Сәнді әрі әдемі: 2024-2025 жылдың күз-қыс маусымына арналған аксессуарлар топтамасы
Жарияланған күні:
Қалпақ, қолғаптар мен түрлі әшекейлер - бұлардың барлығы 2024–2025 жылдардың күз-қыс маусымына арналған аксессуарлар топтатамасы. Сыртқы образға қосымша сұлулық беретін аталған бұйымдарды қалай үйлестіріп киюге болады? Стилист Бибігүл Ертаева жауап іздеп көрді.
- 2024-2025 жылдардың күз-қыс маусымына арналған аксессуарлар топтамасында жүннен тоқылған және мамық матадан тігілген бұйымдар, соның ішінде орамалар, шарфтар, сөмкелер мен аяқ киімдер трендке айналған.
- Бас киімдер саласында бини шапкалары, чепчиктер, балаклава, капорлар, қалпақтар, береттер, шарфтар, брошы бар жалпақ қалпақтар, капроннан тігілген тюрбандар, фуражкалар, кепкалар мен котелоктар сәнді болып отыр.
- Қолғаптар маңызды аксессуар ретінде танылып, ұзын торлы қолғаптар, трикотаждан тігілген қолғаптар мен былғары қолғаптар ерекше сұранысқа ие, оларды пиджак, мойны ашық көйлектермен және тіпті сырт киімсіз де киюге болады.
Аксессуарлар — гардеробтың образға қосымша рең беретін, адамды ерекшелендіретін әрі оны сәнді ететін элементі. Олардың көмегімен образды толықтырып, стильді ерекше етуге болады. Сонымен бірге, аксессуарларды сыртқы образыңызбен үйлесім табатындай етіп топтастыруға да болады.
Мамандардың пікірінше, аксессуарларға бас киім, сәнді бұйымдар, сөмке, клатч мен әмияндар, аяқ киім, белбеу, орамал мен шарфтар, көзілдіріктер мен сағат, қолшатып, қолғап, шұлық сынды киім-кешектер кіреді. Аксессуарлардың көмегімен образды түрлендіріп, стиліңізді ерекшелеуге болады.
Сонымен қатар, аксессуарлар сыртқы тәніңіздің жасыратын тұстарын жасыруға мүмкіндік береді. Мәселен, белбеу беліңізді жіңішкертсе, ұзын сырға томпақ бетіңізді сүйірлендіреді, ал орамал образыңызды ерекшелей түседі. Көптеген аксессуардың эстетикалық функциямен қатар, адамға пайдалы тұстары да жетерлік. Мысалы, шарфтар мен қолғаптар қыста жылы киім ретінде пайдаланылады.
Аксессуарлардың пайда болу тарихы
Аксессуарлар ежелден бері қоғамда маңызды роль атқарған. Олар тек сәндік бұйым ретінде пайдаланылмай, адамдардың қай тапқа жататынын, оның қоғамдағы мәртебесін де айқындап тұрған. Тарихта әр кездері адамның киіміне қарағанда, образ детальдары ол жайлы көп мағлұмат беріп тұрған. Аксессуарлар әр түрлі кезеңдерде қандай мағына берген. Төменнен біле аласыздар:
- Антика және Орта ғасыр кезеңі. Ежелгі Египетте әшекей бұйымдар мен бағалы тастарға қарап, адамдардың қай тапқа жататынын білетін болған. Еуропада Орта ғасырларда киімдегі ою-өрнек пен әшекейге қарап, халықтың қай өңірден әрі қай тапқа жататынын болжаған.
- Ренессанс дәуірі. Әшекей бұйымдар қай заманда болса да байлық пен молшылықтың белгісі саналған. Мысалы, көлемді алқа мен сақинаны тек ауқатты адамдар ғана таққан екен.
- XVIII–XIX ғасырлар. Бас киімдер мен киімдегі брошь некедегі әйелдердің мәртебесін айғақтап тұрған. Мысалы, әйел адамның қолында сақинасы болса, онда ол тұрмысқа шыққан деген мағынаны білдірген.
- XX ғасыр. Жиырмасыншы ғасырдың басында інжу мен маржан, қолғаптардағы әшекей бұйымдар ерекше сәнді көрінген. Бұл дәуірде орамалдар мен брошьтар да ерекше танымал болған.
Көргеніміздей, аксессуарлар әрдайым сән әлемі мен мәдениеттің ажырамас бөлігі болған. Оларға қарап, адамның ерекше стилі мен сұлулығын байқауға болады. Қазіргі таңда, аксессуарлар ежелдегідей аса танымал болмаса да, сән әлемінің оған қатысты өз тренді бар.
Күзгі маусымдағы сән апталығы
Күз — табиғатта ғана емес, әр адамның гардеробының да өзгеретін кезеңі. Маусымдық өзгерістер образға қосымша сұлулық беретін аксессуарларды да айналып өтпеді. Үлкен төрттікте (Нью-Йорк, Лондон, Милан, Париж) өткен сән апталықтары бұған дәлел бола алады.
Биылғы маусымда дизайнерлер реңкті түстерді минимализм мен элегантты классиканы үйлестіре отырып ерекше киім үлгілерін ұсынуда. Сол себепті, аксессуарлар образды толықтырып қана қоймай, кез келген нәзік жандыны ерекше сұлу ететіні анық. Сондықтар маусым сайын гардеробты жаңартпай, аксессуарларды сәнді әрі орынды пайдаланып үйреніңіз.
Жүннен тоқылған және мамық матадан тігілген аксессуарлар
Қысқы маусымды жылы және жұмсақ аксессуарларсыз елестету мүмкін емес. Осы орайда, биылғы маусымда мамық аяқ киімдер мен сөмкелер тағы да трендте болмақ. 2024–2025 жылдардың күз-қыс маусымы аталған аксессуарлар түрлене түскен. Оның дәлелі ретінде, төмендегі мысалдарды келтіреміз:
- Жүннен тоқылған орамалар. Биылғы жылы сән әлемінің дизайнерлерін таң қалдырған тері орамалары трендке енді. Мұндай аксессуар сізді суықтап қорғап қана қоймай, образыңызды ерекше етеді. Аталған ораманы шашыңызды жайып, өріп немесе жинап қойып та таға аласыз. Жүннен жасалған орама классикалық сырт киім, пуховик, көлемді жемпірлермен де үйлеседі. Орама - суық маусымда образыңызды ерекшелеп, сізді сәнді ететін аксессуарлардың бірі.
- XXL мөлшеріндегі жүннен тоқылған және мамық шарфтар. Жүннен тоқылған көлемді шарфтар мен мамық матадан тігілген шарфтар суық күні сізді жылытып қана қоймай, сізді өзгелерден ерекше етеді.
- Тера мен жүннен тоқылған сөмкелер. Биылғы жылы көлемді тоуттар, шопперлер мен клатчтар сәнге енген. Мұндай сөмкелердің көлемді әрі мамық талшықтарының көп болғаны соншалық, оны сырт киімнен ажырату қиын. Олар statement-образ жасауға таптырмас құрал болмақ. Оларға пайдалануға ыңғайлы болғанымен қатар, образға ерекше рең береді. Сөмкедегі жүн талшықтары неғұрлым ірі көлемді болған сайын, соғұрлым сәнді боласыз. Сонымен бірге, мұндай сөмкені таңдау барысында жүннің барынша табиғи болуына, күлгін немесе аспан түстес көгілдір сияқты ашық реңкті болуына баса мән беріңіз.
- Жүннен жасалған аяқ киімдер. Бәтіңке, етік, лофер, балеткалар мен клогтар, тіпті туфлилердің өзі жүннен жасалса таң қалмаңыз. Биылғы күз-қыс маусымында мұндай аяқ киімдер трендке айналып отыр.
- Жүннен жасалған элементтері бар аксессуарлар. Сөмкелердегі үлпілдек таққыштар, жүннен тоқылған қолғаптар да биылғы жылы сәнге енген. Сол сияқты биылғы маусымда мамығы бар құлаққаптарды да киіп көріңіз. Мұндай сәнді бұйымдар сізді суық күні жылытып қана қоймай, образыңызға да ерекше стиль береді.
Көргеніміздей, аталған аксессуарлардың барлығы биылғы қысқы маусымның басты сәнді бұйымдарына айналмақ. Олар образды айрықша етумен қатар, кез келген жанды сәнді ете түседі. Сондықтан өзіңізге ұнаған сәнді аксессуарды таңдап, қалағанын киіңіз.
Бас киімдер
Бас киімдер бұрыннан-ақ ыңғайлы болу сипатынан шығып, 2024–2025 жылдардың күз-қыс маусымында образдың ерекше нысанына айналды. Бұл ретте дизайнерлер бас киімдердің түрлі үлгілерін ұсынуда. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек:
- Бини шапкалары. Бұл базалық әрі әмбебап бас киім болмақ. Егер шапкаңыз ерекше әдемі әрі сәнді болсын десеңіз, тігісі әр түрлі, ашық түсті бас киімдерді таңдаңыз. Бини шапкалары денеге жабысып тұратын киімдермен, классикалық киіммен және кешкі көйлектермен тамаша үйлесім табады.
- Чепчиктер, балаклава және капорлар. Чепчиктер образға винтажды романтика сыйласа, балаклавы батылдықты білдіреді, ал гүлі бар капорлар образға нәзіктік береді.
- Қалпақтар XX ғасырдың ортасында сәнде болса, биылғы жылы ол тағы қайтып келмек. Олар классикалық пальто, костюм және көйлектермен керемет үйлесе алады. Қалпақтарды ерекше кешкі асқа немесе күнделікті образға пайдалануға болады.
- Береттер мен шарфтар образды романтикалық әрі нәзік ете түседі. Биылғы маусымда жүннен тоқылған, тері және фетрдан жасалған береттер сәнді болады. Сол сияқты жібек пен кашемирден тігілген косынкалар да сәнді болмақ. Оларды басқа киюмен қатар, мойынды орауға, сөмкені безендіруге пайдалануға болады.
- Брошы бар жалпақ қалпақтар - жай ғана аксессуар емес, сонымен қатар сәнді тренд болып отыр. Ол кез келген стильге үйлесіп, образдың маңызды элементіне айнала алады.
- Капроннан тігілген тюрбан. Бұл бас киім биылғы маусымның басты хиті. Подиумдарда көрсетілгеннен кейін, сән әлемінің майталмандары оны бірден өз топтамаларында шығара бастады. Тюрбан образға құпиялылық, батылдық пен есте қаларлық сәт сыйлайды.
- Фуражка, кепка және котелоктар. Фуражкалардың ішінде биылғы жылы жүн, твид және теріден тігілген түрлері ерекше танымал. Әсіресе, лакталған қосымшасы мен метал детальдары бар фуражкалар ерекше сұранысқа ие екен. Ал кепкалардың барқыт, фетр және вельветтен тігілген түрі кеңінен танымал екен. Күнделікті өмірге мақта және теріден тігілген түрлерін киюге болады. Сол сияқты шақпақ, бір түсті, твидтен тігілген кепкалар да биылғы жылы сәнде. Котелоктардың фетр, велюр және киізден жасалған түрі айрықша сұранысқа ие. Олар классикалық кешкі образдарды толықтырып, оларға винтазды акцент береді.
Бас киімдердің қандай түрі болса да, өзіңізге ыңғайлысын әрі жарасатынын таңдаңыз.
Қолғаптар - маңызды элемент
Биылғы жылы подиумдарда қолғаптар ерекше сәнде болды. Енді қолғаптар тек суықтан қорғайтын киім ғана емес, олар сән әлемінің маңызды аксессуарына айналды:
- Ұзын, торы бар қолғаптар. Классикалық қолғапқа тиімді балама болмақ. Олар кешкі кездесулер мен ерекше образдарға дәл келеді.
- Трикотаждан тігілген қолғаптар. Олар киюге ыңғайлы әрі жылы, күнделікті casual образға сай келеді. Жұмсақ трикотаж қолайлылықпен қатар стиль береді.
- Былғары қолғаптар. Дизайнерлер ашық түсті көйлектер мен етегі кең белдемшелерге қосымша ретінде былғары қолғаптарды ұсынып отыр.
Биылғы маусымда қолғаптарды қалай киюге болады? Төменнен біле аласыздар:
- Пиджак. Кең пиджактың жеңін түріп, ұзын қолғаптарды киіңіз. Мұндай лук нәзіктік пен сұлулықты береді.
- Мойны ашық көйлектер. Ұзын қолғаптар денедегі ашық жерлерді жауып, образды түрлендіре түседі.
- Сырт киімсіз қолғап кию. Қолғаптарды биылғы маусымда топ немесе жеңіл көйлектермен қорықпай кие аласыз. Ол сізді ерекше сәнді ете түседі.
Бұл биылғы жаңа топтаманың тек бастапқы элементтері болмақ. Біз олардың ішінде тек маңыздыларына ғана тоқталдық. Аталған бұйымдардың барлығы образды ерекше және сәнді етеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2182583-sandi-ari-ademi-2024-2025-zhyldyng-kuz-qys-mausymyna-arnalgan-aksessuarlar-toptamasy/