Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ипотекадағы баспананы қалай сатуға болады

Опубликовано:

Баспана
Көрнекі сурет: pixabay.com

Ипотекаға алынған баспананы қалай сатуға болатыны жайлы Dauletten.kz сайты жазды.

Ең алдымен, ипотекадағы баспананы сату бойынша банктен кеңес алу қажет. Себебі сіз қарыз алған қаржы ұйымының келісімін алмай, кепілге салынған мүлікті сату, сыйға беру бойынша істі жүргізе алмайсыз.

Банк қызметкерлері сіздің шешіміңізді мақұлдаған жағдайда төмендегі шарттарды анықтау қажет:

  • баспананы сату жолдары;
  • қалған қарыз мөлшерін білу;
  • ипотекадағы баспананың нарықтағы құнын анықтау және міндетті түрде белгіленген сома банк алдындағы қарызды жабуға жететінін ескеру;
  • сату бағасын келісу.

Содан кейін, баспананы сату әдісін таңдау керек. Ипотекадағы баспананы сатудың бірнеше жолы бар. Нақтырақ айтсақ, қарызды мерзімінен бұрын жабу, үш жақты келісімге келу және құқық тағайындау.

Баспананы жылдам сату үшін қаражат болған жағдайда қалған қарызды мерзімінен бұрын жауып тастауға болады. Бұл - ипотекадағы баспананы сатудың оңай жолы. Қарыз алушы банкке жазбаша өтініш жасағаннан кейін ақшаны қаржы ұйымының кассасына төлейді. Нәтижесінде, тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын алып, ХҚКО-нан кепілдіктен алып тасталынады. Одан кейін баспананы сатып алушымен келісім жасауға болады.

Ипотекадағы баспананы сатуда үш жақты келісімге келу әдісі таңдалған болса, ипотекаға баспана алған азамат, сатып алушы және банктің арасында келісім жасалады. Банк тараптарына сәйкес, үшжақты құжаттар дайындалады. Құжаттар расталған жағдайда, сатып алушы баспана қаражатын банкке өткізеді және бірнеше күннен кейін баспана иесі ретінде құжаттардың түпнұсқасын қолына алады.

Ал құқық тағайындау тәсілі бойынша сатқан жағдайда сатып алушы қарызды төлеуді жалғастырады. Яғни, бұл тәсіл баспананы ипотекалық қарызбен сату. Бұл тәсіл сатып алушы несие бойынша міндеттемелерді қабылдауға дайын болған кезде қолданылады. Ол үшін банкке барып өтініш жазу және төлем қабілеттілігін растау керек.

Кепілге алынған мүлікті сатудың артықшылықтары мен кемшіліктері:

Кемшіліктердің бірі - құжаттарды жинау ұзаққа созылуы мүмкін. Заңға сәйкес, өтініш шамамен 15-30 күн ішінде қаралады. Осы уақыт аралығында баспананы сатып алушы шешімінен бас тартуы ғажап емес.

Артықшылықтардың бірі – барлық процесс заңды түрде жүреді. Жылжымайтын мүлікті кепілге қабылдау кезінде банк құқық белгілейтін құжаттарға заңдық талдау жүргізеді, олардың түпнұсқалығын тексереді. Сәйкессіздіктер анықталған кезде (кадастрлық нөмірі, ауданы және т.б. бойынша) жылжымайтын мүлік бойынша ескертулер толық жойылғанға дейін кепілге қабылданбайды.

Кепілдікте тұрған баспананы сату несие уақытылы төленген жағдайда ыңғайлы. Егер сізде несие төлеу барысында ешқандай қиындықтар болмаса, онда ипотекадағы баспананы сату кезінде мәселелер болмайды.

Ескере кететін жайт, ипотекалық шартты өзгерту немесе тоқтату екі тараптың, яғни банк пен қарыз алушының келісімі арқылы өтеді.

Ипотекалық қарыз уақытылы төленген жағдайда баспананы сату бойынша қиындықтар туындамайды.

Несие бойынша мәселелер шығып, банкте қандай да бір қиындықтар болған жағдайда банк омбудсменіне көмекке жүгінуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1926627-ipotekadagy-baspanany-qalai-satuga-bolady/

pixel