RU

Баға әлі өседі: Экономистер тұрғын үйді биыл сатып алмауға кеңес берді

Баспана
Көрнекі сурет: pixabay.com

Зейнетақы қорындағы ақшаны алуға рұқсат берілгелі жылжымайтын мүлік құны күрт өсті. Риэлторлар баспана бағасы өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 8 пайызға қымбаттаған дейді. Экономистер де баға тіпті жазда да қымбаттауы мүмкін екенін айтады деп хабарлайды Астана телеарнасы.

"Үйді келесі жылы алсаңыз да болады. Нарықта баға тұрақтанғанын күткен жөн. Мәселен менің де жинағаным бар, бірақ биыл баспана аламын деген жоспарым жоқ. Өйткені баға әлі де өседі, сондықтан келесі жылды күтемін", - дейді экономист Арман Байғанов.

Ал риэлторлық орталықтың директоры Ғалым Ысқақ, бұл бастама баспанасын аңсаған халықтан бөлек Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін де, сондай-ақ банктер үшін де тиімді деп отыр.

"Соңғы жылдары қорға ақша аудармайтындар саны артты, әсіресе жастар арасында. Қорға деген сенім жоғалып барады. Ал мемлекет мерзімінен бұрын ақшаны жұмсауға рұқсат беру арқылы халықты керісінше қайта қорға ақшаны көптеп аударуға ынталандырып отыр. Ақшаны шешіп, үй алып жатқандардың көбі банкке жүгінеді. Осылайша қор, артынша банкте ақша айналымы артып, бұл жүйден ұтып отыр»" - дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Ғалым Ысқақ.

Айта кетейік, 78 мың қазақстандықтың зейнетақы қорынан ақша алуға берген өтініші мақұлданды. 90 пайызы ақшаны баспана мәселесін шешуге жұмсамақ ниетте. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев хабарлады. Ал жалпы өтініш саны 115 мыңнан асады. Олардың арасында өтінішті дұрыс толтырмай әлі күнге тиісті қаржысын ала алмай жүргендер де бар.

Автор: Ә. Өмірзақ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1899348-baga-ali-osedi-ekonomister-turgyn-uidi-biyl-satyp-almauga-kenes-berdi/