Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда зейнетақы жинақтары қалай қорғалады

Опубликовано:

Зейнетақы жинақтарының қорғалуы
Фото: facebook.com/enpf.kz

Біз еңбек жолымызда өзіміздің зейнетақы жинағымызды қалыптастырамыз. Бұған кемі 30, тіпті 40 жыл кетеді. Осы уақытта қаржылық тоқырау, инфляцияға әсер ететін валюта бағамының өзгеруі секілді түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Бәрімізді зейнетақы жинағымыздың қалай қорғалып жатқаны алаңдатады. Сондықтан біз зейнетке шыққанша зейнетақы жинағының сақталуына кім жауап береді? Болашақ зейнетақымызды есептеуде инфляция деңгейі ескеріле ме?

Мемлекеттік кепілдік дегеніміз не?

Бұл сұрақтың жауабы ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 5-бабында жазылған. Онда: «Мемлекет алушыларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының зейнет жасына толуы кезінде, инфляция деңгейiн ecкepe отырып, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi», - делінген.

NUR.KZ тілшісі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) осы туралы сұрап, толыққанды жауап алды.

Қордың мәліметінше, азамат зейнеткерлікке шыққанда оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан барлық кезеңі бойынша инфляция деңгейі ескеріле отырып, жеке зейнетақы жинағының кірісі автоматты түрде есептеледі. Егер жинақталған зейнетақы қаражатының кірісі бүкіл кезең ішінде инфляция деңгейінен төмен болса, бұл айырманы мемлекет республикалық бюджеттен өтейді. Бұл қаржы нарығындағы оқиғалардың қалай өрбігеніне және инвестициялық кіріс жағдайына қарамастан салымшылардың жинақтары инфляциядан сенімді қорғалғанын көрсетеді.

Мұның бірегей механизм екенін және тек Қазақстанда ғана жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Мысалы, ең тиімді зейнетақы жүйелерінің бірі жұмыс істейтін Германияда қорлар зейнеткерлікке шыққан сәтте екі пайыздан сәл ғана жоғары табыс мөлшерлемесін уәде етеді. Чилиде басқарушы компаниялар таңдалған қор түріне байланысты инвестициялық кіріске кепілдік береді, бірақ ол соңғы 3 жылдағы орташа алынған нақты кірістің 2%-нан кем болмауы тиіс. Ал Австралия, Израиль, Мексика, Швеция және Норвегия сияқты елдерде үкімет зейнетақы ақшасының сақталуына ешқандай кепілдік бермейді.

Мемлекеттік кепілдік төлеміне кімдер үміткер бола алады?

Сонымен мемлекеттік кепілдік салымшыларға зейнетақы төлемдерін алу құқығы келген кезде төленеді.

Мемлекеттік кепілдік төлемін алу құқығы келесілерге беріледі:

  1. Зейнет жасына жеткен кезде – зейнет жасына толған күні;
  2. бірінші немесе екінші топ мүгедектігі мерзімсіз кезеңге белгіленген кезде – зейнетақы жинағын шешіп алу күні;
  3. зейнетақы жинағын міндетті зейнетақы жарналарынан, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан сақтандыру ұйымдарына аудару – зейнет жасына жеткен күні, жинақталған зейнетақы қаражатын сақтандыру ұйымына аударған күннен бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейінгі кезеңде;
  4. Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар – БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алған күні;
  5. тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсатында зейнетақы жинақтарын алып қойған, сондай-ақ, зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді сенімгерлік басқаруға берген тұлғалар – зейнеткерлік жасқа толған күннен бастап салымшының уәкілетті оператор ашқан арнайы шотына біржолғы зейнетақы төлемдерін соңғы аудару және (немесе) жинақталған зейнетақы қаражатын инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берген күні;
  6. өзі қайтыс болған жағдайда төлемге құқығы бар тұлғаның мұрагерлері.

Мемлекеттік кепілдік қалай төленеді?

Мемлекеттік кепілдікті есептеу мен төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ (мемлекеттік корпорация) жүзеге асырады.

Мемлекеттік корпорация 2018 жылдың қазан айынан бастап «бір терезе» қағидаты бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындауға (алуға) өтініш қабылдауды бастағаны белгілі. Бюджеттен мемлекеттік зейнетақы тағайындауға (жасы бойынша ортақ зейнетақы және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі), сондай-ақ, БЖЗҚ-дан жинақталған зейнетақы алуға (міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МЗЖЖ) есебінен), бір өтінішпен және құжаттар тізбесімен тек мемлекеттік корпорацияның Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) жүгінуі қажет.

Берілген өтініштің негізінде алушыға мемлекеттік кепілдікті төлеу бойынша белсенді қызмет (яғни, салымшының өтінішінсіз) көрсетіледі, атап айтқанда (МЗЖ, МЗЖЖ мен нақты төлеген сома арасындағы айырмашылық инфляция деңгейін және зейнетақы жинақтарының сомасын ескере отырып төленеді).

Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен қажетті құжаттар тізімі мемлекеттік корпорацияның сайтында орналасқан.

Инвестициялық портфельді басқарушыға аударылған жинақ қалай қорғалады?

Мемлекеттік кепілдік беру туралы жоғарыда айтылғандардың барлығы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің басқаруындағы зейнетақы жинақтарына қатысты.

Алайда 2021 жылы салымшылар өз жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельдерді басқарушыларға беру құқығына ие болды. Олардың сақталуына кім кепіл бола алады?

Егер салымшы өз жинағының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) берсе, онда оған мемлекет кепілдік бермейді. Алайда басқарушы компания зейнетақы активтерінің ең төменгі кірісін қамсыздандыруға міндетті. Ең төменгі кіріс деңгейі нарықта жұмыс істейтін ИПБ-ға берілген барлық зейнетақы жинақтарының орташа кірісі бойынша есептеледі. Белгілі бір ИПБ-да зейнетақы активтерінің номиналды кірісі мен нарықтағы зейнетақы активтері кірісінің ең төменгі құны арасындағы теріс айырмашылық болған жағдайда, ИПБ бұл теріс айырмашылықты өз меншігіндегі капитал есебінен өтейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1948970-qazaqstanda-zeinetaqy-zinaqtary-qalai-qorgalady/

pixel