Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Онлайн қарыз алатын қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтіп тұр

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Елімізде микроқаржы ұйымдарының қызметі банктерге теңестірілгелі жатыр. Бұл дегеніміз интернет арқылы кредитті оңды-солды үлестіретін ұйымдарды бақылау күшейеді деген сөз. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі онлайн несие беретін ұйымдарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын және оның қарапайым халыққа әсері туралы сарапшылардан сұрап білді.  

Ел тұрғындары микроқаржы ұйымдарына 400 миллиард теңге қарыз

Бүл күндері ақшадан тарыққан адам үшін онлайн несие – қалтаны қампайтудың ең оңай тәсілі. Мәселе 15 минут ішінде шешіледі. Қағаз-құжат жинап та әуре болмайсыз. Бәленің бәрі қарызды қайтарған кезде басталады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау департаменті қаржы ұйымдарының қызметін реттеу бөлімінің басшысы Айдынбек Сандыбаевтың сөзінше, елімізде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 1 100-ден астам ұйым бар.

Ал микрокредит алған қазақстандықтардың микроқаржы ұйымдарының алдындағы берешегі – 400 миллиард теңге шамасында екен.

"Әдетте, микроқаржы ұйымдарына банктерден несие алуға мүмкіндігі жоқ адамдар жүгінеді. Олардың қарыз алушыларға қоятын талаптары төмен, қарызды беру реті жеңілірек. Ел тұрғындары тарапынан онлайн қарызға сұраныстың өсуі де сол себептен. Алайда, келесі жылдан микроқаржы ұйымдарына талаптар күшейтіледі. Бүгінде микроқаржы ұйымдары өз қызметін есептік тіркеу аясында жүзеге асырады. Ал 2021 жылдан бастап лицензиямен реттеу тетігі енгізіледі", - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдарының жарғылық капиталы да ұлғайтылып отыр. Енді жаңадан ашылған ұйымдардың жарғылық капиталы 100 миллион теңгеден кем болмауы тиіс. Бұған дейін құрылған микроқаржы ұйымдарында жарғылық капитал 30 миллион теңге болатын. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің оларға 2023 жылға дейін оны 100 миллионға дейін жеткізу міндетін қойғаны белгілі болды.

Одан бөлек, Сандыбаевтың сөзінше, интернет арқылы микрокредит беру талаптарын күшейту көзделіп отыр.

Пайыздық мөлшерлеме төмендетілді

Өткен жылы онлайн несие беретін ұйымдардың қарыз бойынша жылдық сыйақының тиімді мөлшерлемесі 100 пайызға дейін түсірілген. Биыл қаржы нарығын реттеу агенттігі жылдық мөлшерлемені 56 пайызға дейін төмендетіп отыр.

Сандыбаев қазақстандықтарды қуантатын тағы бір жаңалықты бөлісті. Оның сөзінше, 138 мың теңгеден және 45 күннен аспайтын микрокредит бойынша сыйақының шекті мәні қазіргі 30 пайыздан төмендеуі мүмкін.

"Қазір агентттік қаржы қызметін тұтынушыларды қорғау мақсатында 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (138 900 теңге), 45 күнге дейін берілетін арнайы микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемені 20 пайызға дейн төмендету мәселесін қарастырып отыр. Бұл мәселе бизнес қауымдастығымен талқылануда", - деді бөлім басшысы.

Заңға бағынбай, онлайн қарыздың пайызын еселеп көтеретін ұйымдар әкімшілік жауапқа тартылады екен. Заң талаптарының сақталып-сақталмағанын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайтынын мәлім етті.

"Жалпы, микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу халық арасында борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, микрокредит берудегі алаяқтық операцияларды барынша азайтады және тиісінше қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін арттырады", - деп санайды Сандыбаев.

"Кейбір депутаттардың өзі қарсы шықты"

Ал кономист Мақсат Халық болса микроқаржы ұйымдарын банктерге теңестіру бастамасын қолдайтынын жасырмады.

"Микроқаржы ұйымдарына қатысты мәселе соңғы екі-үш жылда белсенді көтеріле бастады. Оған негізгі себеп – пайыздарының тым жоғары болуы. Қателеспесем, олар күніне аз дегенде 2,5 пайыздан қосты. Есептеп қарасақ, жылына сонда 900 пайызға дейін барып кетеді екен. Микроқаржы ұйымынан 100 мың теңге алып, бір жыл бойы төлемесе, миллионнан асып кететін жағдайлар кездесті. Бұның бәрі әлеуметтік шиеленісті туғызды. Өйткені, көп адам микроқаржы ұйымдарының осындай әрекетіне алданып қалды. Қарызын төлей алғандар бар, төлей алмай, қиын жағдайға тап болғандар да қаншама", - дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, былтыр микроқаржы ұйымдарының жылдық мөлшерлемесін 100 пайызға дейін түсіру нормасы талқыланғанда, кейбір мәжілісмендер қарсы шыққан.

"Ең қызығы, заң жобасын қарастырып жатқан уақытта, мәжіліс депутаттарының ішінен "олар да шаруашылық жүргізетін субъекті, мемлекетке салық төлейді, оларды табысынан қағамыз" деп қарсы сөйлегендер болды. 100 пайызға түсіргеннің өзіне қарсылық білдірді. 

Бірақ мен осы жерде Ұлттық банктің табандылығына риза болдым. Алған бетінен қайтқан жоқ.

Өткен жылы 100 пайызға дейін азайтса, биыл оны 56 пайызға дейін төмендетіп, банктермен теңестіріп тастады. Өз басым, мұны дұрыс деп санаймын. Әрине, заң қатаңдатылғаннан кейін онлайн қарыз беретіндердің қатары да сирейді. Өйткені олар енді арзан, оңай ақша таба алмайтынын түсінеді, тек табысты ойлайтын азаматтар бұл саладан кетеді. Бұл түсінікті жағдай. Халықтың игілігіне жұмыс істейтін ұйымдар ғана қалады", - дейді Мақсат Халық.

Бұл ретте экономист екінші деңгейдегі банктердің де пайыздық мөлшерлемесін азайтатын кез жетті деп санайтынын жасырған жоқ. Сарапшы жылдық мөлшерлемені қазіргі 56 пайыздан 36 пайызға дейін түсіруді ұсынып отыр.

Қаржылық сауат неге маңызды

Өкінішке қарай, микроқаржы ұйымдарының арасында алаяқтықпен айналысатындары да бар. Мақсат Халықтың айтуынша, оларға алданып, сан соғып қалмау үшін әр адам қаржылық жағынан сауатты болуы тиіс.

"Алаяқ қаржы ұйымдарынан қандай құжатыңыз бар деп сұрағанда, ХҚКО-да тіркелген кезде алған куәлігін көрсетеді. Бірақ қаржы қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ. Соған қарамастан біз қаржылық ұйымбыз, жеңіл несие береміз деп жарнама жасап, халықты алдайды. Ал бізде қазір мораторий, шағын және орта бизнесті тексеруге тыйым салынған. Олар көп жағдайда осыны пайдаланады. Құзыретті органдар оларды тексере бермейді. Тек халықтың тарапынан алдандық деп шағым түскенде ғана қимылдай бастайды. Ал ол кезде ақша талан-таражға салынады немесе шетел асып кетеді. Сондықтан бұл жерде қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру өте маңызды. Заңды біліп жүрсе, өз құқығын қорғай алады", - деп түсіндірді экономитс.

Жалпы, оның пікірінше, микроқаржы ұйымдарының банктерге теңестірілуі халыққа үлкен көмек. 

"Бізде екінші деңгейлі банктер, негізінен, қалаларда шоғырланған. Өңірлерде филиалдарын аша қоймайды. Ал микроқаржы ұйымдары өңірлерде де ашылып, қызмет көрсете береді", - деді Мақсат Халық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1885729-onlajn-karyz-alatyn-kazakstandyktardy-kandaj-zgeris-ktip-tr/

pixel