Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық полицейлер мен олардың жанұясы қандай жеңілдіктерге ие

Опубликовано:

Алматы
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстандық полиция қызметкерлері мен олардың жанұясы қандай жеңілдіктерге ие. Бұл сауалдарға Sputnik Қазақстан жауап іздеді.

Тұрғын үй төлемдері

  • "Құқық қорғау органдары туралы" заңның 68-бабы бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлері мемлекеттік тұрғын үй қорынан бiрiншi кезекте баспанамен қамтамасыз етiлу құқығын пайдаланады.
  • 2014 жылы "Қазақстанның ішкі істер органдары туралы" заң қабылданды. Оған сәйкес, жедел, тергеу және арнайы бөлімшелердің қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үйдің орнына баспананы жалға алғаны үшін ай сайын өтемақы төленеді.
  • 2019 жылдан бастап тұрғын үй төлемдеріне патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлар да ілікті. Соның ішінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар да бар.

2021 жылдың 1 қаңтарынан баспана төлемі учаскелік инспекторлар көмекшілері, арнайы мекемелер мен конвой қызметі, мамандандырылған күзет және кинология бөлімшелері, қылмыстық-атқару жүйесі сотталғандар еңбегін ұйымдастыру бөлімшелері мен медициналық бөлімшелер, кезекші бөлімдер мен жедел басқару орталықтарының қызметкерлеріне төлене бастады.

Төлемдерді баспана арендасына, ипотекалық бағдарламалар аясында тұрғын үй сатып алуға, құрылысқа үлестік қатысу кезінде жарна төлеуге жұмсауға болады.

Егер ерлі-зайыптының екеуі де полиция қызметкері болса, тұрғын үй төлемі тек біреуіне ғана төленеді.

Полицей қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмса, баспана төлемін алу құқығы марқұмның отбасына өтеді.

Қандай жағдайда тұрғын үй төлемі марқұмның отбасына бірелмейді

Егер қызметкер:

  • өз-өзін өлтіруге дейін жеткізуді қоспағанда, өзіне қол жұмсаса;
  • қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық жасау кезінде;
  • алкоголь, есірткі, психотроптық заттарды қолдану салдарынан;
  • қызметтен жалтару мақсатында өзіне қасақана дене жарақатын келтіру салдарынан көз жұмса.

Қызметтік баспана

Асыраушысынан айырылған ішкі істер органдары қызметкерінің отбасын басқа баспана берілгенше өздері тұратын қызметтік тұрғын үйден немесе қызметтік тұрғын үйге теңестірілген үйден шығаруға болмайды.

Ішкі істер органдарында қызмет өткеру кезінде қаза тапқан полицейдің отбасы марқұмның еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспананы өтеусіз жекешелендіріп алуға құқылы.

Ішкі істер органдарының берілген қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге құқығы бар зейнеткері қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы оның отбасына өтеді.

Коммуналдық шығындарды өтеу

Сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлеріне коммуналдық шығындар үшін ақшалай өтемақы төленеді. Оның мөлшерін республикалық бюджет айқындайды.

Әлеуметтік жәрдемақы мен өтемақы

Егер полицей қызметіне байланысты бiр елді мекеннен 50 шақырымнан асатын қашықтықтағы екiншi елді мекенге қоныс аударса, оған екi айлық еңбекақы мен өзімен бірге көшкен әрбір отбасы мүшесіне жарты айлық еңбекақы мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленедi. Сонымен қатар, он тоннаға дейінгі жеке мүлкінің тасымалына және теміржол, су, автомобиль көлігінің жолақысына кеткен шығындар мемлекет есебінен өтеледі.

Ішкі істер органдарында жұмыс істеген кезеңде мемлекеттік наградалар – ордендермен марапатталған қызметкерлерге қызметтен босатылған жағдайда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері екі айлық еңбекақыға артады.

Полиция қызметкері қызметтiк мiндетiн атқару кезінде мертiксе, оған бiржолғы өтемақы төленедi, ал қаза тапқан жағдайда оның отбасына беріледі.

Сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлері мен олардың отбасына, сондай-ақ ішкі істер органдарының зейнеткерлеріне мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсетіледі.

Полиция қызметкерлеріне зейнетақы мен мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу Қазақстан заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1955907-qazaqstandyq-policeiler-men-olardyn-zanuyasy-qandai-zenildikterge-ie/

pixel