Павлодар облысында әйелдер киіздің арқасында ауылдарын дағдарыстан құтқарды

Опубликовано:

Американың National Geographic журналында жарияланған «Заршығанақ ауылының киізші қазақ әйелдері» деген мақалада Совет одағы ыдырап, күнкөріс қиындағаннан кейінгі заманда Павлодар облысындағы шағын ауыл әйелдерінің тиімді бизнесті қалай бастағаны баяндалған.

Азаттық шетелдік БАҚ-тың мақаласынан үзінді келтіреді.

«Экономикалық қиындықтар мен Совет одағының жоспарлы экономикасының күйреуі Заршығанақ тұрғындарын қыспақта қалдырды, бірақ нарықтық қатынастар толқыны олардың жағалауына да жайлап жетті. [Ауыл тұрғыны Қалимаш Баймұханова] мен оның көршілері үй жанындағы учаскелерінде көкөніс өсіріп, қоралы қой мен ірі қара бағып, тіршілік үшін күреске көшті. Өзге нәрсе сатып алуға олардың ақшасы болмады» деп жазады National Geographic.

1990 жылдардың аяғында Заршығанақ ауылына павлодарлық бизнесмен Арман Сұлтанбек барған. Оның еті тірі азаматтарға үйден шықпай-ақ кәсіп ашуға болатыны жайлы өткізген семинары Қалимаштың өміріне өзгеріс әкелді. Ол ауыл әйелдеріне қой жүнінен киіз басып, одан сырмақ, текемет тәрізді түрлі бұйымдар жасап, сатуға болатынын ұқты. Бұрын киізбен жұмыс істеп көрмеген Қалимаш жергілікті әйелдерге киіз ісінің қыр-сырын үйрету үшін Оңтүстік Қазақстаннан бірнеше шебер шақырған.

«2002 жылы ауылда олардың алғашқы киіз басу сабақтары немесе жазғы лагері өтті. Ауыл әйелдері 10 күн бойы жүннен текемет басуды, киізден аяқ киім мен қалпақ жасауды үйренді. Олар күнделікті проблемаларын ұмытып, жұмыстың қызығына берілді. Дымқыл жүннің иісі ата-бабаларын еске түсірді. Әуелде бұл бастамадан бірдеңе шығарына сенбеген күйеулері де үстел құрастырып, жүн жинауға көмектесіп жұмысқа араласқан, ал біреуі тіпті таңғы дене жаттығуларын өткізіп тұрған» деп жазады National Geographic.

Біраз тәжірибе жинап, төселгеннен кейін әйелдер киізден көптеген бұйымдар жасап, Қалимаш оларды Павлодардың базарына апарып сатқан. Жұрт әлгі бұйымдардан түк қалдырмай сатып алып кеткен. Бұл бастаманы қолдайтын демеуші тауып, әйелдерді әрі қарай үйрету және тапқан ақшаның бір бөлігін даму жобаларына жұмсау үшін Қалимаш қоғамдық бірлестік құрған. Бірлестікті «ұзақ қыстың құрсауынан босаған далада жандана бастаған тіршіліктің алғашқы жаршысы - бәйшешек гүліне» ұқсатып «Жауқазын» деп атаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1164848-pavlodar-oblysynda-ayelder-kiizdinh/