Бауырсақ бургер: қазақша ерекше тағамды қалай дайындауға болады
Жарияланған күні:
Фастфуд тағамдарының күнделікті тұрмысқа енгелі соншалық, көптеген қыз-келіншек оларды отбасылық ас мәзіріне енгізуде. Ал, қазақтың ұлттық тағамы бауырсақ пен бургердің үйлесімі қалай болмақ? Бүгінгі рецепттен білетін боласыздар.
Америкалық бургерлерге көп уақытта қоғамдық орындарда тапсырыс беріп жатамыз. Ал оны қазақтың ұлттық тағамы бауырсақпен бірге даярласа, дәмі қалай болады деп ойлайсыз? Танымал фудблогер Диана Есенбекова бүгін сіздерге бауырсақ бургердің рецебімен таныстыратын болады.
Сипаттамасы
Асхана: Америка
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 15 минут
Дайын болу уақыты: 5 минут
Құрамы
Жылы сүт - 1 стакан
Жылы су - 1 стакан
Қант - 1 ас қасық
Ашытқы - 1 шай қасық
Жұмыртқа - 1 дана
Ерітілген сары май - 100 г
Тұз - 1 шай қасық
Ұн - 500 г
Аскөк - дәміне қарай
Сарымсақ - 2 тісше
Майонез - 40 г
Қара бұрыш - дәміне қарай
Тартылған ет - 500 г
Кинза, қара бұрыш, тұз - дәміне қарай
Салат жапырақтары - мөлшеріне қарай
Тұздалған қияр - мөлшеріне қарай
Дайындалуы
1. Қамырдың ашытқысын дайындап аламыз
Жылы сүтке қант, тұзды салып, араластырамыз. Үстінен ашытқы сеуіп, тағы да араластырамыз. 15 минутқа бетін жауып қоямыз.
2. Жұмыртқа мен сары майды қосамыз
15 минуттан кейін ашытқыны ашып, оған бір жұмыртқа мен еріген сары майды қосамыз. Барлығын жақсылап араластырамыз.
3. Жұмсақ қамыр илейміз
Ұнды електен өткізіп, қамырдың сұйық массасына себеміз. Осылайша, жұмсақ қамыр илейміз. Иленген қамырдың бетін жауып, жарты сағатқа қоямыз.
4. Бургердің соусын дайындаймыз
Екі тісше сарымсақты ұсақтап, еземіз. Аскөкті ұсақтап тураймыз. Екеуін кесеге салып, үстінен майонезді құямыз. Дәміне қарай қара бұрыш пен тұз қосып, араластырамыз.
5. Тартылған етті қуырамыз
Табаға сұйық майды құйып, қыздырамыз. Оған тартылған етті салып, қуырамыз. Дәміне қарай аздаған тұз бен кинзаны саламыз. Барлығын араластырып, 15 минут бұқтырамыз.
6. Көтерілген қамырдан күлшелер дайындап, пісіреміз
Көтерілген қамырды бірнеше бөліктерге бөлеміз. Әр бөліктен күлшелер дайындаймыз. Әр күлшені орташа қалыңдықта жаямыз. Сосын қазандағы қызып тұрған майға салып, пісіріп аламыз.
7. Бургерді жинаймыз
Піскен күлше бауырсақтарды ортасынан бөлеміз. Осылайша алдымен соусты жағамыз. Үстінен қауырылған етті саламыз. Сосын тұздалған қиярды қоямыз. Сосын салаи жапырағын саламыз. Қалауыңыз бойынша қызанақ пен қатты ірімшікті де салсаңыз болады. Осылайша, бауырсақтан жасалатын ерекше бургер дайын болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2144154-bauyrsaq-burger-qazaqsha-erekshe-tagamdy-qalai-daiyndauga-bolady/