RU

Министр қазақстандықтардың еңбекақысын 304 мың теңгеге дейін өсірудің жолын атады

ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов үкімет отырысында "Еңбек" ұлттық жобасы аясында қабылданатын шаралар туралы айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның сөзінше, мемлекет басшысының тапсырмасымен осы жылы 1 шілдеден бастап, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жобаға ауыстырылады.

Бұл орайда құралдар мен міндеттер жаңа әдіснамаға сәйкес өзектендіріліп қана қоймай, оған мүлдем жаңа тетіктер мен бизнес-процестер енгізілмек.

Серік Шәпкенов ең алдымен қазақстандықтарға жұмыста отырып оқып, практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік жасалатынын жеткізді. Электронды еңбек биржасы базасында нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқытудың жалпыұлттық платформасы іске қосылады.

Екінші бағыт аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау барынша автоматтандырылады.

Ауылдарда кәсіпкерлікпен айналысуды кеңейту үшін өндірушілер мен сатып алушыларды байланыстыру шаралары қабылданбақ.

Министрдің айтуынша, келесі жылы кредит және грант бөлу үшін бизнес-жобаларды іріктеу өңірлердің қажеттілігіне қарай жүзеге асады.

Үшінші міндет нысаналы топтарды атаулы түрде қолдауға негізделеді. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жекелеген жобалар іске асырылады. Жұмыспен қамту саласындағы қызметтер электронды форматқа көшіріледі.

Атап айтқанда, еңбек нарығының инфрақұрылымы дамытылып, мобильді және цифрлы жұмыспен қамту орталықтары ашылады. Сондай-ақ жұмыспен қамту қызметтері онлайн және проактивті түрде, яғни өтініш берусіз ұсынылады.

"Жалпы ұлттық жоба аясында қабылданып жатқан шаралар болашақта халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және нақты ақшалай табыстың 27 пайызға, еңбекақының 304 мың теңгеге дейін өсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру арқылы 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін төмендететін болады", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1909920-ministr-qazaqstandyqtardyn-enbekaqysyn-304-myn-tengege-deiin-osirudin-zolyn-atady/