RU

Қазақстанда 750 миллиард теңге кредитті төлеу мерзімі кейінге шегерілді

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Шағын және орта кәсіпкерлер үшін несиелерді төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Екінші деңгейлі банктерде кредиттер бойынша төлем мерзімін осы жылдың 1 шілдесіне дейін шегеру шаралары қабылданды. Кейінге қалдырылған төлем мөлшері 750 миллиард теңгені құрайды", - деді Мамин үкімет отырысында.

Сонымен қатар ол ШОБ субъектілері үшін 1 сәуірден 1 маусымға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын барлық салықты төлеу мерзімі кейінге шегерілгенін жеткізді. Бұл бизнеске шамамен 200 миллиард теңгені сақтауға мүмкіндік берді.

Салық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтатылды.

"Бұл кәсіпкерлерге айналым капиталын толтыру үшін қосымша 279 миллиард теңгені жұмсауға мүмкіндік жасайды", - деді үкімет басшысы.

Премьер-министр ұлттық экономика министрлігіне Экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы жаңартылған кешенді жоспардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар бизнесті салықтық ынталандыру жөніндегі заңнамалық түзетулер пакеті қабылданып, 1 маусымға дейін парламентте тиісті жұмыс жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, жақында қаржы нарығын реттеу және бақылау агенттігі кредит алған азаматтарды оңалту жүйесінің іске қосылғанын мәлімдеді. Оған сәйкес, бұрын банктерден немесе шағын қаржы ұйымдарынан қарызға ақша алған, артынан үш айдың ішінде қайтармаған адамдар өз берешегін толығымен жапса, "оңалтылған" деген статус алады. Сондай-ақ бір жылдың ішінде басқа қарыздар болмауы шарт.

Оңалтудан өту үшін құжат тапсырудың қажеті жоқ. Кредиттік бюрода барлық ақпарат автоматты түрде өңделеді. Осылайша бүгінде 1 миллион 419 мың адам теріс кредиттік тарихтан құтылды. Ендігі жерде олар тағы кредит рәсімдей алады. Бірақ банктер мен шағын қаржы ұйымдары "оңалтылған" деген белгіні көріп отырады. Бұның барлығы кредит рәсімдеу кезінде ескеріледі.

Ал қарыз толығымен жабылмаса, ай сайынғы төлемнің ыңғайлы кестесін жасауға мүмкіндік беріледі. Сөйтіп, барлық берешек жабылып, бір жылдың ішінде ешқандай қарыз болмаса, оңалту шарасы жасалады.

Бұдан бөлек, сенат депутаттары 29 сәуірде кредиттік тарихтың мерзімін қысқартуды көздейтін заңды қабылдады. Бұрын кредит тарихын сақтау мерзімі 10 жыл болса, енді қарызын толығымен өтеген және берешегі жоқ адамдарға қатысты ақпарат 5 жыл ғана сақталады. Соның арқасында 490 мың адам теріс кредиттік тарихтан құтылады. Заң президентке жіберілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1910960-qazaqstanda-750-milliard-tenge-kreditti-toleu-merzimi-keiinge-segerildi/