Мектеп тақтасынан сән сахнасына дейін: мұғалімдерге арналған гардероб
Жарияланған күні:
Білім беру - мұғалімнің негізгі міндеті. Ал ұстаздың сыртқы бейнесі өзін жақсы қырынан танытуға, шәкірттерімен байланыс орнатуға, сыныпта жағымды атмосфера қалыптастырып, өзгеге үлгі болуға септігін тигізеді. Стилист Бибігүл Ертаева мұғалімнің тұлғасын айшықтап тұратын және кәсіби қызметіне сай көрінетін қайталанбас стильді қалай жасауға болатыны жайлы кеңес берді.
- Мақалада мұғалімдердің сыртқы келбеті мен киім стилінің маңыздылығы туралы айтылып, стилист Бибігүл Ертаеваның кеңестері берілген.
- Мұғалімдерге арналған негізгі гардероб элементтері мен әртүрлі стильдер (классикалық, преппи, қалалық сән) талқыланған.
- Заманауи капсулалық гардероб құрудың маңыздылығы атап өтіліп, Z және Альфа буынының өкілдері үшін мұғалімнің стильді болуы қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген.
"Алғашқы ұстаз туралы естеліктер өмір бойы жадымызда сақталады. Мен үшін алғашқы ұстазым сондай ұмытылмас тұлға, себебі ол өте талғампаз жан болды. Ашық қоңыр, әдемі бұйраланған шаш, жеңіл макияж және нәзік хош иіс оның айналасына жоғары талғамның үлгісін көрсетті. Оның стилі өте сыпайы болды, бірақ ұстазымыз ерекше нәзік француз стилінде киінетін.
Оның бейнесі мектептегі мұғалімнің стилі тек киіммен ғана өлшенбейтінін еске салады. Ұстазымның Париж көшелерінде жүргендей әсер қалдыратын сұр түсті пальтосы әлі есімде. Желбіреген белдемшесі мен гүлді, тоқылған жемпірі керемет үйлесетін. Ол биік өкшелі етігін, қара портфель секілді әрбір элементін ұсақ-түйекке дейін үйлесімді етіп киетін.
Ұстазымыз жай ғана сабақ берген жоқ, оның сыртқы келбеті мен ішкі дүниесінің үйлесімділігі кәсіби тұлға ретіндегі болмысын көрсетті. Біз жақсы оқуға тырыстық, тәртіпті болдық, ұстазымызды ұялтпауға талпындық, тіпті үйге қайтып келе жатқанда сөмкесін көтеру үшін де таласатынбыз.
Өткенге көз жүгіртсем, мұғалімнің стилі қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл жай ғана киім-кешек емес, мұғалімнің тұлғалық қырын көрсететін, сенім ұялататын, сыныпта жағымды орта қалыптастырып, оқушыға үлгі болудың тәсілі", - дейді стилист Бибігүл Ертаева.
Мұғалімнің гардеробын жасауда нені ескеру керек?
Киім алған кезде стильге де, жеке қалауыңызға да, кәсіби мәртебеге де назар аудару керек. Ол үшін мына дүниелерді ескеру қажет:
- Классикалық киім үлгісі және мұғалім сабақ беретін оқу орнының киім үлгісі;
- Мұғалімнің жеке және табиғи болмысы: ыңғайлы стиль (ішкі "Мен"), қосымша түстер мен реңктер, дене пішімі, бет пішіні мен сызықтары, жасына байланысты имидж;
- Мұғалімнің тұлғасы. Ол қандай? Қандай адам, бойында қандай қасиеттер бар? Қандай пәннен сабақ береді?;
- Заманауи және өзекті трендтер, стильге қатысты шешімдер;
- Маусымдық киімдер;
- Жоғары сапалы және ауа өткізетін маталар.
Негізгі гардероб - сән мен стиль әлеміндегі ең қарапайым әрі ұтымды идеялардың бірі. Бұл "киетін ештеңе жоқ" немесе "не киетінімді ойлағым да келмейді" деген мәселелерді бір сәтте шешуге мүмкіндік береді.
7 элемент пен 8 аксессуар арқылы функционалдық мини-капсула мен 15-тен астам стильді бейне жасай аласыз. Мұғалімдер заманауи негізгі заттарға назар аударып, олардан капсула жасағаны дұрыс. Жинақы пішімнің арқасында киімдерді үйлестіру оңай және ондай киімдер көп жыл бойы сәннен қалмайды. Киімді сәнді және ыңғайлы етіп пішу, мата текстурасы, түсі мен аксессуарлар арқылы заманауи және дара етіп көрсететін киімдер тігуге болады. Сондай-ақ қызықты комбинацияларды жасау арқылы қара, ақ және сұр түсті өзгерте аласыз.
Негізгі заттардың капсуласы таңертең жұмысқа дайындалатын уақытты үнемдейді және гардеробыңызды шамадан тыс киілмейтін киімдерге толтырмауға, әрқашан стильді көрінуге мүмкіндік береді.
Мұғалімдерге арналған негізгі киімдер мынадай:
- екі бөліктен тұратын шалбар мен костюм;
- күртке (бешпет, пиджак, кардиган);
- көкірекше (ұзын немесе қысқа, костюм немесе тоқылған);
- қарындаш юбка (А - силуэт, бүрмелі белдемше);
- көйлек (мақта немесе жібек, атлас);
- жібек жейде;
- аксессуарлар: туфли, лофер, классикалық сөмке, белдік, шарф, зергерлік бұйымдар, сағат, көзілдірік.
Сәнді капсулалық гардероб жасау - заманауи және сенімді көрінгісі келетін мұғалімдер үшін маңызды. Мұндай киімдер уақытты үнемдеуге ғана емес, оқушының көз алдында стильді болып қалуға көмектеседі, бұл қазіргі уақытта өте маңызды. Себебі бүгінгі мектептерде сыртқы келбет пен стильге ерекше мән беретін Z және Альфа буынының өкілдері білім алып жатыр.
Бүгінгі ұрпақ трендтер найзағай жылдамдығындай өзгеретін цифрлық әлемде өсіп келеді. Балалар жаңалыққа және жаңа тәжірибе жасауға үйренген, олардың алдында беделді және үлгілі болу үшін мұғалім функционалдық қызметінен ғана емес, заманауи сән үрдістерінен де хабардар болуы керек. Себебі мұғалім тек білімге ғана емес, жалпы өмірді қабылдауға да әсер етеді.
Мұғалімдерге арналған ең жақсы стильдер
Мұғалімнің гардеробында болуға тиіс әр түрлі стиль бар. Бұл бейнелер кәсібилік пен мінезді көрсетеді, сонымен қатар мұғалімнің өзін де шабыттандырады. Бұл сізге әрқашан сәнді, ұтқыр ойлы және жас ұрпақ үшін қызықты тұлға болып қалуға көмектеседі.
Классикалық стиль
Жинақы әрі талғампаз стиль. Классикалық стиль - бұл қарапайым және бейтарап ақ, сұр, қара, сарғыш реңктерден тігілген киім түрлері. Сондай-ақ табиғи күрең қызыл, көк, жасыл, қоңыр түстерден де тігіледі. Бұл стильдегі киімдерде әшекей аз болады және сыпайы көрінеді. Классикалық киімдерге қарапайым маталар қолданылады, кейде сызықтары, жолақтары болуы мүмкін.
Преппи стилі
Бұл стиль ашық түстерден және тартымды үлгіде жасалады. Преппи стиліндегі киімдерге әр түрлі танымбелгі, фирмалық жолақтарды, монограммаларды, шеврон пайдалана аласыз. Преппи стиліне түрлі өлшем мен түстер, тор және ромб өрнектері салынады. Преппи стиліне тән түрлі трикотаж бұйымы бар: кардигандар, кеудешелер, жемпір, бадлондар.
"Қалалық сән"
Бұл стильге талғампаздық, жинақылық, әдемі сызықтар мен пішіндер тән. Мұның бәрі қалалық сәнді стильге жатады. Оның визит картасы ретінде табиғи матаның мінсіз сапасын айтуға болады. Классикалық стильдің түстер палитрасы киім арқылы ерекше көңіл-күй сыйлауы мүмкін. Ал "Қалалық сән" стиліне қызықты бөлшектер, текстуралы тігістер, асимметрия, түпнұсқа фурнитура және геометриялық креативті өрнектер тән.
Мұқият таңдалған стиль мен түстердің бояуы және аксессуарлар арқылы даралығыңызды көрсете аласыз. Аксессуарлардың ішінде бас киім, орамал, жамылғы, зергерлік бұйымдар, түйреуіш, сағат, көзілдірік, аяқ киім, сөмке және белдік - сізді ерекше көрсететін бұйымдар.
Әдетте ағылшын тілі мұғалімінің келбеті классикалық стильде көрінеді. Мұнда Ұлыбританияның туына ұқсас көк, ақ және қызыл түстерден тігілген киімдер көрсетілген. Пингвин тәрізді сюжеттік түйреуіш, фрак және таяқша ағылшын джентльменінің бейнесін көрсетіп тұр. Мұндай киімді әзіл ретінде сабақтың тақырыбына сай киюге болады.
Мұғалімнің сыртқы келбеті туралы әңгімемізді аяқтай отырып, сіздің стиліңіз ең бірінші өзіңізді шабыттандыратын, содан соң өзгелердің назарын аудартатын және сенімді арттыратын күшті құрал екенін айта кету керек. Заманауи, жарасымды киімдерден тұратын гардероб кәсіби қырыңызды ғана емес, даралығыңызды көрсетуге, үйлесімді киінуге және білім алушы шәкірттердің алдында әдемі болып жүруге көмектеседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2157177-mektep-taqtasynan-san-sahnasyna-deiin-mugalimderge-arnalgan-garderob/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.