RU

Парламентте кредит алғандардың мәселесіне қатысты заң жобасы қаралды

Парламент
Көрнекі фото: Парламент сенатының баспасөз қызметі

Сенат екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясаты мен бағалау қызметін реттеуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Бірақ екінші оқылымнан өтпей қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Нұрлан Қылышбаевтың сөзінше, Алматы қаласындағы қайғылы жағдайдан кейін несие берушілер мен қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынасты, әсіресе баспанаға қатысты мәселені реттеу қажеттілігі арта түсті. Ел президенті де осыны жан-жақты зерделеуді тапсырды.

"Қарастырылып жатқан заң жобасы мемлекет басшысының осы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді және жылжымайтын мүлік ипотекасын, екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметі мен атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды қамтиды, сондай-ақ қарыз алушының жағдайын жақсартуға бағытталған", - деді Қылышбаев сенаттың жалпы отырысында.

Заң жобасының негізгі бағыттары:

  • борышкерге кепілге қойылған мүлікті өзі сатуына мүмкіндік беру;
  • кей жағдайларда кепіл берушіге кепіл нысанасын ауыстыру мүмкіндігін беру;
  • пайдакүнемдік мақсаттардың туындауын болдырмау үшін кепіл ұстаушының және онымен аффилиирленген тұлғалардың сатып алушы ретінде аукционға қатысуына тыйым салу.

"Атқарушылық іс жүргізу саласында да борышкердің мүдделерін қорғау мақсатында борышкерге тыйым салынған жылжымайтын мүлікті өз бетінше сату құқығын беру ұсынылды, сату бағасын 75 проценті деңгейінде төмендету шегі белгіленді, аукционды өткізу тәртібіне өзгерістер енгізілді", - деп атап өтті сенатор.

Бұдан бөлек, заң жобасында бағалаушылардың қызметіне қойылатын талаптар да қатаңдатылған.

Бүгін сенаттың арнайы комитеті заң жобасын тағы қарап, екінші оқылымға шығарған. Сол кезде депутаттар қарызды өтеуге қатысты түзету енгізді. Бұдан басқа да өзгерістер бар. Осыған байланысты сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын барлық түзетумен бірге мәжіліске қайтарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1948204-parlamentte-kredit-algandardyn-maselesine-qatysty-zan-zobasy-qaraldy/