Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы енгізіледі: Министрлік себебін түсіндірді

Опубликовано:

Зейнетақы
Көрнекі фото: expansion.mx

Қазақстанда базалық зейнетақының орнына ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны енгізу жоспарлануда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасына түзету енгізу шаралары аясында осындай ұсыныс жасады. Одан бөлек, бірқатар өзгеріс те бар. Осы орайда Sputnik Қазақстан агенттігі халық талқысына шығарылған құжаттың негізгі мәселелеріне шолу жасады.

Қазіргі зейнетақының көлемі еңбек өтіліне тәуелді

Қазіргі уақытта отандық зейнетақы төлемдері үш деңгейден тұрады.

Олар:

  1. базалық;
  2. міндетті;
  3. жинақтаушы зейнетақы.

Осыған дейін базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей төленген. Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен оны тағайындау әдістемесі өзгерді. Содан бері базалық зейнетақының мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді. Мысалы, зейнеткердің еңбек өтілі 10 жыл, одан кем немесе мүлдем болмаса, оған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы, яғни 17 641 теңге төленеді. Еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда әр жылға тағы 2 пайыз қосылады. Осылайша, 33 жыл немесе одан да көп жұмыс істеген азаматтар базалық зейнетақының 100 пайызын – 32 668 теңгені алады.

Міндетті зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кем дегенде 6 ай жұмыс істеген азаматтарға төленеді. Осы ынтымақты зейнетақыны тағайындау кезінде адамның кез келген уақытта алған үш жылдық жалақысының орташа мөлшері ескеріледі. Бүгінде бұл зейнетақының ең төменгі мөлшері – 40 441, ең жоғары мөлшері – 95 841 теңге. Оны толық көлемде алу үшін ерлердің еңбек өтілі 25 жылдан, ал әйелдердің еңбек өтілі 20 жылдан жоғары болуы керек. Осы межеден артық  жұмыс істеген адамға әрбір толық жыл үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға өсіріледі. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі үшін міндетті зейнетақы жарнасы бірыңғай зейнетақы қорынан төленеді.

Базалық зейнетақы қалай өзгереді?

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, жақында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанның зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін жаңғырту тұжырымдамасын өзгертуге қатысты ұсыныстарды жариялаған. Құжат жобасын халықтың талқысынан өткізу үшін "Ашық НҚА" сайтына шығарыпты. Оған сәйкес, 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемдерін ең төменгі кепілдік берілген зейнетақымен алмастыру қарастырылып отыр.

"Зейнетақының ең төменгі кепілдіктерін беруге қолайлы жағдай жасау мақсатында базалық зейнетақының орнына ең төменгі кепілдік берілген зейнетақы тағайындалады", - делінген құжатта.

Осыған байланысты нақты бірнеше ұсыныс бар:

  • зейнетақы жүйесінде кемінде 5 жыл өтілі бар адамдарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны белгілеу;
  • зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 5 жыл болған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде базалық зейнетақыны айқындау; 5 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға оның мөлшері 2 пайызға ұлғаяды.
  • базалық зейнетақы тағайындауды алып тастау;
  • базалық зейнетақы алушылар үшін ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны базалық зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде ескерілген зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып есептеу.

Осылайша, зейнетақы жүйесінде еңбек өтіліне басымдық беріліп отыр. Бес жылға дейін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы төленеді. Оны қазіргі жағдаймен алсақ, 22 867 теңге. Бұл ең төменгі кепілдік берілген зейнетақының бастапқы мөлшері болады. Ол бүгінгі базалық зейнетақының минималды көлемінен жоғары болып тұр. Әрине, 2028 жылға қарай инфляция және тағы басқа экономикалық көрсеткіштерге қарай әлеуметтік төлемдердің сомасы да өзгереді.

Зейнетақы жүйесін өзгертуге қатысты ұсыныстар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазіргі зейнетақы жүйесін өзгертуге қатысты тағы бірнеше ұсыныс енгізген. Олар:

  1. зейнетақы аннуитетінің құнын есептеу үшін базалық негізді қайта қарау;
  2. жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар үшін ғана өмір бойы төленетін зейнетақы төлемдерін (зейнетақы аннуитеті) көздейтін шарт жасау міндетін белгілеу;
  3. әйелдер зейнетақысының неғұрлым төмен болуының гендерлік проблемасын ішінара шешуге мүмкіндік беретін бірлескен аннуитеттер тетігін енгізу;
  4. салымшыға (алушыға) қалауы бойынша зейнеткерлікке "кейін шығу" құқығын беру; Бұл ретте оған осы кезеңге тағайындалған зейнетақы төлемдері берілмейді және ол жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуды жалғастыра алады. Салымшыға (алушыға) кепілдік берілген кезең қамтамасыз етілетін болады, сол кезде мұрагерлерге бюджет қаражаты есебінен (ынтымақты, базалық зейнетақы), сол сияқты жинақтаушы зейнетақы төлемдері де беріледі.
  5. зейнетақы аннуитеті шартын жасасу кезінде сақтандыру ұйымдарынан төленетін төлемдер мөлшеріне ұқсас БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері, яғни республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен емес мөлшерде белгілеу; 2020 жылы ең төмен зейнетақы мөлшері 38 636 теңгені құрайды.

Министрлік мамандары осының арқасында зейнетақы төлемдерінің (ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы) жиынтық мөлшері ұлғаяды деп санайды. Одан бөлек, азаматтардың барлық санаты үшін зейнетақы жинағының қазіргі құнының коэффициенттерін қайта қарау ұсынылып отыр.

Бұл ретте, қауіпті өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлер үшін, сонымен қатар 1 және 2 топтағы мүгедектер үшін (жынысы бойынша бөле отырып) зейнетақы жинағының қазіргі құнының жекелеген коэффициенттерін енгізу ұсынылады. Себебі олардың өмір сүру ұзақтығы әртүрлі.

Еске сала кетсек, бұған дейін президент халыққа жолдауында қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін 2021 жылдан бастап пайдалана алатынын айтқан еді.

Сонымен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинағынан алынған ақшаның қолма-қол берілмейтінін хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1883589-e-tmengi-kepildendirilgen-zejnetaky-engiziledi-ministrlik-sebebin-tsindirdi/

pixel