Жылан жылына идеялар: жаңа жылдық дастарханды биыл қалай сәндеуге болады
Жарияланған күні:
Бар болғаны бірнеше аптадан соң, адамзат баласы тағы бір жылды еңсеріп, жаңа 2025 жылға қадам басады. Биылғы жыл Жылан жылы болғандықтан, дастарханды жыл символына қарай қалай сәндеуге болады? Бүгінгі материалдан білетін боласыздар.
- 2025 жылғы Жылан жылына орай, жаңа жылдық дастарханды жасыл түсте безендіру ұсынылады, бұл өміршеңдік пен үйлесімнің белгісі болып табылады.
- Дастарханды әзірлеуде экостиль, арт деко, скандинавия және кантри стильдері ұсынылып, табиғи материалдар мен минималистік элементтерді қолдану маңызды.
- Мамандардың айтуынша, дастарханға шырша бұтақтары, майшам, гирлянда сияқты элементтерді қосып, жібек, таза мақта немесе зығыр маталарын пайдалану керек.
Жаңа жыл отбасылық мереке болғандықтан, мерекені дастархан басында, жақындарыңызбен бірге қарсы алу - мейрамды атап өтудің ең тиімді жолы болмақ. Ал, жылдың басты мерекесі есте қаларлықтай өту үшін әрі жаңа жылдың символымен тұспа-тұс келуі үшін, дастарханды ерекше етіп сәндеуіңізге болады. Биылғы жылдың белгісі - Жылан жылы жаңа жылдық дастарханды қалай безендіреміз? Мамандар кеңесіне жүгінетін боламыз.
Дастарханның түсі
Биылғы жыл - ағаш Жылан жылы болғандықтан, жыл иесінің түсіне сай дастарханда жасыл түске басымдық беруге кеңес беріледі. Мамандардың пікірінше, Жылан жылының негізгі түсі жасыл болғандықтан, дастарханды да дәл осы түсте таңдаған абзал. Сонымен қатар, жасыл реңк - шырша, жаңа жылдық декордың классикалық үлгісі болғандықтан, дастарханыңызды осы түстен таңдасаңыз, еш ұтылмайсыз.
Жасыл түс - өміршеңдік, тыныштық пен үйлесімнің белгісі. Аталған түс әмбебап болғандықтан, дастарханыңызды - ақ, көк, қызыл және қоңыр түстермен үйлестірсеңіз болады. Оған қоса дастарханға лампа, майшам мен гирлянданы қойсаңыз - мерекелік дастархан тіптен әдемі болып кетеді.
Сонымен бірге, жаңа жылдық дастарханды қызыл, көк және қоңыр түсті дастарханмен сәндесеңіз болады. Мәселен, қызыл түсті дастархан мерекелік көңіл-күй сыйласа, көк күміс және алтын түсті элементтермен тамаша үйлесім табады. Көк түсті дастархан мерекелік отырысқа ерекше атмосфера сыйлап, дастархан басындағы қонақтарды өзінің ұстамдылығымен көз сүйсіндіретін болады.
Сол сияқты дастархан таңдау барысында қоңыр, ағаш түсті түстерге мән беріңіз. Дастарханыңыздың дәл осындай түсте болуы оған классикалық сипат сыйлайды және табиғилығымен көздің жауын алатын болады.
Мерекелік дастарханды сәнді еткіңіз келсе, алтын түсті дастархан таңдасаңыз болады. Мәселен, ақ дастархан үстіндегі алтын жалатылған сәнді ыдыстар мен қасық, шанышқы дастарханға мерекелік сипатпен бірге, классикалық үлгіні еске салады.
Дастархан жаю стилі
Мерекелік дастарханды сәндеместен бұрын, алдымен қандай стильде дастархан жаятыныңызды нақты біліп алған жөн. Себебі, дастархан иесі аталған стильге қарай ыдыс-аяқтар мен дастарханхы безендіру элементтерін, яғни майлық, майшам және т.б. да элементтерді таңдайтын болады. Осыған орай, жаңа жылдық дастарханды безендірудің ең маңызды стильдерін төменде ұсынамыз.
Эко стиль
Мамандар 2025 жылы экостиль өзекті болатынын алға тартады. Мұндай стильді таңдасаңыз, дастарханға табиғи композицияларды, мәселен ағаштан жасалған бұйымдарды қойғаныңыз жөн болады. Мысалы, ыдысыңыз керамикадан болса, дастархан мақта матасынан болуы тиіс. Сол сияқты мұндай дастархан стиліне табиға шырша мен оның шишкаларды пайдалансаңыз болады.
Арт деко стилі
Жер үйде тұрсаңыз, арт деко стилі жаңа жылдық дастархан үшін таптырмас стиль болмақ. Ол үшін қолыңызда бояуы қанық дастархан, жылтыр немесе алтын, күміс түсті безендіру элементтері болса болғаны. Мұндай стильге жібек немесе атлас матасындағы майлықтарды пайдалансаңыз болады. Сондай-ақ, аталған үлгідегі стильде геометриялық ою-өрнегі бар ыдыстарды, металдан жасалған мүсін немесе жыл белгісінің мүсінін пайдалансаңыз болады.
Скандинавия және кантри стилі
Минималистік стиль - скандинавтық үлгідегі дастархан сәндеу үлгісіне тән ерекшелік. 2025 жылы осындай стильде дастархан жаямын десеңіз, онда барынша аз сәндеу құралдары мен қарапайым үлгідегі ыдыстарды қолданғаныңыз жөн болады.
Мұндай үлгіде дастарханды сәндеу үшін: ақ, ақшылтым және көгілдір түсті пайдаланыңыз. Ал, дастарханға шырша бұтақтарын, майшам мен гирляндаларды қойсаңыз болады. Одан бөлек, орындықтарға жұмсақ ойыншық, көрпешелерді де қойсаңыз болады. Олар дастарханға ерекше жылылық пен ыңғайлылық береді.
Жаңа жылдық дастарханды сәндеудің танымал үлгілерінің қатарында - кантри стилі де бар. Мұндай стиль арқылы таза мақта мен зығырдан жасалған майлықтарды пайдалануға тура келеді. Сол сияқты аталған үлгідегі дастархан жаю стилінде қоңыр, қоңырқай, жасыл, қызыл сияқты табиғи түстерге басымдық беріледі.
Дастархан сәндеудегі негізгі және қосымша элементтер
Жаңа жылдық дастарханды сәндеу үшін, алдымен дастархан матасы, ыдыстарды дастарханға қою және декор элеменеттерін анықтап алу қажет. Ол үшін, жайылатын дастарханның қандай матадан тігілетініне мән беріңіз. Мамандар 2025 жылы жібек, таза мақта мен зығыр маталарына басымдық берілетінін айтады.
Сол сияқты дастархан матасымен бірге майлықтардың да тура сол матадан тігілгені жөн. Сол сияқты қол сүртетін майлықтарды да, таңдаған стиліңізге қарай орналастырсаңыз болады.
Қыз-келіншектер дастарханды таңдаған соң, талғамына қарай жаңа жылдық ыдыстар мен қасық, шанышқыларды сәндеп қоюы тиіс. Бұл бағытта да әр адам өз қалауын таңдағаны жөн болады. Мәселен, кейбір әйелдер жаңа жылдық дастарханды безендіру барысында қарапайымдылыққа мән беріп, үйдегі тәрелке, бокалдарды дастарханға қойса, енді бірі шырша, Аяз ата үлгілеріндегі ыдыстарды таңдауы мүмкін.
Жаңа жылдық дастарханды әзірлеуде майшам, шырша шишкалары, шырша ойыншықтары, грилянда, гүл сынды қосымша элементтерді де ұмытпаған жөн болады. Олардың әрқайсысын таңдаған стиліңізге қарай бейімдеп, қалауыңызша дастарханды сәндесеңіз болады.
Жалпы, мамандар 2025 жылы - ағаш Жылан жылына арналған дастарханды сәндеу барысында, төмендегі кеңестерге құлақ түруді ұсынады:
- Жылан шығыс мәдениетінде ақыл, парасат, құпиялылық пен күштің белгісі. Сол себепті дастарханды сәндеу барысында оның образы иректер, ерекше үлгідегі ыдыстар мен бояулардың қанықтығы арқылы көрініс табады.
- Дастарханға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін, оған бар болғаны бірнеше шырша бұтағын немесе алқызыл лентаны қойсаңыз болғаны.
- 2025 жылы мерекелік дастарханды безендіру барысында барынша табиғи материалдарды пайдаланыңыз: аршаның немесе қылқан тәрізді ағаштардың бұтақтары, балғын жемістер және т.б.
- Жаңа жылдық дастарханды сәндеуде айрықша бұйымдарды қойып қажет емес, бастысы қолда бар заттармен, жаңа жылдық тақырыптағы құралдармен дастарханды сәндеп шықсаңыз жеткілікті.
- Жаңа жыл шыршаның хош иісі, мандарин мен тәтті печеньелермен байланыстырылатындықтан, аталған заттарды дастарханға қоюды ұмытпаңыз.
- Жақындарыңызға ерекше көңіл-күй сыйлағыңыз келсе, әрқайсысына құттықтау пен тілек жазып, тәрелкеге салып, тілегіңізді жаңа жылдық сувенирмен толықтырыңыз.
Жаңа Жылан жылы - дастарханды сәндеу барысында, жоғарыдағы кеңестерге құлақ салуды ұмытпаңыз. Бастысы дастархан безендірудің қай үлгісін таңдасаңыз да, барлығын махаббатпен даярларсаңыз болғаны. Жақындарыңыз міндетті түрде сіздің бұл ниетіңізді ерекше бағалайтын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2196851-zhylan-zhylyna-ideialar-zhanga-zhyldyq-dastarhandy-biyl-qalai-sandeuge-bolady/