Сәбіз икрасы: Ақнұр Тілекқызынан қысқа арналған дәмді салаттың рецебі
Жарияланған күні:
Күз маусымы жақындап, көкөністер піскен уақытта сәбізден қысқыға арналған икра даярласаңыз болады. Назарларыңызға сәбіз икрасының ең жеңіл әрі дәмді рецебін ұсынамыз.
- Фудблогер Ақнұр Тілекқызы қысқы сәбіз икрасының оңай және жылдам дайындалатын рецептін ұсынады.
- Икра сәбіз, қызанақ, сарымсақ және дәмдеуіштерден жасалады, оны дайындау үшін көкөністерді ет тартқыштан өткізіп, араластырып, 2-2,5 сағат бойы баяу отта бұқтыру керек.
- Дайын болған икраны тазаланған банкаларға салып, қақпағын жауып, қысқы уақытта пайдалануға сақтауға болады.
Сәбіз икрасы - қысқыға арналған ең дәмді салаттардың бірі. Оны үй жағдайында оңай әрі тез даярласа болады. Сәбіз икрасының рецебімен танымал фудблогер Ақнұр Тілекқызы таныстырады.
Сипаттамасы
Асхана: славян елдері
Санаты: тіскебасар
Дайындалу уақыты: 20 минут
Дайын болу уақыты: 30 минут
Құрамы
Сәбіз - 1 кг
Қызанақ - 2 кг
Сарымсақ - 1 дана
Тұз - 1 ас қасық
Қара бұрыш - 0,5 ас қасық
Қызыл бұрыш - 0,5 шай қасық
Қант - 100 гр
Сірке суы 70% - 1 ас қасық
Өсімдік майы - 180 мл
Дайындалуы
1. Банкаларды дайындап аламыз
Салатқа арналған банкаларды тазартып жуып, буға қоямыз. Қыс мезгіліне арналған салат болғандықтан, банкаларды әбден тазалаған дұрыс.
2. Сәбіз бен қызанақты ет тартқыштан өткіземіз
Сәбіз бен қызанақтарды тазартып, жақсылап жуып аламыз. Сосын орташа мөлшерде кесеміз. Әр бөлікті ет тартқыштан өткіземіз.
3. Сарымсақты ет тартқыштан өткіземіз
Сарымсақтың қабығын аршып, ет тартқыштан өткізіп, бөлек ыдысқа салып, қоя тұрамыз.
4. Көкөністерді араластырамыз
Ет тартқыштан өткізілген сәбіз бен қызанақтарды араластырамыз. Дәміне қарай тұз, бұрышты қосып, барлығын жақсылап араластырып аламыз. Сөйтіп орташа отқа қойып, икраны қайнағанша араластырамыз. Сосын салаттың отын баяулатып, 2-2,5 сағат бойы баяу отта бұқтырамыз. Соңында сарымсақты қосып, тағы да 10-15 минут баяу отта бұқтырамын.
5. Икраны банкаларға саламыз
Дайын болған икраның бетін жауып, отты сөндіріп, жарты сағатқа суытып қоямыз. Сосын банкаларға салып, қақпағын жақсылап жабамыз. Осылайша, қыс мезгіліне арналған сәбіз икрасы дайын болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2137521-sabiz-ikrasy-aqnur-tilekqyzynan-qysqa-arnalgan-damdi-salattyng-retsebi/