Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"БЖЗҚ үкіметпен талқылау керек еді": Азат Перуашев жеткілікті шекті көтеруге қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мәжілісте зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін жеткілікті соманы көтеруге қатысты сөз қозғалды. "Ақ жол" партиясының депутаты Азат Перуашев БЖЗҚ-ның түсіндірмесін "ақылға қонымсыз" деп атады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжілістің мәліметінше, заңнамада зейнетақы жинақтарының ең төменгі шегін белгілейтін тікелей норма жоқ.

Депутат Азат Перуашевтің сөзінше, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін анықтау әдістемесін үкімет бекітеді, ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлейді. Дегенмен нақты сома туралы шешімді қордың өзі қабылдайды.

"Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы заң бойынша өседі дегенге сілтеме жасаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, ең төменгі жалақы зейнетақы төлемдеріне тікелей әсер етпейді.

Ал "кейінге қалдырылған", яғни уақыт бойынша ұзартылған тенденцияларды уәкілетті мемлекеттік органдар зейнетақы жинақтарының орташа және ұзақ мерзімді перспективада табыстылығын ескере отырып, алдын ала есептеуге міндетті.

Сонымен қатар, заңнамада зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін белгілейтін тікелей норма жоқ. Сондықтан БЖЗҚ басшылығының бұл жағдайда өз шешімін заңнама арқылы дәлелдеуі ақылға қонымсыз", - деді мәжілісмен.

Ол қазіргі жағдай қордың өз салымшыларымен, яғни бүкіл қоғаммен кері байланысы жоқ екенін айғақтайтынын айтты.

"БЖЗҚ жаңа шекті соманы жарияламас бұрын оны үкіметпен, салалық министрлікпен, әртүрлі алаңдарда талқылауы керек еді. Өйткені бұл мәселе біздің миллиондаған азаматымызға қатысты", - деді Перуашев.

Еске сала кетсек, БЖЗҚ 2022 жылы ең төменгі шекті мөлшер көтерілетінін хабарлаған еді. Егер 2021 жылы 40 жастағы қазақстандықтың шотында 3,42 млн теңге болуы тиіс болса, 2022 жылы бұл сома 5,79 млн теңгеге дейін өседі.

Кейінірек, БЖЗҚ шекті мөлшердің неліктен өскенін түсіндіріп берді.

Қордың мұндай шешімі ел тұрғындарының да, қаржыгерлердің де наразылығын тудырған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1945418-bzzq-ukimetpen-talqylau-kerek-edi-azat-peruasev-zetkilikti-sekti-koteruge-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel