Елімізде автонесиеге қатысты жаңа бағдарлама қашан іске қосылады
Опубликовано:

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Қазақстанда автонесиеге қатысты жаңа бағдарлама қашан іске қосылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.
Бұл туралы министрдің орынбасары орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында сөз қозғады.
"Алғашында бастапқы 20 пайыз жарнаны тек әлеуметтік осал топтардың төлемеуін қарастырдық. Мысалы, жас отбасылар, дәрігерлер, оқытушылар, мұғалімдерді босату ойымызда болды. Халықты көбірек қамту үшін қарастырып отырған екінші бағытымыз кеше вице-премьер Роман Скляр айтқандай, барлық азаматқа бастапқы 20 пайызды бірден төлемеу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз", - деді Марат Қарабаев.
Оның сөзінше, жаңа бағдарламаны толыққанды дайындау үшін аздаған уақыт керек.
"2 апта уақыт беріңіздер, содан кейін біз сіздерге келіп, мына күннен бастап бағдарлама іске қосылады, қағидалары мынадай деп айтып береміз", - деді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1957705-elimizde-avtonesiege-qatysty-zana-bagdarlama-qasan-iske-qosylady/