Ұлттық банк валюта айырбастау операцияларына қатысты мәлімдеме жасады
Опубликовано:

Ұлттық банк ресми сайтында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізген уақытта Қазақстан республикасының заңнамасын сақтау қажеттігін еске салды.
Қаржы ұйымының мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ел аумағында қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын тек екінші деңгейлі банктер мен өздеріне берілген лицензия негізінде банктік емес айырбастау пункттері ғана жүргізуге құқылы.
"Қолма-қол валюталарды жоғарыда көрсетілген валюта айырбастау пункттері арқылы айырбастау – қаржы қызметін пайдаланушылар құқығының қорғалуын қамтамасыз етеді", - дейді Ұлттық банк.
Сондай-ақ, Ұлттық банк тиісті лицензиясыз айырбастау операцияларын жүргізу заңсыз кәсіпкерлік түріне жататындығын, ол үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 155, 463-баптары және Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
"Заңсыз делдалдар, оның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы айырбастау операцияларын жүргізуді ұсыну – заңсыз саналады және жалған монета жасаушылармен мәміле жасау қаупін тудырады", - дейді қаржы ұйымынан.
Осы орайда Ұлттық банк жұмыс істеп тұрған банктік емес айырбастау пункттерінің мекенжайы мен қосымша ақпараттарды ҚҰБ-тың сайтынан алуға болатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Ұлттық банк қазіргі уақытта ел аумағында валюта айырбастаудың, төлем карточкаларын пайдалану, онлайн-банкинг секілді балама түрлері де қарастырылған, олар әлдеқайда қолжетімді екенін әрі 24/7 режимінде қызмет көрсететін еске салды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1961544-ulttyq-bank-valyuta-aiyrbastau-operaciyalaryna-qatysty-malimdeme-zasady/