Хит болған Cookies печеньесі: Гүлжанат Нұрышева танымал десертті дайындаудың құпиясын айтты
Жарияланған күні:
Америкалықтардың атақты Cookies biscuit печеньелері бүгінде трендке айналып, желі қолданушыларының қолдауына ие болып жатыр. Үй жағдайында әйгілі тәттіні оңай әрі тез дайындауға болады. Бүгінгі рецептте көптің көңілінен шыққан печеньенің жасалу жолымен бөлісетін боламыз.
- Америкалық Cookies biscuit печеньесінің үйде дайындау әдісі танымал фудблогер Гүлжанат Нұрышеваның рецепті бойынша ұсынылады.
- Печеньенің негізгі құрамдас бөліктері - сары май, қант, жұмыртқа, ұн, какао, қопсытқыш, ас содасы, тұз, бояғыш ұнтақ, шоколад және сүзбелі ірімшік.
- Дайындау процесі салма жасаудан басталып, қамыр илеу, печенье пішінін жасау және пеште 180 градуста 15-20 минут пісіруден тұрады.
Cookies biscuit печеньелерінің дайындалу жолымен белгілі фудблогер Гүлжанат Нұрышева таныстыратын болады. Блогердің YouTube арнасынан осы тәрізді көптеген тағамдар мен тәттілердің рецебімен таныс бола аласыздар.
Сипаттамасы
Асхана: Америка
Санаты: десерт
Дайындалу уақыты: 10 минут
Дайын болу уақыты: 20 минут
Құрамы
Сары май - 125 г
Қант - 200 г
Жұмыртқа - 1 дана
Ұн - 300 г
Какао - 1 ас қасық
Қопсытқыш - 1 шай қасық
Ас содасы - 0,5 лай қасық
Тұз - шым-шым
Бояғыш ұнтақ - 1 шай қасық
Шоколад - 100 г
Сүзбелі ірімшік - 160 г
Қант ұнтағы - 50 г
Дайындалуы
1. Салмасын дайындаймыз
Алдымен печеньенің салмасын дайындап аламыз. Ол үшін шұңғыл ыдысқа сүзбелі ірімшікті салып, үстінен қант ұнтағын себеміз. Екеуін жақсылап араластырамыз. Сосын домалақ шар тәрізді пішін беріп, мұздатқышқа салып, қатырамыз.
2. Cары май мен қантты араластырамыз
Шұңғыл ыдысқа сары майды саламыз. Сосын бетіне қант сеуіп, миксердің көмегімен немесе қолмен араластырамыз. Жұмыртқа қосып, тағы да араластырамыз.
2. Қамырдың құрғақ құрамын араластырамыз
Ыдысқа електен өткізілген ұн, қопсытқыш, какао ұнтағы, ас содасы мен тұзды салып, барлығын жақсылап араластырамыз. Араластырған құрамды сары майға қосып, миксермен тағы да араластырамыз.
3. Жұмсақ қамыр илеп, бояғышты қосамыз
Қамыр дайын болған соң, оған бояғышты тамызамыз. Барлығын жақсылап араластырып, жұмсақ қамырға ұсақ шоколадты қосамыз. Үйіңізде ұсақ шоколад болмаса, кез келген шоколадты ұнтақтап, қоссаңыз болады.
4. Қамырдан печенье жасаймыз
Пештің темір тақтайшасына пергамент қағазын төсейміз. Сосын қамырды шамамен жетіге бөлеміз. Әр бөлік шамамен 102 г болуы тиіс. Сосын мұздатқышта тұрған салманы алып, арасына саламыз.
5. Печеньені пісіреміз
Печенье көлемі жағынан үлкен болып шығады. Пішіні келген тәттілерді алдын ала қызып тұрған пешке, 180 градусқа 15-20 минутқа қойып, пісіріп аламыз. Тәтті десертті суығаннан кейін, дастарханға ұсынсаңыз болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2191740-hit-bolgan-cookies-pechenesi-gulzhanat-nurysheva-tanymal-desertti-daiyndaudyng-qupiiasyn-aitty/