Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қыздық перде деген не және оның медицинадағы түсініктемесі қандай

Жарияланған күні:

Жіппен байланған қолдар
Қол. Көрнекі фото: freepik.com

Көптеген мәдениетте алғашқы неке түнінде жаймада қан ізі білінбесе, қыздың пәктігіне күмәнмен қарайтындар кездеседі. Расымен солай ма? Қыздың абыройы қыздық перденің бүтіндігімен өлшене ме? Ол қандай қызмет атқарады? Бұл сұрақтарға дәрігерлердің пікірі мен басылымдарда жарық көрген материалдар негізінде жауап іздеп көрейік.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Хаймен (қыздық перде) - қынап пен қынап кіреберісінің арасындағы жіңішке дәнекер тінді табақша болып, оның пішіні, көлемі және иілгіштігі әр адамда әртүрлі болады.
  • Ғалымдар хайменнің нақты функциясы туралы келіспейді: кейбіреулер оны қалдықты мүше деп санаса, басқалары қынапты микробтардан қорғайтын табиғи тосқауыл деп есептейді.
  • БҰҰ ұйымдары "пәктікті" тексеруге тыйым салуға шақырады, себебі бұл адам құқықтарын бұзады және медициналық тұрғыдан қыздың жыныстық қатынасқа түскен-түспегенін 100% анықтай алмайды.

Колесниковтің "Адам анатомиясы" еңбегінде қыздық пердеге мынандай түсіндірме берілген:

"Қыздық перде (hymen – хаймен) қынап пен қынап кіреберісінің арасында орналасқан дәнекер тінді жіңішке табақша, екі жағынан көпқабатты жалпақ эпителиймен қапталған

Қыздық перде тесігінің пішіні көбінесе жартыай тәрізді. Қыздық перденің бос жіңішке жиегі қынап тесігімен шектеледі, ал қалың жиегі қынап қабырғаларымен тұтасқан.

Қыздық перде бірінші жыныстық қатынас кезінде жарылады. Жарылған кезде қыздық перде регенерацияға ұшырап, қыздық перде қалдықтарын түзеді".

Factcheck.kz порталында жарияланған мақалада хайменге мынандай түсінік берілген:

"Негізінен, ол дөңгелек пішінді, қынаптың шетін бойлай орналасады және тесіктің бір бөлігін ғана жауып тұрады. Ересек адамдарда ол перде созылады. Сондықтан еркектің жыныс мүшесі не саусағы кіргенде хайменді "жыртпайды" және "теспейді". Көп жағдайда хайменді зақымдамай-ақ оңай өтіп кетеді.

Әркімнің хаймені (әлеуметте кең тараған атауы — "пердесі") әртүрлі. Ол сыртқы пішіні көлеміне, формасына және түсіне қарай ерекшеленеді. Кейбір адамдарда ашық күлгін я болмаса түссіз, кейбіреулерде ашық түсті не ақшыл болуы да мүмкін. Одан бөлек, уақыт өте келе формасы, көлемі және иілгіштігі өзгеріп отырады". 

Америкалық блогерлер оны былай түсіндіреді: "Адамдар қыздық пердені қынапты жауып тұратын, алғашқы неке түнінде жарылатын спорттық ойындардағы қағаз баннер секілді елестетеді. Негізі ол қынап айналасындағы жұқа серпімді пленка. Сондықтан ол бөгеу емес, шардан жасалған аркаға көбірек келеді".

Бір қызығы, ғалымдар оның функциясы туралы нақты бір тұжырымға келмеген. Кейбір ғалымдар хайменді тас дәуірінде қажет болып, уақыт өте келе қажеттілігін жоғалтқан құймышақ сияқты қалдықты мүше деп санайды.

Ал тағы бір ғалымдар тобы ол қынапты микробтардан қорғау үшін қажет деп есептейді. Бұл түсіндірмеде хаймен табиғи тосқауыл қызметін атқарады. Бірақ жас ұлғайған сайын организм қатаяды, қынапта микрофлора қалыптасып, өзін-өзі қорғай алады, оған басқа қорғаныстың қажеті жоқ болып қалады.

Webmd медициналық басылымындағы дерекке сүйенсек, жаңа туылған нәрестелерде перде сақина тәрізді келеді, қыз өсе келе ол жартыай тәрізді пішінге ие болады. Сирек жағдайда қыздық перде ұзақ уақыт бойы қынаптың барлық саңылауын жауып тұруы мүмкін, дейді мақала авторы. Сондай-ақ ол перде уақыт өте келе, тозып, өздігінен жыртылуы мүмкін екенін айтады. Кейбір қыздар оны етеккірмен шатастыруы мүмкін.

Алғашқы жыныстық қатынастағы қан қыздың пәк екенін білдіре ме?

Factcheck.kz порталы авторының ғылыми зерттеулерге сүйене отырып жазуынша, қыздың жыныстық қатынасқа түскені не түспегенінің және қанның болуының арасында байланыс жоқ, қанды "пәктік өлшемі" деу дұрыс емес.

"Хаймен созылғыш келеді және онда қан тамырлары аз. Сондықтан да секс кезінде жараланғанның өзінде көп қан ақпауы мүмкін. 

Сонымен қатар кез келген жыныстық қатынасқа түскенде, бірінші, оныншы тіпті жиырмасыншы мәрте болсын, хаймен аздап зақымдалғанынан қан ағуы және ауыруы мүмкін. Оның себебі көп. Мысалы, жеткілікті деңгейде қозбау, майдың, яғни смазканың болмауы, эмоционалды толқу, зәр шығару жолдарындағы инфекция және т.б. Сонымен қатар хаймен тек жыныстық қатынас кезінде ғана бұзылмайды немесе созылмайды. Мысалы, гимнастикамен айналысқанда, атқа мінгенде, тампон салғанда, гинеколог тексерген кезде зақымдалуы мүмкін". 

Аплазия – қыздық перденің болмауы. Адам кішігірім кемістікпен туылуы мүмкін. Сол сияқты қыздық перденің болмауы да адамның жаратылысынан. Осыған қарамастан ол қыз болып есептеледі.

Қыздың пәктігін медициналық тексеріс арқылы анықтау мәселесіне келсек, зерттеушілер бұл тәсілмен қыздық бұрын-соңды жыныстық қатынасқа түскенін не түспегенін, сонымен қатар зорланғанын немесе зорланбағанын 100 пайыз анықтау мүмкін емес деген тұжырымға келген.

Гинекологиялық кресло
Көрнекі фото: pixabay.com

Осы орайда мақала авторы 2018 жылы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы, "БҰҰ-әйелдер" және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "пәктікті" тексеруге тыйым салуға шақырғанын еске салады:

Мұндай орынсыз және медициналық тұрғыдан зиян тесттерді жүргізу адам құқықтары мен этикалық стандарттарды, соның ішінде медицинаның "Зиян келтірмеңіз" деген негізгі принципін бұзады. БҰҰ

Қорыта айтқанда, ауызекі тілде "қыздық перде" аталып кеткен хаймен әр қызда жаратылысына байланысты әртүрлі болады. Алғашқы неке түнінде қан аққан-ақпағаны қыз абыройының өлшемі бола алмайды оны тексеру адам құқығын бұзу болу есептеледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2156809-qyzdyq-perde-degen-ne-zhane-onyng-meditsinadagy-tusiniktemesi-qandai/