Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жылдан бастап жол ережесін бұзғандарға қатысты айыппұл мөлшері қалай өсті

Опубликовано:

Жол қауіпсіздігі ережелерін бұзған үшін айыппұлдар сомасы айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне тікелей байланысты. Осы орайда Нұрфин жобасы жүргізушілерді, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларын жаңартылған айыппұл сомаларымен таныстыруды жөн көрді.

Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов: Original

Жол қозғалысы ережелерін бұзғандар үшін айыппұлдардың бірнеше ондаған түрі қарастырылған. Біз ең кең тараған бұзушылық түрлеріне тоқталып, олар үшін белгіленген айыппұлдардың қанша есе өскенін есептедік. Айыппұлдар сомасы 2 651 теңгеден басталып, 53 000 теңгеге дейін және одан жоғары болып белгіленген. Ең кең тараған айыппұл мөлшері – 13 255 теңге.

Бұзушылықтар мен айыппұлдар көлемі

Жолда жүріп бара жатып, ұялы телефонмен сөйлескен және оны қолданған жүргізушіге 5 АЕК немесе 13 255 теңге көлемінде айыппұл салынады. Өткен жылмен салыстырғанда айыппұл мөлшері 600 теңгеге қымбаттаған.

Егер автокөлік жылдамдығы жол учаскесінде белгіленген жылдамдық мөлшерінен сағатына 10-20 шақырымға жоғары болса, ол үшін де 5 АЕК – 13 255 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Ал жылдамдықты сағатына 20-40 шақырымға арттырған жүргізушіге 10 АЕК – 26 510 теңге айыппұл салынады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1260 теңгеге көп.

Сондай-ақ жылдамдықты сағатына 40 шақырым және одан ары арттырған үшін 20 АЕК – 53 020 теңге айыппұл салынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 520 теңгеге өскен.

Қауіпсіздік белбеуін тақпаған немесе мотошлем кимеген жүрізушіге 5 АЕК – 13 255 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Кептеліс кезінде көшенің қиылысына шығып, жүргізушілерге кедергі келтірген үшін айыппұл көлемі – 3 АЕК немесе 7 953 теңге. Өткен жылмен салыстырғанда бұл айыппұлдың сомасы 400 теңгеге өскен.

Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов: Original

Ал жол үстінде тоқтап, кептелістің пайда болуына себепкер болған жүргізушілер 10 АЕК – 26 510 теңге айыппұлмен жазаланады.

Басқа жолаққа ауысу, айналу немесе тоқтау кезінде сәйкесінше бұрылу немесе тоқтау белгісі секілді ескерту белгілерін бермеген жүргізушілерге 5 АЕК – 13 255 теңге айыппұл салынады.

Тыйым салынған жерде көлікпен артқа жүрген үшін 10 АЕК – 26 510 теңге айыппұл қарастырылған.

Ал жаяу жүргіншілер жолы мен жол жиегіндегі көлік қозғалысы үшін 15 АЕК – 39 765 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2000 теңгеге артқан.

Сондай-ақ жаяу жүргіншілер аймағында, гүлзарлар, балаларға арналған және спорттық алаңдарда көлікпен тоқтаған немесе көлікті қалдырған жағдайда 10 АЕК – 26 510 теңге айыппұл қарастырылған.

Дәл осы мөлшердегі айыппұл, 10 АЕК – 26 510 теңге сәйкес куәлігі болмай, мүгедектерге арналған тұраққа автокөлігін қоған жүргізушілерге де салынады.

Ал ақылы көлік тұрағына ақша төлемей кеткен жүргізушілер 3 АЕК – 7 953 теңге айыппұл төлейді. Бұл еліміздің ірі қалаларындағы көлік тұрақтарына қатысты.

Сондай-ақ белгіленген учаскелерде күндізгі уақытта автокөлік шамын жақпағаны үшін де осындай мөлшерде айыппұл қарастырылған – 3 АЕК немесе 7 953 теңге.

Ал қараңғы мезгілде көліктің шамын жақпаған жүргізушілерге 5 АЕК – 13 255 теңге айыппұл салынады.

Жолда апаттық жағдай тудырған үшін 10 АЕК – 26 510 теңге айыппұл қарастырылған.

Темір жолдан өту кезінде ереже бұзған жүргізушілер де осы мөлшерде – 10 АЕК немесе 26 510 теңге айыппұлмен жазаланады. Бұл – белгіленбеген жерде темір жолдан өту, шлагбаум жабық тұрғанда немесе қозғалып жатқанда, сондай-ақ өтуге тыйым салатын бағдаршам белгісі кезінде темір жолға шығу.

Егер жаяу жүргінші белгіленбеген жерден өтсе немесе басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзса, оған 2 АЕК – 5 302 теңге айыппұл салынады. Былтырғы жылмен салыстырғанда 150 теңгеге өскен.

Ал жаяу жүргіншінің материалдық шығынға немесе адам денсаулығына зиян келтіруге соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзуы, қылмыстық сипат болмаған жағдайда 10 АЕК – 26 510 теңге айыппұлмен жазаланады.

Қоғамдық көлікте тазалық сақтамаған және қауіпсіздік ережелерін бұзған үшін 1 АЕК – 2 651 теңге айыппұл қарастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда 126 теңгеге көп.

Ал қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеуден жалтарғандар 2 АЕК – 5 302 теңге айыппұлмен жазаланады. Айыппұл былтырғы жылмен салыстырғанда 250 теңгеге өскен.

Егер бір жол қозғалысы ережесін қайтадан бұзған жағдайда айыппұл көлемі шамамен екі есе өсуі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1834779-zaa-zyldan-bastap-zol-erezesin-bzgandarga-katysty-ajyppl-mlseri-kalaj-sti/

pixel