Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ әдебиетінде кездесетін ерекше қыз есімдері

Жарияланған күні:

Қазақ аруы
Қазақтың сұлу қызының бейнесі. Көрнекі сурет: turkystan.kz

Әдебиеттегі әрбір кейіпкердің болмысы мен тағдыры тұтас бір дәуірдің көрінісі іспетті. Әсіресе, қазақ әдебиетіндегі қыздардың есімдері ерекше мәнге ие. Олар көркем шығармалар арқылы әр замандағы қазақ қыздарының сұлулығын, қайсарлығын, парасаты мен нәзіктігін айқын көрсетеді. Бұл мақалада қазақ әдебиетіндегі танымал қыз есімдері мен олардың болмысы жайлы айтылады.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Қазақ әдебиетіндегі танымал қыз есімдері (Баян, Жібек, Қамар, Ақбілек) арқылы әр замандағы қазақ қыздарының сұлулығы, қайсарлығы, парасаты мен нәзіктігі көрсетіледі.
  • Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романындағы Зере, Ұлжан және Тоғжан кейіпкерлері арқылы қазақ әйелдерінің мейірімділігі, даналығы, сабырлылығы және махаббаттағы адалдығы бейнеленген.
  • Жүсіпбек Аймауытовтың "Ақбілек" және Спандияр Көбеевтің "Қалың мал" романдарындағы Ақбілек пен Ғайша кейіпкерлері арқылы қазақ қыздарының қиын тағдыры, қайсарлығы және еркіндікке ұмтылысы суреттелген.

Қазақ әдебиетіндегі қыздардың бейнесі

Қазақ қыздары – ұлттың айнасы, рухани байлық пен дәстүрдің, сұлулық пен қайсарлықтың жарқын бейнесі. Олар қазақ халқының тарихында, мәдениетінде және әдебиетінде ерекше орын алып, өздерінің ерлігімен, парасаттылығымен және адалдығымен танымал болды. Қазақ қыздарының бейнесі арқылы біз ұлттың қалыптасуындағы әйелдердің рөлін, олардың рухани байлығын, сұлулығын, даналығын және қоғамдағы орнын көреміз.

Баян – махаббат пен адалдықтың символы

Баян – қазақ әдебиетінде ең танымал және сүйікті есімдердің бірі. Бұл есім "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" жырының басты кейіпкері Баян сұлумен байланысты. Баян сұлу арқылы қазақ халқының махаббат пен адалдық туралы түсінігі, сүйіктісіне деген шынайы сезімі мен құрметі айқын көрінеді. Баян – ғашықтық жырының басты кейіпкері ғана емес, сонымен қатар қазақ қыздарының сұлу, нәзік және батыл бейнесін қалыптастыратын бейне.

Жібек – сұлулық пен даналықтың көрінісі

Қазақ әдебиетінің тағы бір әйгілі кейіпкері – Қыз Жібек. Бұл есім қазақтың атақты "Қыз Жібек" жырының басты кейіпкері ретінде белгілі. Жібектің есімі қазақ мәдениетінде әйел сұлулығының, даналығының және нәзіктігінің символы болып саналады. Оның байсалдылығы, батылдығы және сүйіктісіне деген адалдығы көптеген қыз үшін үлгі болып келеді. Жібек образы қазақ қыздарының мінезін, көркемдігін және ұлттық болмысын керемет көрсетеді.

Қамар – еркіндік пен махаббаттың бейнесі

Қамар есімі қазақ әдебиетінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың "Қамар сұлу" романындағы басты кейіпкер арқылы танымал. Қамар – еркіндікке ұмтылған, өз өмірін өзі шешуге тырысқан қыздың бейнесі. Бұл есім арқылы автор әйелдердің қоғамдағы орны, теңсіздік мәселесі және махаббаттың еркіндігі туралы ой қозғайды.

Ақбілек – қайсарлық пен нәзіктік

Ақбілек – қарапайым қазақ ауылында өскен, сұлу, нәзік әрі ақылды қыз. Оның өмірі сынаққа толы болды. Романда Ақбілектің басынан кешкен оқиғалары арқылы әйелдің ішкі жан дүниесіндегі арпалысты, оның өмірге деген құштарлығын, қиындықтарға мойымауын көруге болады. Ол романда ақ гвардияшылардың тұтқынына түсіп, ауыртпалықтарға тап болады. Бұл қиын кезеңдегі қасірет оның жан дүниесін әлсіретіп, сенімін сынайды. Алайда Ақбілек барлық қиындыққа төтеп беріп, өз өмірін қайтадан бастауға ұмтылады. Ол қайсарлығы мен өмірге деген махаббатының арқасында өміріндегі қиындықтарды жеңе біледі. Ақбілектің ішкі әлемі, өзіне деген сенімі оны жаңа өмірге жетелейді.

Ақбілек – қазақ әйелінің қиындыққа төзе білетін қайсарлығының, рухани күші мен өмірге деген махаббатының көрінісі. Жазушы Жүсіпбек Аймауытов Ақбілек арқылы қазақ қоғамындағы әйелдердің тағдыры мен орны, рухани байлығы мен қиындықпен бетпе-бет келе білетін қасиеттері туралы терең ойларын жеткізген.

Жазушы Жүсіпбек Аймауытов "Ақбілек" романының бас кейіпкері арқылы сол замандағы қазақ әйелдерінің тағдырын, олардың өміріндегі қиындықтар мен сынақтарды, әлеуметтік мәселелерді шебер суреттеген.

Сары гүл
Шық түскен гүл. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық әдебиеттің дамуына зор үлес қосқан жазушы. Оның шығармаларында әйел образы ерекше орын алады. Әуезов әйелдер арқылы қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі, тұрмысы мен сол қоғамдағы әйелдің орны туралы терең ойларын жеткізген. Оның кейіпкерлері тек қазақ әйелінің бейнесін ғана емес, сол кездегі қоғамның ахуалы мен өмір салтын көрсетеді.

Зере – мейірім мен даналық

"Абай жолы" романындағы Зере – Абайдың әжесі, қазақ әйелінің ерекше үлгісі ретінде танымал. Зере – мейірімді, парасатты, рухани байлығы мол, даналыққа толы кейіпкер. Ол Абайдың қалыптасуында үлкен рөл атқарды және оның рухани байлығының, ақыл-парасатының негізін салды. Зеренің бейнесі арқылы Мұхтар Әуезов қазақ қоғамындағы әженің рөлін, оның отбасының тірегі, рухани жетекшісі болғанын көрсетті.

Ұлжан – ана махаббаты

Ұлжан – Абайдың анасы, өз ісінде сабырлы, даналыққа толы ана бейнесін сомдайтын кейіпкер. Ұлжанның образы арқылы Мұхтар Әуезов әйел адамның төзімділігі мен отбасына деген сүйіспеншілігін, қамқорлығын көрсетті. Ол Зеренің қолында тәрбие алған, өзіндік даналығымен, мінезінің жұмсақтығымен ерекшеленген. Ұлжанның сабырлылығы, қиындықтарға қарсы тұра білетін қасиеті қазақ әйелдерінің табандылығы мен парасаттылығын бейнелейді.

Тоғжан – Абайдың алғашқы махаббаты

"Абай жолы" романындағы Тоғжан бейнесі – Абайдың жүрегінде мәңгі сақталып қалған алғашқы махаббатының символы. Тоғжан – сұлу, нәзік, ақылды қыз, оның бойында қазақ қыздарына тән сыпайылық пен инабаттылық қасиеттері бар. Абай мен Тоғжанның арасындағы махаббат – таза, шынайы сезімнің көрінісі. Тоғжанның бейнесі арқылы Мұхтар Әуезов махаббаттың адам өміріндегі орны мен мәнін, оның таза және мәңгілік екенін көрсетеді.

Қазақ аруы
Қазақ қызының бейнесі. Көрнекі сурет: mail.kz

Қазақ әдебиетіндегі үздік шығармаларға арқау болған қыздардың дерлігі басынан ауыр тағдырды кешкен. Олар нәзік болмысымен, адалдығымен және өмірге деген құштарлығымен оқырманын баурап ала білді. Сондай кейіпкерлердің бірі – Ғайша.

Ғайша – тағдырлы кейіпкер

"Қалың мал" романы – қазақтың көрнекті жазушысы, ағартушысы Спандияр Көбеевтің қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтерген, әйелдердің тағдыры мен сол дәуірдегі қазақ халқының өмірін терең зерттеген шығармаларының бірі.

Автор қазақ қоғамындағы ескірген салт-дәстүрлердің, әсіресе, қалың мал төлеу арқылы қызды күштеп тұрмысқа беру, әйелдердің құқықтарының шектелуі сияқты мәселелерді сынға алады. Романдағы басты оқиғалар екі жас – Ғайша мен Жүсіптің махаббат тарихы төңірегінде өрбиді.

Ғайша – ауылдың сұлу, ақылды, бірақ сол замандағы салт-дәстүрлердің құрбаны болған қыз. Оның әкесі оны қалың мал үшін қарт байға ұзатпақшы болады. Бірақ Ғайша бұл тағдырына көнгісі келмейді, себебі ол жас әрі сүйген адамы – Жүсіпті жақсы көреді. Романда Ғайшаның тағдыры арқылы әйелдердің сол кездегі жағдайы, олардың еркіндікке деген ұмтылысы, қоғамның әділетсіздігі мен қатыгездігі баяндалады. Жүсіп те Ғайшаны құтқару үшін күреседі, бірақ қоғамның қатаң тәртібі, байлар мен биліктегілердің әділетсіздігі оларға қарсы тұрады. Осылайша роман махаббаттың, адалдықтың, әділдікке ұмтылудың үлгісін көрсетеді.

Қазақ әдебиетіндегі қыз есімдері тек кейіпкерлердің аты ғана емес, оларды қазақ халқының мәдениеті мен тарихында ерекше орын алатын тұлғалар деуге болады. Себебі әрбір есімнің артында тұтас бір тағдыр, тарих жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2164633-qazaq-adebietinde-kezdesetin-erekshe-qyz-esimderi/