңыз

Нан пішінін келтіру
Табадағы қамырдың пішінін келтіру сәті. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Қамыр қайта көтерілген соң бетіндегі целлофанды алып тастаңыз. Нан пішінін қолмен жасауға болады. Алдымен шет жағын бойлай, содан соң орта тұсының пішінін келтіріңіз. Қамырдың бетіне жұмыртқаның сарысын жағып, күнжіт дәнін себіңіз.

6. Нанды пісіріп алыңыз

Піскен нан
Жаңа піскен нан. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Пешті 250 °С-қа қойып қыздырыңыз. Қамыр салынған табаны пешке салып, 25 минуттан кейін алыңыз. Нан піскен соң сәл суытыңқыратып, дастарқанға қойыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2062956-kola-qosyp-pisiriletin-nan-anargulden-erekse-nannyn-recepti/