Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан азаматшасы алаяқтарға ақша аудару үшін банкоматқа үш рет барған

Опубликовано:

Иллюстративное фото
Иллюстративное фото: depositphoto

Көкшетау тұрғыны П. Наталья алаяқтардың құрбанына айналды. Олар азаматшаның атынан несие рәсімдеткен. Несиеге берілген қаржыны әйел өздерін «сақтандыру агентінің» өкілі ретінде таныстырған алаяқтарға аудару үшін банкоматқа үш рет баруға мәжбүр болған деп хабарлайды NUR.KZ.

"19 қаңтар күні кешкі сағат алтыда маған өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адам қоңырау шалып, менің атымнан әлдебіреу несие рәсімдеп қойғанын айтты. Ол маған банктің қауіпсіздік қызметкерлері көмектесетінін хабарлады. Мені әлгі қызметкерлермен байланысқа "қосып", сол арада тұтқаның арғы жағында колл-орталықтағыдай музыка ойнады. Маған аудиожазба қосылғаны туралы ескерту жасалды, содан кейін қосымшаға кіріп, несиені өзім рәсімдеуім керектігі айтылды. Олар, осылайша алдыңғы несиенің күшін жоюға қажет кодты алуға болатынына сендірді", - деп еске алды Наталья.

Несиені рәсімдегеннен кейін әйелден банкоматқа барып, ақшасын алып, "сақтандыру агентінің" шотына аударуды сұраған. Несие сомасы 500 000 теңгені құрады. Содан кейін "менеджер" Натальяға "карточка бұғатталатынын, ертеңінде бәрін қалпына келтіру үшін банк бөлімшесіне бару керектігін" мәлімдейді.

"Ол содан кейін де менімен байланыста болуын жалғастырды, мен үйге оралғанда ол 500 мың теңгелік несие әлі де менің атыма рәсімделіп тұрғанын айтты. Мен тағы да несие рәсімдеп, 500 мың теңгені "агентке" жібердім. Үйге қайтып оралып, несиенің әлі де менің атымда тұрғанын білдім. Бұл жолғы сома 450 мың теңгені құрады", - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны.

Алаяқтар Натальяға картасы мен қосымшасы бұғатталатынын, оған жаңа "пластик" алып, бағдарламаны қайтадан жүктеп алу керек екенін айтады. Наталья қосымшаға кіріп, несиелердің жойылмағанын анықтай сала, банкке өзі қоңырау шалады. Банкте әйелдің 1 450 000 теңге көлемінде несие алғанын растайды және қоңырау шалғандар қаржы ұйымының қызметкерлері емес екендігін түсіндіреді.

Алаяқтардың кезекті құрбаны - Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны Т. Елизавета. Ол да дәл осындай тұзаққа түскен. Алаяқтар әлдебіреу оның атына бір миллион теңге несие рәсімдегенін хабарлап, жеке кабинетіне кіруді сұраған.

Елизаветаның айтуынша, алаяқтар алдымен одан қолданыстағы құпиясөздің күшін жоюды сұраған және артынша басқа өздері ойлап тапқан құпиясөзді орнаттырған. Содан кейін ол қосымшаға енгізу керек кодты алады. Бойжеткен екінші кодтың автоматты түрде "енгізілгендігі" оның алаяқтарға сенім артуына себеп бола түскенін айтуда.

Оған сол сәтте шын мәнінде банктен код келіп отырған - бойжеткеннің жеке кабинетіне қол жеткізе отырып, алаяқтар іс жүзінде құпиясөзді өздері өзгертіп, клиенттің атына несие рәсімдей бастайды. Клиенттің жеке басын растау үшін банк Елизаветаға бір реттік СМС-код жібереді.

"Мен ешқандай ақпаратты дауыстап айтқан жоқпын, менде СМС-тен кодтарды автоматты түрде енгізу функциясы орнатылған. Осыдан кейін мен қосымшада "несинің күшін жою үшін" фото-верификациядан өттім. Содан кейін банкоматқа барып, ақшаны алып, бірақ ... оны өз картама салдым. Бұл жайт та менің алаяқтардан күдіктенбеуіме себеп болған еді. Содан кейін олар маған робот қоңырау шалатынын және несие жойылатынын айтты", - дейді Елизавета.

Фото-верификация - клиенттің келісімінсіз оның атына несие рәсімдеуді болдырмау үшін жасалатын алаяқтардан қорғанудың маңызды тәсілі болып табылады. Фото-верификациядан өтіп, адам өзінің жеке басын растайды. Осылайша, Елизавета да жеке басын растап қойған.

Бойжеткен өзінің картасына ақша салғанымен, алаяқтар бұл картаға қол жеткізе алған, нәтижесінде олар картадағы қаражатты ұрлап үлгерген. Ал «робот» клиент назарын өзгеге бұру үшін ғана ойлап табылған болуы керек.

Осы сәтте Елизавета әлі де банк бөлімшесі маңындағы банкоматтың қасында болады. Бірнәрсенің дұрыс еместігін сезген ол ғимаратқа жүгіріп кіріп, тіпті телефон тұтқасын менеджерге береді, бірақ ол кезде тым кеш еді.

"Қосымшама кірген кезде мен халықаралық аударма жасалғанын көрдім", - деп сөзін аяқтады Елизавета.

Айта кетсек, алаяқтар көбіне шетелдегі шоттарға ақша аударып жатады.

Ақмола мен Алматы облысының полициясы екі факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Полицейлер азаматтарды қырағы болуға, карта реквизиттері мен PIN -кодтарды ешкімге айтпауға, банк карталарына қатысты өзіңіз жасамаған операцияларды растамауға шақыруда.

Банк қызметкерлері клиенттерге күдікті әрекеттерді байқағанда ғана қоңырау шалатынын және "иә" немесе "жоқ" деген жауаптарды ғана қажет ететін сұрақтар қоятынын ескерген жөн. Банк қызметкерлері сізден қосымшаны өшіруді немесе қайта жүктеуді, оның үстіне шоттан ақша алуды және "сақтандыру агентіне" жіберуді сұрамайды.

Егер сіздің атыңыздан әлдебіреу несие рәсімдегенін айтып бейтаныс адамдар қоңырау шалған болса, мұндай жағдайда бірден-бір дұрыс шешім – тұтқаны қойып, банктің колл-орталығына өз бетіңізше қоңырау шалу.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1904580-qazaqstan-azamatsasy-alayaqtarga-aqsa-audaru-usin-bankomatqa-us-ret-bargan/

pixel