Пәтер жалдап тұратын қазақстандықтардан субсидияға өтінім қабылдау басталды
Жарияланған күні:
"Отбасы банк" жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінім қабылдайтын платформа іске қосылғанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Банк мәліметінше, субсидиялау бағдарламасына қатысқан 17 000 адамға "Отбасы банкінен" өтінім беруге қатысу туралы SMS-шақырту жіберілген. Сәуір айында олар онлайн режимде өтінім тапсырып, банк мақұлдауын алуы қажет.
Отбасы банкі таратқан мәліметке сәйкес, өтінім қабылдап, оны өңдейтін сандық платформаның Қазақстанда баламасы жоқ. Сондықтан банк қызметкерлері алғашқы өтінімдер жолданған кезде қателіктер болуы мүмкін екенін және оларды IT мамандар тез арада жойып отыратынын ескертті.
Жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады. Олар:
- 1 және 2 топтағы мүгедектер;
- мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
- көпбалалы отбасылар.
Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 ж. жағдай бойынша) аспауы тиіс.
"2022 жылы азаматтарды қолдауға 50 млрд теңге қарастырылған. Оның 40 млрд теңгесін республикалық бюджеттен алу көзделсе, 10 млрд теңгесін жергілікті әкімдіктер бөледі. Бюджеттен қаржыландыру мамыр айында күтілуде. Жаңа бағдарлама шамамен 70 000 адамды қамтымақ, олар жалдау ақысының 50% алады. Қазақстандықтар қысқа мерзімде, кезексіз өтінім беруі үшін біз бүкіл процесті онлайн режимге ауыстырдық", - дейді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. Сондықтан азаматтар оны алдын ала алуы қажет немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның жұмыс істеп тұрғанын тексеруі керек.
Айта кетейік, субсидия алуға үміткер депозиті бар Отбасы банк клиенті болуы тиіс. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе Otbasy bank мобильді қосымшасы арқылы оны аша алады.
Жалдамалы пәтерді қазақстандықтар өздері іздейді. Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімінде деректерін растайды.
Айта кетейік, "Отбасы Банк" жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады.
Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1965569-pater-zaldap-turatyn-qazaqstandyqtardan-subsidiyaga-otinim-qabyldau-bastaldy/