Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Банкте "қара тізімде" тұрғандар қалай несие рәсімдей алады

Опубликовано:

Мужчина считает деньги
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Енді несие тарихы нашар азаматтар, "қара тізімге" кіргені қарамастан, қайта банкке барып қарыз рәсімдей алады. Олар кредитті уақытында жаба алмағаны үшін ақталып, өтініш жазып, құжат тапсырмайды. Бастысы, несие жапқаннан кейін, соңғы бір жыл уақыт ішінде өзге де проблемалы несиесі болмауы тиіс деп хабарлайды 31 арна.

Үш банктен несие алған Есмағұл Сейітқалиұлы соңғы екі жылда кредитін төлемегін жасырмады. Өйткені, жұбайының да, өзінің де денсаулығы сыр беріп, тұрақты жұмысынан айырылып қалған. Қазіргі уақытта құрылыста заңды түрде жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүрген азамат, қарызымның барлығын бір банк арқылы қайта қаржыландыра алмай жүрмін деп отыр.

"Несие берсе алып, жауып тастар едім мынаның бәрін. Сосын бір банкіге төлеп отырайын деп ойлап едім", - деді Есмағұл.

Ол банктер "қара тізімде" тұрсың деп кері қайтаратынын жеткізді.

Енді мұндай азаматтардың қайта несие рәсімдеуі үшін қайткен күнде де несиесін жауып, тура бір жыл ішінде банкте өзге де проблемалы берешегі болмауы керек. Сол уақытта ғана бірінші кредиттік бюро борышкердің несие тарихы "оңалтылды" яғни, қалпына келтірілді деген мәртебені базаға енгізеді екен. Мамандардың айтуынша, бұл статус бөліп төлеуге келіскен "қара тізімдегілерге де" беріледі.

"Егер қарыз алушының берешегі толық емес, ішінара өтелген болса, банктер бұл қарыз алушымен ыңғайлы кестесімен бірге оңалту жоспарын жасайды. Соған сәйкес қарыз алушының оңалту жоспарын орындағаны және соңғы 12 айда басқа мерізімі өткен берешегі болмаған жағдайда "оңалтылды" деген мәртебені алады", - дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директорының орынбасары Ерлан Сейілов.

Осы орайда экономист Меруерт Махмұтова қарызға белшеден батқан халықты бұл жұбатудың ең тиімді тәсілі деген пікірде екенін жасырмады. Бір жағынан осы механизм арқылы борышкерлерден банктер қаражат жинап, айналымын арттырғысы келетінін айтады. Бірақ, ол ас-ауқаттың өзін банк картасы арқылы бөліп төлеп жүрген жұрттың жаппай несиесін қайтаратына күмәнмен қарайды.

"Азаматтар әбден қарызға батып төлей алмай жатқанда, ол көшеге шығады. Сондықтан билік ондай бір шешімді амалсыздан қабылдап отыр. Банктердің саясаты не де болса өзіміздің пайдамызды ұлғайту дегендей", - деді сарапшы.

"Оңалтылды" деген мәртебе банк алдындағы қарызын бұған дейін өтеп қойған, бірақ "қара тізімде" тұрған азаматтарға да тікелей қатысты. Енді олар 12 ай бойы проблемалы несиеге ұрынбаса, қайта кредит рәсімдей берсе болады.

Айта кетейік, бұл мүмкіндік тек қана "тұтынушылық несие" алғандарға беріледі екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1906695-bankte-qara-tizimde-turgandar-qalai-nesie-rasimdei-alady/

pixel