RU

"Әйелдер ипотекасы": Бағдарламаға қатысты тың дерек пайда болды

Баспана
Көрнекі фото: pixabay.com

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жақын арада "Әйелдер ипотекасы" бағдарламасына қатысты мәлімдеме жасайды. Бұл туралы орталық филиалдың директоры Жансұлтан Матаев айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл жөнінде Матаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында сөз қозғады.

Ол жыл басында "Әйелдер ипотекасы" атты бағдарламаны бастауды жоспарлағандарын, алайда пандемияға байланысты шегергендерін жеткізді.

Сарапшының сөзінше, қазіргі кезде бұл мәселе пысықталып жатыр. Жақын арада мәлімдеме жасаймыз, дейді ол.

Айта кетейік, өткен жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әйелдерге арналған ипотека берілетінін мәлімдеген болатын. Сол кезде бағдарламаның шарттары да жарияланды. Атап айтқанда, 200 мың теңгеден төмен жалақы алатын әйелдер алғашқы жарнаның 15 пайызын, ал 200 мыңнан жоғары алатындар 20 пайызын жинауы тиіс.

Жеңілдетілген ипотекаға жаңа үйден де, қайталама нарықтан да баспана алуға болады. Несиенің шекті сомасы – 30 миллион теңге.

Жоспар бойынша Азия даму банкі "Тұрғын үйді қаржыландыру саласындағы гендерлік теңдікке жәрдемдесу" жобасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 38 миллиард теңгені қарызға береді. Осы қаржының есебінен 4 мыңға жуық әйел жеңілдетілген ипотека рәсімдейді. 

Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 9 миллионнан астам әйел бар. Олардың ішінде отбасын асырап жатқандар да аз емес. Бірақ орташа жалақысы ер адамдардан төмен. Содан баспананы ипотекаға алу қиын.

Осыған байланысты "Әйелдер ипотекасы" бағдарламасын қолға алуға шешім қабылданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1882913-jelder-ipotekasy-bagdarlamaga-katysty-ty-derek-pajda-boldy/