RU

Зейнетақы жинағынан жақын уақытта неше адамның шотына ақша аударылады

Зейнетақы
Көрнекі фото: expansion.mx

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының алғашқы 50 мыңының арнайы шотына таяу күндері ақша аударылады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ

Бұл туралы "Отбасы банк" акционерлік қоғамы төрағасы Ләззат Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Оның сөзінше, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының порталы мен "Отбасы банктің" сайтына бүгінге дейін 80 мыңнан астам өтініш түскен.

"Оның ішінде 50 519 өтініш иесі туралы айтар болсақ, қазір олар жеке кабинетіне кірсе, онда БЖЗҚ өтінішін қарауға қабылдағаны туралы жаңалықты көре алады. Қарау мерзімі 3-тен 5 күнге дейін созылады. 50 мың салымшы іс жүзінде бірінші кезеңнен өтті. Олардың өтініші арнайы шотқа ақша аудару сатысында тұр. Оның 8 мыңы - кеше сағат 16:00-ге дейін өздерінің арнайы шоттарындағы ақшаны көрді. Бұл мобильді қосымшада көрініп тұр", - деді Ибрагимова.

"Отбасы банк" акционерлік қоғамы төрағасы сонымен қатар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өтінімді қабылдағаны туралы статусты көрген азаматтар өзінің арнайы шотындағы соманы көре алатынын, ол үшін Тұрғын үй жинақ банкі мобильді қосымшасына кіруі керектігін ескертті.

Еске сала кетсек, Қазақстанның Біріккен риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко зейнетақы жинағының ақшасына үйді қай уақытта сатып алған тиімді деген көптің көкейіндегі сұраққа жауап берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1896883-zejnetaky-zinagynan-zakyn-uakytta-nese-adamny-sotyna-aksa-audarylatyny-belgili-boldy/