Анаргүл Құдайбергеновадан тәтті рулет рецебі
Жарияланған күні:
Сәбіз рулеті - кез келген қонағыңыздың көңілінен шығып, дастарханыңыздың сәнін келтіретін десерт болып саналады. Үй жағдайында оңай әрі тез жасалатын рулеттің рецебімен бүгінгі материалда таныс боласыздар.
- Анаргүл Құдайбергенова сәбіз рулетінің рецебін ұсынады, ол үй жағдайында оңай және тез дайындалатын десерт.
- Рулет дайындау үшін сәбіз, жұмыртқа, қант, май, ұн және басқа да ингредиенттер қолданылады.
- Рецепт қамыр дайындаудан, оны пісіруден, крем жасаудан және рулетті жинаудан тұрады, соңында тоңазытқышта бір сағат ұсталады.
Сәбізден жасалатын ерекше тәттінің рецебімен белгілі фудблогер Анаргүл Құдайбергенова таныстырады. Блогердің YouTube арнасынан осы сынды көптеген тағамның рецебін көре аласыздар.
Сипаттамасы
Асхана: Еуропа
Санаты: десерт
Дайындалу уақыты: 10 минут
Дайын болу уақыты: 30 минут
Құрамы
Жұмыртқа - 3 дана
Қант - 0,5 стакан
Сұйық май - 0,5 стакан
Cәбіз - 1 дана
Ұн - 130 г
Жүгері крахмалы - 2 ас қасық
Қопсытқыш - мөлшеріне қарай
Даршын - қалауыңызша
Тұз - дәміне қарай
Қаймақ - 180 г
Қант - дәміне қарай
Дайындалуы
1. Сәбізді үккіштен өткіземіз
Шикі сәбіздің сыртын жуып, қабығын тазартамыз. Сосын жалпақ тәрелкеге үккіштен өткізіп, дайындап аламыз.
2. Жұмыртқаны қантпен араластырамыз
Шұңғыл ыдысқа үш жұмыртқаны жарамыз. Үстінен сұйық май мен қантты саламыз. Сосын сәбізді қосамыз. Барлығын блендермен жақсылап еземіз.
3. Құрғақ құрамды қосамыз
Дайын болған массаға ұн, қопсытқыш, жүгері крахмалы, тұз бен даршынды қосып, біртекті консистенция жасап аламыз.
4. Қамырды пісіреміз
Противеньге пергамент қағазын төсейміз. Сосын қамырды біркелкі етір жаямыз. Осылайша, алдын ала 180 градуста қызып тұрған пешке салып, 10-15 минут пісіреміз. Піскен коржды алып, ыстық күйінде орамалға орап, рулет пішінді етеміз.
5. Крем дайындаймыз
Қаймақты шұңғылы ыдысқа салып, үстінен қант қосамыз. Жақсылап араластырамыз. Дайын болған кремді тоңазытқышқа жарты сағатқа қойып, суытамыз.
6. Рулетті жинаймыз
Кремді рулетке жағып, орама етіп жинаймыз. Сосын бетін қалауыңызша әсемдеп, жаңғақ сепсеңіз болады. Дайын болған рулетті тоңазытқышта бір сағатқа қойып, кейін қонақтарыңызға ұсынсаңыз болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2201477-anargul-qudaibergenovadan-tatti-rulet-retsebi/