Министрлік елімізде қаңтардан бастап кімдердің жалақысы өскенін хабарлады
Жарияланған күні:
Қазақстанда педагогтардың, медицина және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы өсті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтар мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30 пайызға өскен.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырманы орындау үшін 2020 жылдан бастап шамамен 600 мың педагогтің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, ал 2021 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды.
2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есе өседі.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 21 мың жұмыскердің лауазымдық айлықақылары 25 пайызға арттырылды. Жалақының өсуі өз қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, үйде қызмет көрсету ұйымдарында, уақытша болу ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшы құрам мен негізгі персоналға (әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, медицина қызметкерлері және т.б.) қатысты болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 50 пайызға өсті.
Сондай-ақ, 2021 жылы әкімшілік және қосалқы персоналдың, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, үйде қызмет көрсету және уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысы қолданыстағы қосымша ақының мөлшерін лауазымдық жалақыдан 30 пайыздан 40 пайызға өзгерту арқылы арттырылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталып, ол 591 мың адамға әсер етеді. Нәтижесінде, 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1950997-ministrlik-elimizde-qantardan-bastap-kimderdin-zalaqysy-oskenin-xabarlady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.