Жұмсақ наггетстер: Риза Нұрланқызынан ерекше рецепт
Жарияланған күні:
Тауық етінен оңай әрі тез жасалатын наггетстерді ұнатасыз ба? Дәмді тіскебасардың рецебін бүгінгі материалда бөлісетін боламыз.
- Риза Нұрланқызы жаңа жылдық дастарханға арналған жұмсақ тауық наггетстерінің рецептін ұсынады.
- Наггетстерді дайындау үшін тауықтың төс етін, ұн, жұмыртқа және ұсақталған қатқан нан қолданылады.
- Дайындау процесі етті турау, тұздау, ұнға, жұмыртқаға және нан түйіршіктеріне аунату, содан кейін қуырудан тұрады.
Дәмді әрі нәрлі наггестердің рецебін белгілі фудблогер Риза Нұрланқызы таныстырады. Блогердің YouTube арнасынан осы және өзге тағамдардың рецебімен танысуға болады.
Сипаттамасы
Асхана: Америка
Санаты: тіскебасар
Дайындалу уақыты: 15 минут
Дайын болу уақыты: 5 минут
Құрамы
Тауықтың төс еті - 700-800 г
Тұз - дәміне қарай
Ұн - 4-5 ас қасық
Жұмыртқа - 2-3 дана
Ұсақталған қатқан нан - қалауыңызша
Өсімдік майы - қалауыңызша
Дайындалуы
1. Тауықтың төс етін тураймыз
Тауықтың төс етін наггетстердің пішініндей етіп тураймыз. Наггестерді ұсақ немесе ірі етіп, қалауыңызша турасаңыз болады. Cосын етке дәміне қарай тұз қосып, сіңдіруге аздаған уақытқа қойып қоямыз.
2. Наггетстерге арналған қоспаларды дайындаймыз
Алдымен ұнды тәрелкеге салып, дайындар қоямыз. Сосын оған ысталған паприканы аздап сеуіп, екеуін жақсылап араластырамыз. Сосын жеке тәрелкеге үш жұмыртқаны жарып, араластырамыз. Сол сияқты үшінші тәрелкеге ұсақталған қатты нанды сеуіп, барлығын дайындап қоямыз.
3. Етті ұнға аунатамыз
Тұзы сіңген тауықтың төс етін алдымен ұнға аунатамыз. Ол үшін етті екі жақ бетімен ұнға аунатып, ұнның етке әбден сіңгенін бақылаймыз. Себебі ұн етке жақсы сіңген сайын, ет соғұрлым жұмсақ әрі нәрлі бола түседі.
4. Етті жұмыртқа мен қатырылған нан түйіршіктеріне аунатамыз
Етті алдымен жұмыртқаға, кейін қатырылған нан түйіршіктеріне жақсылап аунатып аламыз. Наггестер қытырлақ болып шығуы үшін, қатқан нан түйіршіктеріне әбден аунатқан абзал.
5. Наггестерді қуырамыз
Дайын болған наггестерді орташа отта, қыздырылған өсімдік майы бар табаға салып, екі жағынан, екі жақ беті сарғайғанша қуырамыз. Қуырылған наггестер тез сууы үшін арнайы темір торға саламыз. Осылайша, тез әрі оңай жасалатын наггестер дайын болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2206514-zhumsaq-naggetster-riza-nurlanqyzynan-erekshe-retsept/