Дәмді маклюбе: Диана үй жағдайында сұранысқа ие тағамды қалай даярлауға болатынын айтты
Жарияланған күні:
Маклюбе түркі тілдес және араб елдерінде кеңінен таралған тағам. Оны үй жағдайында оңай әрі тез даярлауға болады. Бүгінгі материалда тойымды тағамның рецебімен таныс боласыздар.
- Маклюбе - түркі тілдес және араб елдерінде танымал тағам, оны үйде оңай дайындауға болады.
- Тағам құрамында картоп, сәбіз, баклажан, сиыр еті, күріш және дәмдеуіштер бар.
- Дайындау процесі көкөністерді, етті және күрішті қуырып, кастрюльге қабаттап салып, пісіруден тұрады.
Маклюбе түркі тілдес елдерде және Қиыр Шығыс елдерінде кеңінен танымал тағам. Үй жағдайында оның тез әрі оңай жасалу жолымен танымал фудблогер Диана Есенбекова таныстыратын болады.
Сипаттамасы
Асхана: Қиыр Шығыс елдері
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 15 минут
Дайын болу уақыты: 40-45 минут
Құрамы
Картоп - 2 дана
Үлкен сәбіз - 1 дана
Баклажан - 1 дана
Сиыр еті - қалауыңызша
Күріш - 600 г
Cұйық май - мөлшеріне қарай
Үлкен пияз - 1 дана т
Тұз, қара бұрыш, куркума - дәміне қарай
Су - 0,5 л
Дайындалуы
1. Көкөністерді тураймыз
Алдымен картоп пен сәбіздің қабығын аршып жуып аламыз. Сосын ірілеу етіп тураймыз. Пиздың да қабығын аршып, дөңгелек етіп тураймыз.
2. Сиыр етін кесек қылып тураймыз
Сиыр етін кесектеу етіп турап, қуыруға дайындап қоямыз.
3. Көкөністерді қуырамыз
Қызып тұрған табаға сұйық майды құйып, алдымен картопты екі жағын қызартып, қуырып аламыз. Сосын сол майға сәбізді қуырамыз. Дәл осылай баклажанды да орташа қалыңдықта турап, екі жақ беті қызарғанша қуырамыз.
4. Күрішті қуырамыз
Осы майға күрішті салып, тұз, бұрыш, куркуманы қосамыз. Барлығын жақсылап араластырып, майда күрішті қуырып аламыз.
5. Етті қуырамыз
Табаға сұйық майды құйып, сиыр етіп салып, қызарғанша қуырып аламыз. Сосын дәміне қарай тұз бен қара бұрышты қосамыз. Үстінен аздаған су құйып, 20 минут бұқтырып, пісіріп аламыз.
6. Тағамды кастрюльге жинаймыз
Кастрюльдің түбіне ең алдымен пиязды саламыз. Сосын үстінен қуырылған етті саламыз. Кейін сәбіз, картоп пен баклажанды рет-ретімен, бірінің үстінен бірін салып шығамыз. Соңында күрішті салып, бетін жабатындай етіп су құямыз.
7. Маклюбені пісіреміз
Маклюбені алдымен он бес минут қатты отта пісіріп аламыз. Одан кейін отты баяулатып, суы тартылғанша 30 минуттай пісіріп аламыз.
8. Тағамды дастарханға ұсынамыз
Маклюбе үшін жалпақ табақ қажет болады. Табақтың бетіне тағам піскен кастрюльді төңкеріп, өзіңіз қалаған салатпен дастарханға ұсынсаңыз болады. Соңында қалауыңызға қарай, айран қосуды ұмытпаңыз. Сондай-ақ тағамның бетін көк пиязбен әсемдеуге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2152003-damdi-makliube-diana-ui-zhagdaiynda-suranysqa-ie-tagamdy-qalai-daiarlauga-bolatynyn-aitty/