Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жалға алу немесе ипотека рәсімдеу: Қайсысы тиімді

Опубликовано:

рука держит ключи от квартиры
Фото: UGC

Баспана мәселесі жас отбасыларды жиі мазалайтын сұрақ болып табылады. Үйді бірден сатып алуға әркімнің жағдайы келе бермейтіні белгілі. Сондықтан да көбісі пәтерді жалға алу немесе ипотекаға рәсімдеу мүмкіндігін қарастырады. Осы орайда Нұрфин редакциясы аталған екі нұсқаны салыстырып көруді ұйғарды.

Біреулер үй немесе пәтерді жалдап тұру оңай әрі арзан деп шешсе, енді біреулері түбінде өз иелігіңде қалатын баспана үшін ақша төлеген дұрыс деп есептейді.

Біз бұдан бұрын ипотеканы қалай дұрыс рәсімдеу керектігін жазып, оқырмандарымыздың тәжірибесімен бөліскен едік. Енді соған ұқсас жағдайды баспананы жалға алу мәселесімен шартты түрде салыстырып көрейік.

Бұған дейін жарық көрген мақаламыздың кейіпкері – алматылық Айсұлу жұбайымен бірге "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 22 миллион теңге тұратын екі бөлмелі пәтерді ипотекаға рәсімдеген болатын. Аталған бағдарлама жеңілдетілген пайыздармен тек жаңа баспананы рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Отбасы банкті таңдап, жылдық 7% мөлшерлемемен 25 жылға 17 миллион 600 мың теңге несие алды. Ай сайынғы төлем 114 мың теңгені құраған.

Нәтижесінде пәтердің жалпы құны 34 миллион 200 мың теңгені құрап, артық төлем 16 миллион 800 мың теңге болды.

Krisha.kz порталының материалдарына сәйкес, осыған ұқсас пәтерлердің (2015 жылдан бері қарай салынған панельді немесе монолитті үйлер, 50-60 шаршы метр) жалға беру бағасы – орналасқан ауданына қарай 160 000 теңгеден 260 000 теңгеге дейін. Ал НайдиДом.kz ресурсының мәліметінше, 2020 жылғы қаңтарда Алматыдағы екінші деңгейлі тұрғын үйлердегі екі бөлмелі пәтерлердің жалдау бағасы 288 766 теңгені құраған.

Дереккөз: naydidom.kz
Дереккөз: naydidom.kz: Facebook

Жылжымайтын мүлік агенттіктерінің деректеріне сүйене отырып, 180 мың теңге көлемінде орташа бағаны алсақ, ипотекаға рәсімделген 34 миллион 200 мың теңге бұндай пәтерді 15 жыл бойы жалдауға жетеді.

Мәселен 120 000 теңге көлемінде бұдан төменгі санаттағы екінші деңгейлі тұрғын үйлердің жалға алу бағасын алып қарасақ, ипотека сомасы бұндай баспананы 24 жыл бойы жалдап тұруға жетеді екен.

Әрине, көп жағдайда жалға беру келісімінде бағаның ұзақ мерзімге есептелмейтінін ескерген жөн. Нарықтың өзгеруіне байланысты жалға беру бағасы да құбылатыны белгілі.

Сонымен, баспананы жалға алғанша, ипотекаға рәсімдеген тиімді екеніне көз жеткіздік. Дегенмен, жас отбасы өз мүмкіндіктеріне қарай шешім қабылдағаны дұрыс. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен белгілі бір банктің ипотекалық несиелендіру шарттарын ескеру қажет.

Ал сіз қай шешімді дұрыс деп есептейсіз? Өз пікіріңізді білдіріп, оқырмандармен бөлісе отырыңыз: nurfin@corp.nur.kz

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1839978-zalga-alu-nemese-ipoteka-rsimdeu-kajsysy-tiimdi/

pixel