Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жалпыға бірдей декларацияны кім тапсырады және нені көрсетуі керек

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

1 қаңтардан бастап Қазақстанда кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізіле бастады деп хабарлайды Қазақпарат.

Айта кетейік, жалпыға бірдей декларациялауды енгізу төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең биылғы 1 қаңтардан басталды, екінші кезең – 2023 жылы 1 қаңтарда, үшінші кезең – 2024 жылы 1 қаңтарда және төртінші кезең – 2025 жылдан бастап енгізіледі.

Бірінші кезеңде кіріс декларациясын тапсыратындар:

  • жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары;
  • мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттігі бар адамдар және олардың жұбайлары;
  • мемлекеттік функцияларды орындау уәкілеттігі бар адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары;
  • "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" ҚР Конституциялық Заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар нарығы туралы" ҚР Заңдарына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген адамдар.

Осы орайда қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің жалпыға бірдей декларациялау басқармасының басшысы Дина Құсайынова бұл биылдан бастап активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруға міндеттілер санаты екенін атап өтті.

Ал 15 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда 220 мың адам декларация тапсырды.

Оның айтуынша, әкімдіктер мен мәслихат қызметкерлері – барлығы декларация тапсырады.

"Сонымен бірге, оларға теңестірілген тұлғалар – квазимемлекеттік сектор басшылары, яғни барлық ұлттық компаниялардың басшылары да өз жұбайларымен бірге декларация тапсыруы тиіс. Мектеп директорлары – квазимемлекеттік сектор басшылары болып саналады. Себебі мектептер мемлекеттік мекемелерге жатады. Сондықтан мектеп директорлары да декларация тапсыратын болады", - деді басқарма басшысы.

Одан бөлек Дина Құсайынова "декларация тапсырмаған жағдайда айыппұл немесе жазаның басқа да түрлері қарастырыла ма?" деген сауалға жауап қатты.

"Ең алдымен Әкімшілік кодексте ескерту қарастырылған. Егер бір жыл ішінде құқықбұзушылық тағы тіркелсе, 3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бірақ бұл салыстырмалы түрде өте аз. Мұның бәрі адамдардың осы процесті үйренуі үшін жасалады, содан кейін әрине, тиімді шаралар қабылдай бастаймыз. Үкімет халықты бұл жаңалыққа біртіндеп үйреніп кетеді деп есептейді", - деді ол.

Сонымен қатар басқарма басшысы декларацияда нені көрсету керек екеніне тоқталды.

"Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда шет мемлекетте тіркелген мүлікті көрсету қажет. Бұл толығымен жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, жер үлесі, әуе теңіз кемелері, ішкі суда жүзетін кемелер, көлік құралдары, арнайы техника немесе тіркемелер болуы мүмкін. Ал шет мемлекеттерде тіркелген жылжымайтын мүлік пен көлік көрсетілуі керек екені түсінікті.

Егер Қазақстанда пәтер немесе көлік болса, оны көрсетудің қажеті жоқ. Біз бұл көрсеткішті әдейі алып тастадық, өйткені біз бұл мәліметтерді көріп отырмыз. Ол үшін ақпараттық жүйелер бар және кімнің тіркелгенін көреміз. Сондықтан шетелдік мүлікті ғана көрсету керек. Қазақстан бойынша банктік шоттардағы ақшаны да көрсетудің қажеті жоқ.

Қазақстан аумағынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы барлық салымдар бойынша 1000 АЕК-тен асатын қаражатты көрсету керек. Қазақстан аумағынан тыс құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын, авторлық құқық, зияткерлік меншік нысандары – осының бәрін Қазақстанда да, ҚР шегінен тыс жерлерде де көрсету қажет.

10 000 АЕК мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Нотариалды куәландырылған дебиторлық берешек көрсетіледі. Ал қазақстандық банктерден алынған несиелерді көрсетудің қажеті жоқ", - деп түсіндірді Дина Құсайынова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1899729-zalpyga-birdei-deklaraciyany-kim-tapsyrady-zane-neni-korsetui-kerek/

pixel