RU

Зейнетақы қорынан алынған қаржыны қолдануға қанша уақыт беріледі

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жинақтың бір бөлігін пайдалану тәртібін түсіндірді. Мамандардың сөзінше, ақша арнайы шотқа салынады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

БЖЗҚ мәліметінше, ең алдымен азаматтар өз жинағын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын соманың бар-жоғын анықтап алуы керек. Оны БЖЗҚ-ның сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы алуға болады.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін алатын адамдар алдымен уәкілетті операторға барады.

Мәселен, тұрғын үй мәселесіне "Отбасы банк" жауапты болады. Оператор барлық құжатты тексергеннен кейін БЖЗҚ-ға салымшының өзі айқындаған және оның өтінімінде көрсетілген мөлшердегі зейнетақы жинағын аудару туралы хабарлама жібереді.

Ал салымшы зейнетақы жинағын алғанда жеке табыс салығын бірден төлей алады, я болмаса, кейінге қалдыруға болады.

БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде ақшаны уәкілетті операторға аударады. Оны азаматтардың арнайы шотына салып қояды.   

"Зейнетақы жинағы арнайы шотта 45 жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жатады. Осы мерзім ішінде жинақ нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға немесе салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс", - дейді БЖЗҚ мамандары.

Ал зейнетақы жинағының бір бөлігін сенімгерлік компанияның басқаруына беру үшін салымшы БЖЗҚ-ға қажетті құжаттармен бірге өтініш жазады. Оны жеке өзі апарып береді, я болмаса, enpf.kz интернет-ресурс арқылы электронды цифрлық қолтаңбамен жібере алады.

Бұдан бөлек, зейнетақы жинағын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емдеу шараларына жұмсауға болады.

Еске сала кетсек, парламент зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты заңды қабылдады.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/1891773-zejnetaky-korynan-alyngan-aksany-koldanuga-kansa-uakyt-beriledi/