Top.Mail.Ru

Зектілері

Шашбауды қазақ қыздары қай уақытта таққан

Жарияланған күні:

Шашбаулы қыз
Шашбау тағылған қыз бұрымы. Көрнекі сурет: caravan.kz

Зергерлік бұйымдар қазақ халқы үшін ежелден ерекше өнер саналған. Әшекейлер дәстүрлі ою-өрнектермен, әсемдігімен ерекшеленген. Сондай-ақ олар көз тию мен тіл-көзден сақтайтын тұмар іспеттес болған. Бұл мақаламызда қазақ қыздарының шашбауды қалай таққаны туралы тарқатып жаздық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Шашбау қазақ қыздарының шашына тағатын дәстүрлі әшекей бұйымы, ол қыздың бойжеткен кезеңге өткенін білдіреді.
  • Шашбау көбіне күмістен жасалып, асыл тастармен безендіріліп, шаштың түбіне бекітіледі және тазалықты, бақытты жастық шақты бейнелейді.
  • Шашбау әр аймақта әр түрлі жасалады, ол тек сәндік зат қана емес, қазақ қыздарының қоғамдық мәртебесін, отбасылық жағдайын көрсететін ұлттық мұраның бір үлгісі болып саналады.

Қазақ қыздары таққан шолпы, шашбау жайлы не білеміз?

Халық нанымында шашқа сиқырлы күш берілген деген сенім бар, ал оны қорғау үшін арнайы қазақ қыздары "шолпы" немесе "шашбау" сынды әшекей бұйымдар таққан. Шолпы – металдан жасалған, нәзік оюлы өрнектермен және тиындармен безендірілген әшекей.

cultural.kz мәліметіне сүйенсек, бұл әшекейдегі тиындардың саны міндетті түрде тақ болуға тиіс: үш, бес, жеті. Қыз балаларға арналған шолпылар сырға сияқты қарапайым әшекейлермен безендірілсе, тұрмысқа шығатын қыздар ерекше мәртебесін көрсету үшін сәнді, әдемі шолпылар тағып жүрген. Шашқа өріліп бекітілген шолпылар қозғалыс кезінде нәзік әуенді дыбыс шығарып, иесін жаман рухтардан қорғайды деп сенген. Мұндай әшекейлер әдетте қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін тек бір жыл тағылған.

Шашқа арналған тағы бір әшекей бұйым шашбау деп аталады. Бұл – ұзын, күрделі өрілген, көбіне қос немесе үш жіптен тұратын тізбектер. Шашбауға тиындар тігіліп, ұшы жібек шашақтармен немесе күміс әшекейлермен безендірілген. Шашбау қыздардың шашының түбіне бекітіледі, ол тазалықты, бақытты жастық шақты бейнелеген.

Шашбау қай кезде тағылған?

Қыз он беске толғанда шашбау тағады. Бұл жайлы "Шашбау – әжемнің көзі іспеттес" мақаласында жазылған. Шашбау – қазақ қыздарының шашына тағылатын әсемдік бұйым ғана емес, сонымен қатар ұлттық танымның бір белгісі саналған. Ол қыз баланың бойжеткен кезеңге өткенін білдіріп, оның көркін айшықтай түскен. Шашбау таққан қыз бойын тік ұстайды әрі жүріс-тұрысын жөндеп, әдептілікті сақтайды.

Шашбау қалай жасалады?

Шашбауды күмістен қақтап жасайды. Содан соң оған түрлі-түсті асыл тастарды орнатады. Шашбаудың моншақ тізілген ұзын күміс шынжырлы бауы бар түрлері жиі тараған. Бұл бұйым жасалған материалына байланысты алтын шашбау, күміс шашбау, тіллә шашбау деп аталады.

"Алпамыс батыр" дастанында Гүлбаршынның тіллә шашбау таққаны туралы мына жолдардан кездестіруге болады:

Заманында тағыпсың,

Тіллә шашбау жар-жар.

Шашбау өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылған. Бұл әшекей бұйым түркі халықтарында ежелден қолданылып келеді. Шашбауды алтын, күміс тиындармен немесе маржан тастармен безендірген. Әр халықтың дәстүріне байланысты шашбаудың жасалу жолы мен безендірілуі түрліше болған.

Күміс шашбау
Күмістен жасалған шашбау. Көрнекі сурет: pavlodarnews.kz

Қазақ зергерлері шашбауды көбіне күмістен жасап, оған ерекше сән берген. Бұйымның ұшына күміс теңгелер (сөлкебай) тізбектеліп ілініп, түрлі-түсті масаты немесе жібектен тоқылған шашақтармен әсемделген. Ал матадан жасалған шашбаудың екі ұшына зерлі шашақ тағып, үстіңгі жағынан бунақтап құндыз тұтып қоятын болған.

Шашбауды бұрымға қоса өріп, шаштың ұшына жақын жерден байлаған. Бұл шаштың ұшын бекітіп қана қоймай, оның жинақы әрі әдемі көрінуіне ықпал еткен. Жастардың шашбауы әсем, көз тартарлық болса, жасы үлкен әйелдерге арналған шашбау қарапайым әрі салмақты болған.

Шашбаудың көптеген түрі болған және әр аймақта әр түрлі боп келеді. Мысалы оңтүстік өңірде шашбау көбінесе алтын, күміс бұйымдармен безендірілсе, батыс пен шығыста оған түрлі тастар мен зергерлік бұйымдар қосылатын. Шашбау әдетте ұзын бау немесе таспа болып жасалып, шаштың екі жағына сәнді моншақтар, металл сымдар, күміс немесе алтын зергерлік бұйымдар ілінетін.

Шашбау – қазақ әйелдерінің сұлулығы мен талғамын айшықтайтын дәстүрлі әшекей бұйым. Ол тек сәндік зат қана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық мұраның бірегей үлгісі саналады. Шашбау – қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін көрсететін әшекей бұйымдардың бірі. Ол қазақ қыздарының тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық мәртебесін көрсетеді. Шашбау күнделікті өмірде, мерекелерде, арнайы дәстүрлерде маңызды зергерлік бұйым әрі халықтың мәдениетін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің де бір амалы ретінде әлі де маңызды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2197919-shashbaudy-qazaq-qyzdary-qai-uaqytta-taqqan/