Шекелік деген не және оны ежелде қалай жасаған
Жарияланған күні:
Зергерлік бұйымдардың ішінде шекеліктің орны бөлек. Шекелік сәндік әшекей ғана емес, сонымен қатар тіл-көзден сақтайтын бұйым ретінде де зор мәнге ие болған. Шекелік туралы мәліметтерді KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
- Шекелік – қазақ қыздарының ежелгі зергерлік бұйымы, ол тек әшекей ғана емес, сонымен қатар тіл-көзден қорғайтын бұйым ретінде де қолданылған.
- Зерттеуші мамандардың айтуынша, шекелік бірнеше бөліктерден тұрады, салмағы мен ұзындығы әртүрлі болуы мүмкін.
- Музей маманы Нұржамал Әшірбекованың айтуынша, шекелік әр өңірде әртүрлі аталады: өңірге қарай "шекелік", "самайлық" немесе "шаш сырға" деп аталуы мүмкін.
Шекелік – көне заманнан келе жатқан әшекей бұйым. Олар әртүрлі металдан, моншақтардан жасалады. Олар бас киімнің шеке тұсына немесе қыздың шашына тағылады.
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Назерке Жартынның түсіндіруінше, шекелік бірнеше бөліктерден тұрады, оған тағылатын әшекейлер үзбелі болып келеді. Музей қызметкері салтанатты жағдайларда бұл бұйымның ұшы бас киімнің бауына немесе самай шашқа бекітілетінін жазады:
Шекеліктің салмағы мен ұзындығы әртүрлі келеді. Кейде иықтан төмен түсіп тұратын болған. Көбіне, геометриялық пішіні біркелкі, бір-бірімен тіркескен жалпақша бөлшектерден жасалады. Шекелік үшбұрышты, жүрекше, ромб, гүл жапырақшасы тәрізді және басқа пластиналардан құралып, шынжырмен немесе ілгектіжүзік тәрізді әдіспен байланысады.
Ұлттық музей қызметкері Айгүл Рахтаева қазақ қыздарының сәукелеге таққан шекелігіне қарап әкесінің қаншалықты ауқатты болғанын бағамдауға болатынын атап өтеді.
"Әзірет-Сұлтан" тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтау және есепке алу бөлімінің меңгерушісі Нұржамал Әшірбекова шекелік әр өңірдің диалектісіне байланысты әртүрлі аталатынын айтады:
"Бір жерде "шекелік" десе енді бір жерлерде "самайлық" дейді. Ал тағы бір жерлерде оны "шаш сырға" деп те атайды. Бұл әшекейлер бедерлеу әдісінің бірнеше түрімен жасалған".
"Қазақ өнерінің белгілері мен нышандары" атты энциклопедияда келтірілген дерекке сүйенсек, әйелдер зергерлік бұйымдарының ең көне түрлерінің бірі саналатын самайлық әшекейлер әртүрлі вариацияларда бүкіл Еуразияға таралған екен.
Ұлттық музейдің аға ғылыми қызметкері Бақытгүл Нұрғожина бұл пікірді былай өрбітеді:
"Шекелік Еуразияның бірнеше халқының, соның ішінде қазақтардың, якуттардың, Кавказ және Орталық Азия халықтарының мәдени мұрасының бір бөлігі болып саналады. Түркі халықтары көшпелі өмір салтын жүргізіп, мәдени элементтермен, соның ішінде зергерлік бұйымдармен белсенді түрде алмасып отырғандықтан, оны тек якуттарға ғана тиесілі деп біржақты айтуға болмайды. Шекеліктің қай ұлтқа тиесілі екенін де айту мүмкін емес. Еуразия халықтары өзара ықпалдастықпен ерекшеленді, ал шекелік – осындай мәдени қарым-қатынастың жемісі".
Шаштың да қадіріне жете білген ата-бабамыз әшекей-бұйымдарға тек сәндік бұйым ретінде қарамаған. Шекелік, шашбау, шолпы сынды күмістен жасалған әшекей-бұйымдар қыздарды тіл-көзден, теріс энергиядан сақтайтын құрал ретінде де қарастырылған.
"Маңдай (шеке) халық мәдениетінде өте осал тұс болып саналды, сондықтан олардың әшекей-тұмарына ерекше құрметпен қарады", деп жазады "Самайлық әшекейлер" мақаласының авторлары.
@araily__qz Қазақи нақыштағы бұйымдарымызды танымал қылайық☺️✨✨✨ #этноукрашения #казахскийстиль #шекелік #шолпы ♬ оригинальный звук - td1lya
Көне заманнан келе жатқан бұйым болғанымен, шекелік бүгінгі таңда қазақ қыздары арасында кең сұранысқа ие. Бүгінгі қазақ қыздары шекелікті заманауи стильмен ұштастыра қолданып келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2200919-shekelik-degen-ne-zhane-ony-ezhelde-qalai-zhasagan/