RU

Қаржыны қай валютада сақтаған тиімді: Отандық экономистер кеңес берді

Фото
Фото: Sputnik / Абзал Қалиев

Отандық экономистер алдағы уақытта қаржыны қай валютада сақтаған тиімде екенін айтып берді деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Қазақстандық қаржы нарығына қатысушылардың болжауынша, ақпан айында доллар 419 теңге төңірегінде сақталады. Ал жылдың аяғына қарай америкалық валюта бағамы 433 теңге тұрады.

Телеарна дерегінше, доллармен сақталған депозиттердің жылдық табысы бір пайыздан аспайды. Ал рубльде сақталған депозиттерден түсетін пайда жылына 2 пайызға жуықтайды.

Бұл сәйкесінше АҚШ пен Ресейдегі инфляция көлемінен аспайды.

Ал теңгемен ашылған депозиттердің жылдық мөлшерлемесі 10 пайыздан жоғары.

Сол себепті қаржыгерлер ақшаны отандық валютада сақтаған тиімді деп есептеп отыр.

Сонымен қатар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының есебінен ұлттық валютадағы жинақтардың сақталуына кепілдік жоғары.

Дегенмен мамандар қаражатты бірнеше валютада сақтауға да болатынын жеткізді.

Бұл нарықтағы өзгерістерге қарамастан, жинақтың құнын жоғалтпауға көмектеседі, дейді қаржыгерлер.

Одан бөлек, отандық экономистер қазақстандықтарға рубль сатып алмауға кеңес береді. Өткен аптада ресейлік валюта 1,5 пайызға құнсызданған.

Мамандардың сөзінше, Ресей рублі алдағы уақытта тағы девальвацияға ұшырауы мүмкін. Олар мұны көрші елдегі саяси жағдаймен байланыстырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1895757-karzyny-kaj-valutada-saktagan-tiimdi-otandyk-ekonomister-kees-berdi/