Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жұмысты тәжірбиесіз қалай табуға болады: «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыс орындары

Опубликовано:

"Еңбек" биржасы
Фото: https://enbek.kz/

Қазақстандықтар жұмыс іздегенде көбінесе достарына немесе таныстарына жүгінеді, болмаса бос жұмыс орнын сайттар мен газеттерден іздейді. Жұмыс табудың тағы бір тиімді әдісі ретінде жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына баруды атап өтуге болады. Онда жұмыс іздеушілер бос жұмыс орны мен тұрақты еңбекақыға қол жеткізе алады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қазақстандықтар уақытша жұмысқа да, тұрақты жұмысқа да орналаса алады. Оның үстіне бұл бағдарлама тәжірбиесі жоқтарға да таптырмас мүмкіндік болып тұр, өйткені көптеген жұмыс берушілерге жұмыс тәжірбиесі – жұмыс іздеушілерді жұмысқа қабылдау кезіндегі ең басты факторлардың бірі.

Көкшетаулық Динара Бексеитова заңгер болуды армандаған, бірақ өмірі басқаша өрбіді. Мектеп бітірген соң Динара колледжге түсіп, хатшы-референт дипломын алып шығыпты. Бірнеше жыл әкімдікте жұмыс істеген соң, тұрмысқа шығып, екі баласын дүниеге әкелді, көп жылдар бала тәрбесімен үйде отырды.

Біраз бұрын Динара қаладағы емханалардың біріне гардеробшы болып жұмысқа тұрған, көп ұзамай декреттік демалысқа кетіп, баласын босанған соң басқа жұмыс таба алмады. Тәжірбиенің жоқтығы жұмыс іздеу кезінде аяққа тұсау бола берді.

«Осы уақыт аралығында әрлеуші-сылақшы, уқалаушы сияқты курстарды бітіріп үлгердім, бірақ ол кәсіптер бойынша жұмыс істеген жоқпын. Жұмысты қалай табарымды білмей, Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым, көмек сол жақтан болды. Бей-жай қарамай, маған тілектес болған орталықтағы барлық маманға алғысымды білдіремін. Қазір мен облыстық балалар ауруханасында ауысымдық тәртіппен таңертеңгі 8-ден кешкі 7-ге дейін вахтер болып жұмыс істеймін. Еңбекақым 45 мың теңге, қаңтар айынан бастап жалақым көбейеді деп ойлаймын», – дейді Динара.
Қайырлы Мирам
Фото: Қайырлы Мирамның жеке мұрағатынан

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тасшағыл аулының тұрғыны Қайырлы Мирам Атырау аграрлық-техникалық колледжін мал фельдшері мамандығы бойынша бітірген. Оқуға грантқа түскенімен, оны бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған.

«Диплом алған соң ауылға қайттым, бірақ ауылда тәжірбиең болмаса, жас мамандарға жұмыс табу қиын. Біздің ауыл шағын, халқы 2-3 мыңдай ғана. Сондықтан әкімдікке барып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жастар практикасына қатысып, жергілікті мал дәрігерлік қызметінде тәжірбиеден өттім», – дейді Қайырлы.

Жарты жыл ішінде Қайырлы білімін толықтырып, аз да болса тәжірбие жинап үлгеріпті.

«Практика аяқталған соң Атырау қаласының мал дәрігерлік қызметіне жұмысқа тұрдым. Қазір 90 мың теңгелік тұрақты еңбекақым бар. Кеңседе жұмыс істеймін, анықтамалар беремін, үй жануарларын қараймын. Маған жұмысым қатты ұнайды. Болашақта кәсіби маман атансам деп армандаймын», – деп сөзін аяқтады ол.
Айзада Ақбұтаева
Фото: Айзада Ақбұтаеваның жеке мұрағатынан

Маңғыстау облысының тумасы Айзада Ақбұтаева медициналық колледжді мебдике мамандығы бойынша бітірген. Тұрмысқа шығып, балалы болғандықтан, мамандық бойынша жұмыс істей алмапты. Балалары ержетіп қалғанда Айзада жұмысқа орналасуды ойлаған, алайда тәжірбие болмағандықтан, жұмыс табыла қоймады.

Айзада жұмыс іздеп, Түпқараған ауданында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығына барыпты. Орталық қызметкерлері оған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Байболат» ЖК шаруа қожалығының ем-шара бөлмесінің медбикесі болуды ұсынған.

«Жұмыс таба алмай жүргенде қайын сіңілім Халыққа қызмет көрсету орталығына баруға кеңес берді. Керекті жұмысты сол жерден таптым. Қазір 120 мың теңге жалақы алып жүрмін. Жұмысқа тұруға көмектескен орталық мамандарына алғысымды білдіремін», – дейді Айзада.
Айзада Ақбұтаева
Фото: Айзада Ақбұтаеваның жеке мұрағатынан

2017-2020 жылдар аралығында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,4 миллион адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Осы жылдың 8 айының ішінде республика бойынша 328,5 мың адам жұмыспен қамтылса, соның ішінде 200,7 мың адам немесе 61 пайызы тұрақты жұмысқа орланасқан.

«Күн өткен сайын халықпен жұмыс істеу, өзара қарым-қатынас үрдістерін жетілдіруге тырысып жатырмыз. Халыққа қызмет көрсету орталығы таптаурынды көзқарастарды бұзып жатыр деп есептеймін. Көмек қажет болса, бізге келіңіздер. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мәселеңізді шешіп, қабілетіңізді іске асыруға көмектеседі. Жақсыға барлығы лайық, тек қана өзіне сеніп, көмек сұраудан ұялмаса болғаны», – дейді Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова.

Бұған қоса азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығының барлық дерлік қызметін онлайн ала алады.

"Электрондық цифрлық қолтаңба" болса, ENBEK.KZ электронды еңбек биржасы порталында жұмыссыз тұлға мәртебесін алуға, жұмыстан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер рәсімдеуге, уақытша жұмыстарға жолдама алуға, тұрақты жұмыс табуға, жаңа кәсіпті үйренуге болады. Онлайн-қызметтерді Халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзінен, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағынан да алуға болады, онда азаматтарға кеңесшілер көмектеседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1933379-zumysty-tazirbiesiz-qalai-tabuga-bolady-enbek-bagdarlamasy-boiynsa-zumys-oryndary/

pixel