Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ештеңе арзандамайды": Қаңтар оқиғасынан кейін жылжымайтын мүлік нарығын не күтіп тұр

Жарияланған күні:

пәтер
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қаңтар оқиғалары елімізде бірқатар әлеуметтік-экономикалық қиындықтың туындауына себеп болды. Қазақстандықтар үшін тұрғын үй мәселесі өзекті болып қала береді. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі соңғы жағдайлардың ел тұрғындарын елеңдеткен баспана нарығына қалай әсер ететіні туралы жазады.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"7-20-25" ипотекалық бағдарламасына өзгерістер енгізілді

Қазақстанның бірқатар өңірінде болған жаппай тәртіпсіздік еліміздің экономикалық ахуалына жүк артты. Еліміз бойынша 1200-ден астам бизнес субъектілері зардап шегіп, 100-ден аса сауда үйі және банк филиалдары тоналды.

Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджіне айтарлықтай нұқсан келді. Оны қайта қалпына келтіруге мамандар ондаған жылдар кететінін айтуда.

Тәртіпсіздікдің ауыр зардабын әсіресе Алматы қаласы тартып отыр. Осы орайда соңғы жайттардың еліміздің ең ірі қаласындағы жылжымайтын мүлік нарығына әсері туралы ойын риелтор маман Арнай Асқаров бөлісті.

Оның сөзінше, биыл қала бойынша баспана нарығы жаңа жылдан кейін енді жандана бастады.

"Жаңа жылдық мерекелерден кейін қалада пәтер сату бойынша ұсыныстар көбейді, бірақ ол былтырғы жылмен салыстырғанда төмен. Биыл интернеттің бұғатталуына байланысты нарық кешірек жанданды десек болады. Ал бағаларға келер болсақ, қазір тұрғын үй маркетплейстерінде Алматыда қолжетімді пәтердің шаршы метрінің орташа бағасы 500 мыңнан жоғары", - дейді Арнай Асқаров.

Риелтордың пікірінше, қаңтар оқиғасы жылжымайтын мүлік бағасына әсер етпеуі мүмкін. Тек біразға дейін нарық тұрақты бағаны ұстап тұрады.

"Алайда ештеңе арзандамайды, бұл үрдіс әлі жалғаса береді. Бір нәрсені түсініп алу керек, нарықта ешкімге қажет емес тауар ғана арзандайды. Ал пәтерге әрқашан сұраныс бар", - дейді маман.

Айта кету керек, тұрғын үй бағасы елімізде әсіресе 2021 жылдың екінші жартысында күрт қымбаттады.

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, тұрғын үй бағасының өсуіне Ресейден тасымалданатын құрылыс материалы, атап айтқанда, арматураның қымбаттауы тікелей әсер еткен.

"Тұрғын үйдің қымбаттап кетуі туралы айтар болсақ, бір ғана мысал - Ресейден келетін арматуралардың қатты қымбаттап кетуі. Оның бағасы екі есеге өсті. Нәтижесінде бізде қымбатшылық орын алып жатыр.

Бірақ заңды сұрақ туындайды - біз өзіміз арматура шығармаймыз ба? Біз де шығарамыз, бірақ өкінішке қарай, нарықтың 50 пайызына дейін қамтамасыз ете аламыз. Қалған пайызын өндіре алмаймыз.

Онда неге үкімет өзіміз өндіре алатындай өндірістік қуат болса сол компанияларды кеңейтпейді? Тиісінше түпкі өнім халыққа қатты ауыр соқпайтын еді.

Президент жақында сөйлеген сөзінде осыған да мән берді. "Атамекен" палатасына осы бағаларды реттеуге араласуын тапсырды. Үкіметке тиісті тапсырма беретінін айтты.

Үкімет сырттан келетін тауарлардың номенклатурасын дайындайды. Және өзімізде өндірілетін тауар тізімін анықтайды. Сосын сол тауарды елімізде толығымен өндіруге, өзімізді өзіміз қаматамасыз етуге күш саламыз, ақшаның бәрі сол жаққа жұмылдыратын болады", - дейді экономист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1951652-estene-arzandamaidy-qantar-oqigasynan-keiin-edegi-zylzymaityn-mulik-narygyn-ne-kutip-tur/