RU

"Баспана хит" неге жалғаспайды: Ұлттық банк жауап берді

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлттық банк "Баспана хит" бағдарламасының неге тоқталытатынын түсіндірді деп хабарлайды Қазақпарат.

Ұлттық Банктің ресми мәлімдемесінде "Баспана хит" бағдарламасы тұрғын үй нарығында ұзақ мерзімді кредиттеуді жандандыру және тұрғын үй ипотекасының халыққа қолжетімділігін арттыру үшін іске қосылғаны айтылған.

Әуелде қаржыландыру көлемі 300 миллиард теңге болады деп көзделіпті. Кейін кредиттік өнімге деген сұранысы жоғары екенін ескере отырып, 600 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылғаны белгілі болды.

"Осы ақша толық игерілген соң бағдарлама өз қолданысын аяқтайды. Бүгінгі таңда бағдарлама шеңберінде банктер 590 миллиард теңге сомаға қарыз берді, олардың көмегімен елдің 63 мыңнан астам азаматының тұрғын үй жағдайын жақсартты", - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Ұлттық банк "Баспана хит" бағдарламасы жұмыс істеген 2,5 жыл ішінде коммерциялық банктер осыған ұқсас өнімдер шығарғанын атап өтті. Яғни, қаржы ұйымы бұл сипаттағы ипотеканы енді екінші деңгейлі банктер бере алады деп топшылап отыр.

Ведомство мәліметінше, аталған бағдарлама жылжымайтын мүліктің қайталама нарығында халық үшін ипотеканың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша өз міндетін толық шешкен.

Оның іске қосылуы банктердің ипотекалық кредиттеу нарығына оралуын ынталандырған екен.

"Негізгі қатысушылар "Сбербанк", "ЦентрКредит" банкі және Қазақстан Халық банкі болды. Жоғары сұраныс пен бағдарламаның сәтті іске асуы банктерді клиенттерге қызмет көрсету сапасы мен несие өнімдерінің шарттарын жақсартуға ынталандырды. Қазіргі уақытта банктер "Баспана хит"-ке ұқсас кредит беру шарттарын әзірлеп, ұсынып жатыр. Бұл мемлекет тарапынан ипотека нарығының осы сегментін ынталандырудың одан әрі қажеттілігін талап етпейді", - деп жазылған Ұлттық банктің мәлімдемесінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1931001-baspana-xit-bagdarlamasy-nege-zalgaspaidy-ulttyq-bank-zauap-berdi/