15 минутта дайын болады: үй жағдайында дүкендегі қытырлақ печеньені қалай даярлауға болады
Жарияланған күні:
Дүкендегі қытырлақ печеньені үй жағдайында оңай әрі тез даярлауға болады. Бүгін сіздермен қатпарлы қамыр мен қанттан жасалатын, дәмді печеньенің рецебімен бөлісеміз.
- Үй жағдайында дүкендегідей қытырлақ печеньені даярлаудың оңай әдісі көрсетілген.
- Фудблогер Гүлнар Ертай қатпарлы қамыр мен қанттан жасалатын печеньенің рецептін ұсынады.
- Печеньені дайындау үшін қатпарлы қамырды жайып, қант себіп, жүрекше пішінінде кесіп, 180 градуста 15 минут пісіру керек.
Үй жағдайында қатпарлы қамырдан жасалатын оңай әрі дәмді печеньенің рецебімен фудблогер Гүлнар Ертай таныстырады. Блогердің желідегі парақшасында осы және өзге де тағамдардың жасалу жолдарымен таныс бола аласыздар.
Сипаттамасы
Асхана: Еуропа
Санаты: десерт
Дайындалу уақыты: 10 минут
Дайын болу уақыты: 15 минут
Құрамы
Дайын қатпарлы қамыр - 1 дана
Қант - қалауыңызша
Ұсақталған қант ұнтағы - мөлшеріне қарай
Жұмыртқа - 1 дана
Дайындалуы
1. Қамырды жаямыз
Алдымен бөлме температурасындағы қатпарлы қамырды орташа қалыңдықта жайып аламыз. Қамыр қолға жабыспау үшін, оған ара-арасында ұн сеуіп отырамыз.
2. Қамырға қант себеміз
Дайын болған қамырдың бетіне қантты біркелкі етіп себеміз. Сосын қамырды екі жақ шетінен орама сияқты ораймыз.
3. Қамырда жүрекше пішінде кесіп, печенье дайындаймыз
Оралған қамырды орташа мөлшерде кесіп, оған жүрекше тәрізді пішін береміз. Сосын үстінен оқтаумен тағы да жаямыз. Печеньелерді пештің противеніне рет-ретімен салып, бетіне тағы да қант себеміз.
4. Печеньені пісіреміз
Печеньелердің бетіне жұмыртқаның сарысын жағып, алдын ала қызып тұрған отқа, 180 градуста 15 минут пісіріп аламыз. Осылайша, үй жағдайында қатпарлы қамырдан жасалатын печеньелер дайын болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2151093-15-minutta-daiyn-bolady-ui-zhagdaiynda-dukendegi-qytyrlaq-pecheneni-qalai-daiarlauga-bolady/