Байденнің жеңісі доллар бағамына қалай әсер етеді: Сарапшы болжам жасады
Опубликовано:

Тәжірибелі инвестор, Уолл Стритте 7 жылдық тәжірибесі бар миллионер Эдвард Дубинский zakon.kz тілшісіне Джозеф Байденнің АҚШ-тағы сайлауда жеңіске жетуі доллар бағамына қалай әсер ететінін айтып берді.
Fintelect компаниясының негізін қалаушы Эдвард Дубинский өзінің тәжірибесіне сүйене отырып, АҚШ қор нарығының жақын арада әлсірейтінін болжауда.
Ол Байденнің жеңісінен кейін АҚШ халқының қуанышы ұзаққа созылмауы мүмкін екенін ескертуде.
Сарапшы Федералды резервтік жүйенің (ФРЖ - АҚШ-тағы орталық банк) ақшаны басып шығаруы ұзаққа жалғаса алмайтынын, бұл жайт оларды инфляцияға әкелетінін, яғни оның валютасы құнының төмендеуіне және ақыр соңында банктік пайыздық ставкалардың өсуіне алып келетінін айтуда.
Бұл өз алдына экономикадағы рецессияның, жұмыссыздықтың және әлеуметтік қиындықтардың басталуы мүмкін екенін аңғартады дейді маман.
Джо Байден мен оның командасы ел экономикасына араласқанға дейін нарық айтарлықтай шығындарға ұшырауы мүмкін екенін айтқан Дубинский бұл жайт Ресей, Украина, Қазақстан және бұрынғы КСРО-ның басқа елдеріне қалай әсер ететінін де болжады.
Сарапшы еліміздегі қаржы нарықтарының аздығын және АҚШ нарығындағы қозғалыстарға тәуелді екенін еске салды.
"Егер АҚШ-тың қор нарығы құлдырай бастаса, онда ол бүкіл әлемді, оның ішінде ТМД-ның қор нарықтарын құлдыратып, сол елдердегі жергілікті валюталарға қауіп төндіреді. Биылғы жылы жергілікті валюта айтарлықтай әлсіреді, ал дамыған экономика мен нарықта қосымша проблемалардың туындауы жағдайды одан әрі шиеленістіріп жіберуі мүмкін", - дейді Дубинский.
Мысал ретінде ол Ресей рублін келтірді, валюта 2020 жылдың басында долларға шаққанда 61 рубльді құрады, ал қазір 80-ге жақындады. Бұл рубльдің 8 айда кем дегенде 30 пайыздан аса құлдырағанын көрсетіп отыр.
"Ресей мен Қазақстан валютасының құлдырауының ішінара себебі - осы елдердің бюджеттерінде негізгі кіріс көзі болып табылатын энергия мен металдар бағасының төмендеуі... Бүгінгі күні Америка халқының шамамен 60%-ы жаңа президенттің келуін тойлауда, бірақ бұл мерекенің ұзаққа баратыны күмән тудырады", - дейді Эдвард Дубинский.
Сарапшы Байденді елдегі үлкен мәселелер күтіп тұрғанын сөз етті.
"Айта кету керек, жаңа президент Джо Байден 2021 жылдың 20 қаңтарынан бастап өз қызметіне кіріседі, яғни алдағы екі жарым айда қаржы-экономикалық майданда іс жүзінде ештеңе өзгермейді. Әрі қарай, жаңа президент өзіне дейінгі президент кезінде болған коронавирус пандемиясы, ЖІӨ-нің 30%-ға төмендеуі секілді проблемалармен бетпе-бет келеді", - деп қорытындылады Эдвард Дубинский.
Еске салсақ, бұған дейін Джо Байденнің АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жеткенін хабарлаған едік.
Сонымен қатар Дональд Трамптың дауыс беру нәтижелеріне қарсы митингтер өткізуді жоспарлап отырғанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1883818-bajdenni-zeui-dollar-bagamyna-kalaj-ser-etedi-sarapsy-bolzam-zasady/