Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешқандай қадағалау жоқ": Тұрғындар елімізде құрылыс материалдарының күн санап қымбаттап жатқанына күйінді

Опубликовано:

құрылыс заттары11
Көрнекі фото: pixabay.com

Құрылыс материалдарының бағасы елімізде күн санап көтеріліп жатыр. Тіпті бір емес, екі-үш есеге бір-ақ артқан. Сатушылар да, сатып алушылар да мұның себебінен бейхабар деп хабарлайды КТК арнасы.

Қымбатшылықтың кесірінен клиенттен қағылғанның бірі - Алматының құрылыс базарында сауда жасайтын Айдос. Ол соңғы үш айдан бері тауар алатын дистрибьютерлер құнды көтеріп жатқанына қынжылады.

"Бағаны қадағалап отыратын министрлік болу керек. Шенділер бар. Не қарап отыр? Бағаға қарауы керек. Тұрақты баға енгізуі керек. Ешқандай қадағалау жоқ. Сондықтан осындай болып отыр", - дейді саудагер Айдос Нұрмұхаметов.

Телеарнаның мәліметінше, бір қап цемент соңғы күнде 800 теңгеге өссе, бір қап құм 150 ден 350 теңгеге бір-ақ өскен. Құрылыста сұранысқа ие пеноплекс бұрын 5000 болса, қазір 8500 теңге. Арматураның тоннасы кемі 400 мыңнан сатылуда екен.

Ал Маңғыстау облысында бұрын тоннасы әрі кетсе 2 мыңға бағаланған қиыршық тас қазір 3500 теңгеге, осы жақтан шығатын ұлутас кірпішінің бір текшеметрі 6 мыңнан 11 мың теңгеге көтерілген. Екеуі де Маңғыстау облысында өндіріледі.

Карьерден бір көлік құм 7 мың теңгеге жеткізіліп келсе, енді 13 мың теңгеден жеткізілетін болған. Алыпсатарлардың үстіне тағы қосатыны бар. Ал олар жанармай құны өскендіктен бағаны көтеруге мәжбүр екендерін айтады.

"Бір жүк көлігінің үстінен көретін пайдамыз 1000-2000 теңге. Әр кезде әрқалай. Мына жердегі "ЗИЛ", "КамАЗ" бар. Олар жеткізіп бергенін өзі қояды. Маңғышлақ, Мұнайлыға 3 мың теңге. Қалаға болса 4000-5000 алады", - дейді саудагер Алтынбек Кенжебеков.

Тақтайдың да бағасы қымбаттап кеткен. Мәселен Атырауда Ресейден әкелінетін ағаштардың екі апта бұрын текше метрі 70 мың теңгеге болса, қазір 120 мың теңгеден сатылуда екен.

"Бізде түк жоқ қой, бәрі Ресейден келеді. Тамақ та, бүкіл құрылыс материалы да. Жоғарыда анау қымбат, мынау қымбат болып кетті деп жатыр, тексеру керек дейді. Ешкім тексермейді. Әркім өз орынымен сатады, әртүрлі баға сұрайды. Бір баға жоқ", - дейді Атырау қаласының тұрғыны Жұмабай Қарымсақов.

Телеарна мәліметінше, бағаны бақылайтындар бұқара базынасына жауап беруге әзір асығар емес. Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеген. Олар жауаптан қашып, министрлік құзырындағы мәселе деген.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1916945-esqandai-qadagalau-zoq-turgyndar-elimizde-qurylys-materialdarynyn-kun-sanap-qymbattap-zatqanyna-kuiindi/

pixel