Гиперсексуалдық деген не және ол несімен қауіпті
Жарияланған күні:
Жыныстық қатынасқа деген шамадан тыс құмарлық гиперсексуалдық белгісі болып саналады. Дер кезінде емдемесе, қауіпті болуы мүмкін. Гиперсексуалдық деген не екенін және онымен қалай күресуге болатынын материалдан оқыңыз.
- Гиперсексуалдық – жыныстық қатынасқа деген шамадан тыс құмарлық, ол мінез-құлықтағы ауытқу ретінде қарастырылады және дер кезінде емделмесе, қауіпті болуы мүмкін.
- Гиперсексуалдықтың белгілеріне порнографияны шамадан тыс көп көру, жиі эротикалық қиялдар, көптеген серіктеспен жыныстық қатынасқа түсу жатады. Бұл ауытқу әйелдерге қарағанда ерлер арасында жиі кездеседі.
- Гиперсексуалдықты емдеу үшін психотерапевтке жүгіну қажет. Сексолог Софи Роостың айтуынша, емдеудің ең тиімді жолы – когнитивті мінез-құлық терапиясы.
Гиперсексуалдық – мінез-құлықтағы ауытқу
Гиперсексуалдықты жыныстық тәуелділік деп те атайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) гиперсексуалдықты компульсивті жыныстық мінез-құлық ауытқуы ретінде Аурулар мен проблемалардың халықаралық статистикалық жіктемесінің 11-қайта қарауына енгізген. Кейбір психиатриялық қауымдастықтар гиперсексуалдыққа мінез-құлықтағы бұзылыс ретінде анықтама берумен келіспейді.
Гиперсексуалдықты жыныстық құмарлықтың артуымен шатастырмау керек. Жыныстық құмарлық деген жақындыққа ұмтылу және одан ләззат пен қанағат алуды қалау. Бұл ретте адам либидосын және жыныстық құмарлықтарын оның күнделікті өміріне кедергі келтірмейтіндей басқара алады.
Вуайеризм ретінде көрініс табуы мүмкін
Гиперсексуалдық белгілері қандай? Healthline медициналық басылымы гиперсексуалдықтың мына белгілерін атап көрсетеді:
- порнографияны шамадан тыс көп көру;
- тым жиі эротикалық қиялдар немесе мастурбация;
- көптеген серіктеспен жыныстық қатынасқа түсу;
- басқа адамдарды сығалау.
Бұл пікірді Dubai Psychology клиникасының клиникалық психологы Зита Кристо да құптайды:
Ең жиі кездесетін белгілердің бірі – қалыпты өмірге кедергі келтіруі мүмкін қарқынды жыныстық қиялдар мен мінез-құлық. Гиперсексуалдық та қауіпті мінез-құлықпен тығыз байланысты. Мысалы, адам қарым-қатынсқа зиянын тигізуі ықтимал болса да жыныстық қатынасқа түсуі мүмкін немесе жыныстық жолмен жұғатын аурулар жұқтыруы мүмкін.
Гиперсексуалдыққа ұшыраған адамдар есірткіге немесе алкогольге тәуелділер сияқты өз қалауын басқара алмайды. Сондай-ақ олар проблемасы бар екенін мойындай қоймайды.
Әйелдерге қарағанда ерлер арасында көбірек кездеседі
WebMD медициналық басылымы жыныстық тәуелділікпен күресіп жүрген адамдардың шамамен 72 пайызында көңіл күй бұзылысы, ал 38 пайызында мазасыздық ауытқулары бар екенін жазады. Гиперсексуалдық басқа психикалық бұзылыстарымен қатар жүруі мүмкін, мысалы:
- тұлғалық бұзылыс;
- тәуелділік бұзылыстары;
- обсессивті-компульсивті бұзылыс;
- назардың тапшылығы және гипербелсенділік бұзылысы;
- суицидке бейімділік.
Cleveland Сlinic мәліметтері бойынша, АҚШ халқының 3-10 пайызы гиперсексуалдыққа ұшыраған. Оның үстіне, бұл ауытқу ерлер арасыда жиі кездеседі екен: гиперсексуалдықтан зардап шегетін әрбір 2-5 еркекке бір әйелден келеді. Орташа алғанда, жыныстық тәуелділік 18 жаста басталады, бірақ адамдардың көпшілігі 37 жасқа дейін кәсіби көмекке жүгінбейді.
Бұған порнография мен танысу қолданбалары кең таралған интернеттің қолжетімділігі себеп болуы мүмкін.
Себебі неде?
Passionerad басылымының медициналық авторы, 18 жылдық тәжірибесі бар сексолог Софи Роос гиперсекуалдыққа мына жайттар себеп болуы мүмкін екенін айтады:
Ең жиі кездесетіні психологиялық себептер болып саналады, мысалы, жыныстық жарақат немесе алаңдаушылық, депрессия, жалғыздық, зерігу, қайғы немесе төтенше күйзеліс. Осы жайттар гиперсексуалдықты тудыруы мүмкін, өйткені жыныстық қатынас жағымсыз сезімдермен күресу тәсіліне айналады.
Сондай-ақ сексолог гиперсексуалдық гормоналды себептерге байланысты туындауы мүмкін екенін атап өтеді. Мысалы, тестостерон немесе дофаминнің тым жоғары болуы.
Бұл пікірді психолог Зита Кришто да қостайды:
Гиперсексуалдықтың нақты себебін анықтау әдетте қиын. Оған бірнеше нәрсе себеп болуы мүмкін. Мысалы, дофамин және серотонин сияқты белгілі бір химиялық заттардың мидағы теңгерімсіздігі. Бұл адамның көңіл-күйіне әсер ететін гормондар. Деменция немесе ми жарақаты сияқты кейбір неврологиялық жағдайлар жыныстық мінез-құлыққа да әсер етуі мүмкін.
Израильдегі Шеба медициналық орталығының қызметкерлері гиперсексуалдықтың себебі Паркинсон ауруы болуы мүмкін деп мәлімдейді.
Қалай емдеуге болады?
Гиперсексуалдықты қалай емдеуге болады? Сексуалды тәуелділікті емдеу үшін психотерапевт пен қолдау топтарынан көмек сұрау керек. Бұл жөнінде сексолог Софи Роос былай дейді:
Емдеудің ең тиімді жолы когнитивті мінез-құлық терапиясы болды. Бұл терапияда адам сексуалды әрекетінің себептері мен триггерлеріне және оларды қалай бақылауға болатынына назар аударады.
Сексологтың айтуынша, емдеуші дәрігер гормоналды терапия немесе антидепрессанттар курсын тағайындауы мүмкін. Алайда қандай да бір нәтиже шығару үшін мотивация қажет.
Мейо клиникасының сарапшылары бұл проблеманың алдын алуға болатынын атап көрсетеді. Ол үшін сексуалдық әрекетке немесе психикалық денсаулыққа қатысты проблемалар анықталса, уақтылы психологиялық көмекке жүгіну керек. Сондай-ақ ішімдікке немесе нашақорлыққа тәуелділіктен емделу керек және зиянды жыныстық құмарлықтарға бой алдыруы мүмкін жағдайлардан аулақ болуы қажет.
Гиперсексуалдық – интимді жақындыққа, эротикалық ойлар мен қиялдарға шектен тыс құмарлық.Соған бейім адамдар көбіне бұл ауытқудан зардап шегетінін түсінбейді, сондықтан ол оның өмірін бұза бастайды. Гиперсексуалдық белгілері байқалған жағдайда, дер кезінде психотерапевтке жүгіну ауытқудың алдын алуға көмектеседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2203974-giperseksualdyq-degen-ne-zhane-ol-nesimen-qauipti/